13 Қаңтар, 18:04 643 0 Шоу-бизнес Анар ЛЕПЕСОВА

Димаштың Крутоймен келіспей қалғаны рас па?

Димаш Құдайбергеновтің ресейлік танымал композитор Игорь Крутоймен серіктестігін үзгені рас па? Әншінің ресми өкілі қазақстандық өнер иесінің шығармашылығына қатысты қауесеттерге жауап берді. 

Димаш Құдайбергеннің кезекті жүлдесін алып, Қытайдағы "Ең үздік әнші" атанғаны сол еді, желіде өнер иесінің композитор Игорь Крутоймен серіктестігін бұзғаны туралы хабар тарады, деп жазады Nur.kz. 

Ресейлік дереккөзге сілтеме жасаған кейбір қазақстандық басылымдар әншінің Крутоймен қош айтысып, оңтүстік кореялық продюсер Сонг Кван Сикпен ынтымақтастық орнатқанын хабарлады.

Алайда "ДимашАли" шығармашылық орталығының ресми өкілі Назым Жанғазинова аталған ақпаратты жоққа шығарды. Анықталғандай, Димаш о бастан бейжіңдік "BG Talent" компаниясымен бірге жұмыс істейді.

Сонымен қатар, музыкант АҚШ-тың BMG Еntertainment компаниясының өкілдері мен Швеция, Англия, Корея, Қытай, Франция, Ресей және басқа да елдердің композиторларымен шығармашылық байланыста екен.

"Соңғы кездері желіде Димаш Құдайбергенов пен композитор Игорь Крутойдың шығармашылық қарым-қатынасына байланысты шындыққа жанаспайтын ақпараттар легі көбейе түсті. Түсіндіруге рұқсат беріңіздер...Әртістің барлық продюсерлік қызметі "ДимашАли" шығармашылық орталығымен іске асады.Игорь Крутой мен Димаш Құдайбергеновтің арасында бүгінгі таңға дейін келе жатқан шығармашылық және достық қарым-қатынас орнаған. Игорь Крутойдың компаниясымен бірге 2020 жылға жоспарланған барлық концерттер график бойынша жүзеге асады", - деген Назым Жанғазинова бұдан әрі күмән тудыратын дереккөздерден алынған ақпаратты қолданбауға шақырды.

Соңғы жаңалықтар