Жаңалықтар

«Біз Абай жолындамыз»

ашық дереккөзі

«Біз Абай жолындамыз»

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласына орай Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Біз Абай жолындамыз» деген атпен зерделеу шарасы өтті. Іс-шара барысында сөз алған ЕҰУ ректоры Е. Сыдықов: «Биылғы жыл Президент жарлығымен Абайдың 175 жылдығын атап өтетін жыл. Жылдың басынан бастап бұл мерейтойға үлкен дайындық басталды. Дайындықтың басы – Президенттің мақаласы деп есептейміз. Мақала ерекше жазылған, былай қарасаңыз тілі қарапайым. Бірақ арғы жағында терең ойлар мен бағыттар жатыр. Біз Абайды тануға жаңаша келуіміз керек. Биылғы мерейтойы арқылы Абайды тануға, зерттеуге, зерделеуге ұмтылуымыз қажет. Президентіміздің мақаласы арқылы Абай шығармаларын тағы да бір оқып,  үнемі бойтұмар етіп ұстап, өзіміздің өмірлік стандартымызға айналдырайық», –  деді. Шара барысында ЕҰУ-дың студент жастары эстафета бастап, ректор Е.Сыдықов қостап М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясын оқыды. Ректор Е.Сыдықов эстафетаны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғ.Мұтановқа, қазақтың атын әлемге танытып жүрген дүлдүл әнші Д.Құдайбергенге және Олимпиада чемпионы С.Сәпиевке жолдады. Кеш соңында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбай Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін орындап тыңдармандарды тәнті етті.

Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ