Құрмаш Махан үш тілде ән шырқайды

Құрмаш Махан үш тілде ән шырқайды

Құрмаш Махан үш тілде ән шырқайды
ашық дереккөзі
«Аңсарым», «Жан сырым», «Кездесу мен қоштасу», «Сүйгенің болса не арман?», «Армандадым адам боп жаралған соң»... Ол кісінің әндері тұнып тұрған лирика, романтика, философия. Әрбір әні елітіп әкетеді, тыңдаушысының жүрегін тербейді, сондықтан болар ол кісіні халық үнемі тыңдағысы келіп, сағынып тұрады.  Ол – Құрмаш Махан.   – Сіз сахнаға халықты сағын­­дырып шығасыз. бұл өзіңіз­­дің өнер жолында таңдаған бағы­­тыңыз ба әлде сахнаға жиі шы­қ­­қанды ұнатпайсыз ба? – Маған салса күнде сахнадан та­былар едім. Әрбір өнерпаздың ар­ман-мақсаты көрерменмен жиі қауы­шу ғой. Мен де көрерменге өзім­нің туындыларымды таныстырып, жүрегімнен шыққан дүниені жү­рекке жеткізгім келеді. Әрине, он­дай мүмкіндік болса, қәне? Соңғы кезде мүлдем фонограммамен ән айтқым келмейді. Ел арасында «плюс» деп аталатын жансыз, студия­да жазылған дауыспен ән айтуға құлқым жоқ. Аранжировкаға қосылып жанды дауыста «минуспен» сахнаға шыққым келмейді. Мүм­кіндік болса, кем дегенде 2 инструмент болса да, жанды дауыста айтқым келеді. Сахнада жиі бой көр­сетпеуімнің бір себебі осында жат­са керек. Ал өзім шақырған жерден қалмаймын, ал шақырмаған жерге бармаймын. Бүгінде телеарналар рейтингке тәуелді болғандықтан, заман талабына ілесіп жүрген танымал әншілерді шақырады. Мүмкін менің жиі көрінбеуім осындай шақыртуларға да байланысты шығар. Өйткені кейде мен «аспаптардың сүйемелдеуімен жанды дауыста ән айтатын болсам қуана-қуана барамын» деп талап қоятыным бар. Өзім жалпы шығармашылығымды бастаған кезден кез келген дү­ниені асықпай жазатын адаммын. Бір әнді, шығарманы керек болса бір жыл бойы жасауым мүмкін. Өйткені мен сапалы, кәсіби дүниелерді жасағым келеді. Фольк­лорда болсын, дәстүрде болсын әлемдік деңгейдегі шығармаларымыз жеткілікті. Ата-бабаларымыздан қалған сара жол бар, соны мен де жүріп өтіп, солардың бір тұяғы болғым келеді. – Ән таңдауда не нәрсеге мән бересіз? – Ән дегеніміз – адамның әр кезеңдегі көңіл күйіне байланысты жазылатын шығарма. Мен шығармашылығымды кәсіби маман, сазгер, мықты музыкант Б.Омаровтың әндерімен бастадым. Өнер жолында ол кісіден алған тәрбием көп, бас­қа да ұстаздарымнан үйренгенімді  іске асыруға тырысқан адам­ның бірімін. Жасап жатқан дүниенің мақсаты үлкен болса, оның сапасы да жоғары болады. Ән таңдауға және жазуға келгенде өте үлкен жауапкершілікпен қараймын. Өйткені тыңдарман әр әннен өзін көргісі келеді. Мен үшін өзіңнің жақсы көрген кәсібіңмен айналысу және жатпай-тұрмай іздену маңызды. Білім шексіз, қанша ізденсең де артық болмайды және оның түбіне жету мүмкін емес. Өзім күнделікті ізденіс үстінде жүремін. Жазылып қойған және жаңадан жазылып жатқан әндер көп. Алдағы уақытта осы әндер тыңдармандарға жол тартады деген үміттемін. – Өзіңіз білесіз, бүгінде той-томалақ әншілердің негізгі табыс көзіне айналды. Қазақтың ән өнерінің қоржыны тек тойға арналған әндермен толығып жатқан жоқ па?  – Мені тойға жиі шақырады деп айта алмаймын, бірақ ара-тұра тойға барып тұрамын. Репертуарымдағы әндерім ойлы, философиялық мағынасы бар, лирикалық шығармалар болғандықтан тойға көп шақыра бермейді, өзім де тойдан гөрі сахнаны көбірек аңсаймын. Негізі тойға барсаң халықтың тыңдағысы келген дүниелерді ғана орындайсың, ал сахнада өзің қалаған әнді айтасың. Той болғаннан кейін адамдар жеңіл әндерге билегісі келеді. Тойда әннің сөзіне мән беріп, назар аударатын жан бірен-саран. Қай саланың маманы болмасын, әр адам түпкі мақсатына сай жұмыс істейді. Менің мақсатым – тойға шығып танымал болу немесе мол ақша табу емес. Бір ән жазсам да халықтың пайдасына тиетін, адамға ой салатын, рухани және мәдени азық алуына себепкер болатын ән жазғым келеді. Бұл кейбіреуге пафос болуы мүмкін. Бірақ адам ретінде, азамат ретінде де өзімнің жасап жатқан дүниемнен өзім де ләззат алуым керек. Ал ол үшін кәсіби, таза шығармашылықпен айналысуым қажет деп ойлаймын. – Тойға тапсырыспен өлең жазған кезіңіз болды ма? – Қыз ұзату, сүндет той, мерейтойға арнап ән жазу туралы тапсырыстар болады. Халықтың қуанышына арналған әндер бұрын да болған. Егер сол әннің жазылуына лайықты адам болса, халықтың керегіне жарайтын шығарма болса, неге жазбасқа? Қуана-қуана жасауға болады. Бір күндік, бір сағаттық дүние жасау мақсатында ұсыныс тасталатын болса, ойланбастан бас тартуым мүмкін. – Қаңтар айында Нұр-Сұлтан қаласында жеке шығармашылық кеш өткізуді жоспарлап отырсыз. Бұл кештің ерекшелігі қандай болмақ? – Орталық концерт залының кіші камералық залында 27 қаңтар күні жанды дауыста кеш өткізбекпін. Бұл – өзім қызмет ететін «Қазақконцерттің» жоспарлы концертінің бірі. Кеш «Анаға арнау» деп аталады. Өкінішке қарай, әкем бала кезімде дүние салды, анамның дүниеден қайтқанына да 8 жылдай уақыт өтіпті. «Жазмыштан озмыш жоқ» дейді. Анамның көзі тірісінде арнап ән жазбаппын. «Анаға арнау» деген романсым сол кеште орындалады. Бұл кештің тағы бір ерекшелігі – қазақ әндеріне қоса халық әндерінің орындалуы. Абайдың, Ақан серінің әндерін орындайтын боламын. Репертуарыма халық әндерін қоса бастадым. Жасым келген сайын, мен бір нәрсені білдім, түйдім деген сайын өзіміздің ұлттық колоритқа, ұлттық фольклорға көп мән бере бастадым. Бізде осыдан артық қазына, байлық жоқ екеніне 100 пайыз көзім жетті. Концерттің екінші блогы – романстар. Бұл жерде шығармашылығым мен өміріме тікелей байланысты кейбір романстарды қазақ, орыс және ағылшын тілінде орындаймын. Бұл – қазақтың халық әндері мен романстардан құралған кішігірім концерт болғалы тұр. – Еліміздің аймақтарын аралап концерт беру жоспарыңызда бар ма? – Биыл 25 сәуірде Орталық концерт залында эстрадалық симфониялық оркестр көмегімен берген өзімнің тұңғыш жеке кешімді алдағы уақытта Алматы қаласында да өткізсем деген жоспарым бар. Одан кейін жанды дауыста бүкіл Қазақстанды аралап шығуды ойлап отырмын. Біздің тыңдарманның сапалы, жанды дауыстағы әдемі концерт көруге толықтай құқы бар. Әрине, өнерпаздың жанды дауыста ән айтуға құлқы мен қызығушылығы болса, соны мақсат тұтса, бұл әр өнерпазға жарасатын дүние. Жалпы, концерт ұйымдастырушылар тарапынан жанды дауыстағы концерттерге аса бір қызығушылық жоқ. Сондықтан мұндай концертті ұйымдастыру қиын. Осы қиындыққа қарамастан еліміздің түкпір-түкпірін аралап, ауылдық жерлерге барып жанды дауыста концерт қойғым келеді. Қазір осының жолын іздеудемін.  

Сұхбаттасқан

Арайлым  ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ