Қариялар құлдықта жүр – бұған полиция қызметінің қатысы қандай?

Қариялар құлдықта жүр – бұған полиция қызметінің қатысы қандай?

Қариялар құлдықта жүр – бұған полиция қызметінің қатысы қандай?
ашық дереккөзі
Ресейлік «Прямой эфир» бағдарламасының кешегі саны Мәскеуге жұмыс іздеп келіп, бәз біреулерге алданып, құлдыққа түскен қарияларға арналды. Қаладағы еріктілер тобы құлдықтың құрығына ілініп, қайыршылықпен айналысып жүрген Нина Пресяжнюк есімді әжейді құтқарған. Украинадан келген 70-тен асқан қария бұрын жедел-жәрдем дәрігері болып қызмет атқарған. Зейнетке шығып, бейнет көремін деп ойлаған әжей тағдырдың тәлкегіне түсіп, қызмет қылуға Мәскеуге келеді. Алғашында метроның еденін жуып, күнін көріп жүрген. Оған Наталья есімді орта жастағы келіншек жолығып, қарттарға арналған жеңіл жұмыс бар екенін айтып, алдап пәтерге апарған. Онда ұрып-соғып, құжатын тартып алған және күн сайын қайыр тілеуге мәжбүрлеген. Әжейдің айтуынша, өзімен бір пәтерде тұратын кемпірлер көп. Әрқайсысы күніне 30 мың рубльден (185 мың теңге) көп ақша табады. Түскен ақшаның бір тиынына дейін әлгі қарақшыларға тапсырады. Жұмыс істеуге шыққысы келмейтін қарияларды ұрып-соғып, жазалайтын көрінеді. Ал біреуден көмек сұрап, қылмыскерлердің ісін әшкерелеген қарттарды өлтіруге дейін барады екен. Нина әжейдің қорыққаны соншалық, ол басында полиция бөлімшесінде де өзі қауіпсіз сезіне алмай, бар шындықты ашылып айта алмады. Бағдарлама журналистерінің зерттеуіне сүйенсек, мұндай мафияның артында құқыққорғау органдары тұрған көрінеді. Бейнесюжетте полицейлердің бұл қылмысты тыңғылықты зерттеудің орнына, артын жауып әлек болғаны айқын көрініс тапқан. Бұған қоса, еріктілер Нина әжей үстінен қарайтын Наталья есімді келіншекті бірге ұстап бергеннің өзінде, оның құжатын сұрамай, жібере салғаны да көңілге күдік ұялатады. Қайыр сұрап тұрған қарттардың формадағы құтқарушыларға сенбейтіні де, олардан көмек сұрамайтыны да сондықтан болса керек. Мамандар Ресейде өткен футбол чемпионаты кезінде Мәскеу көшелерінде бірде-бір қайыршы болмағанын тілге тиек етіп, оларды басқарып отырған орталықтандырылған жүйе бар екенін айтады. Әйтпесе, миллиондаған қайыр сұраушыларды бір күнде жоқ қылып жіберу әсте мүмкін емес. Сондықтан, бұл істің түп-тамырымен күресу керектігін алға тартты.