Лотерея ойнату – харам – Діни басқарма
Лотерея ойнату – харам – Діни басқарма
«Лотерея ойнату құмарға жатады» дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров aikyn.kz сайтына берген сұхбатында.
«Құмар – кездейсоқ сәттілікке үміттеніп, ұтыс мақсатымен ақша, құнды зат тіге отырып ұту немесе ұтылуды білдіреді. Шариғатымызда құмар ойындарға қатаң түрде тыйым салынған. Алла Тағала Құранда былай дейді: «Олар [адамдар] сенен (уа, Пайғамбар) арақ пен құмар туралы сұрайды. «Ол екеуінде үлкен күнә және адамдар үшін кейбір пайдалар бар. Алайда пайдасынан күнәсі көп» деп айт» («Бақара» сүресі, 219-аят).
Аяттағы «мәйсир» сөзі құмар деген мағынаны білдіреді. Яғни, біреудің ұзақ уақыт бойы еңбектеніп тапқан ақшасын құмар ойыны арқылы оп-оңай, жеңіл жолмен алғандықтан «мәйсир» деп аталған. Құмар ойынына карта, нарда, ойын автоматтары, рулетка, лотерея, букмекерлік кеңсе т.б. жатады. Кең таралғаны – лотерея. Оның бірнеше түрі бар. Негізгілері мыналар: 1. Сандық лотерея: белгілі бір мөлшерде сандар басылған билет ретінде сатылады. Кездейсоқ таңдалатын сандар арқылы жеңімпаз анықталады. Бұл құмар ойынында қатысушылардың кейбірі ғана ұтысқа ие болып, жүздеген, мыңдаған адам шығынға ұшырайды. Ұйымдастырушы тарап пайдаға кенеледі. Сол секілді үйді, көлікті, кітапты т.б. заттарды лотерея арқылы ойнатып сату, лотереяның осы түріне жатады. 2. Спорттық лотерея (ойын автоматтары, букмекерлік кеңсе): әртүрлі спорттық жарыстардың нәтижелерін жорамалдап, бәс тігеді. Егер ұтса ставканың мөлшері мен коэффициентіне байланысты ұтысын алады. Ал сәтсіздікке ұшыраса, тіккен ақшасынан айырылады. Лотереяның кез келген түрі құмарға жататындықтан үкімі үзілді-кесілді харам саналады. Оған қандай ниетпен болса да, тіпті билетін тегін алса да қатысуға болмайды. Ибн Аббастан жеткен риуаятта Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағала бір қауымға бір нәрсені жеуді харам еткен болса, онда оның ақшасын алуды да харам етті» (Бұхари, Муслим), – деген. Себебі құмар адал кәсіп емес, керісінше адамдардың мал-дүниесін арам жолмен алу. 3. Жарнамалық лотерея: бұл тауарларды сатуға ынталандыратын лотерея түрі. Мысалы, дүкендерде, сауда орындарында клиенттерді тарту мақсатында тауарларға жүлделер қойып ойнатады. Ол тауарларға белгілі бір номерлер белгілейді. Кейін оны тұтынушы нарықтағы бағасына немесе одан қымбатқа сатып алып, сыйлыққа қол жеткізуі мүмкін» дейді исламтанушы. Кейбір ғұламалар бұл ойынға харам деп үкім берген екен. Яғни, ол елді алдау, құмар болып саналады. Саудагерлер арасында бәсекелестік тудырады. Оның соңы бір-бірін балағаттауға әкелуі мүмкін. Ал шариғатта өзіне де, өзгеге де зиян тигізуге болмайды делінген. «Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінде 2019 жылы 5 желтоқсанда қабылданған пәтуада осы мәселеге байланысты төмендегі үкімдер бекітілді: 1. Кез келген құмар ойыны харам; 2. Сандық және спорттық лотерея құмар ойынына жатады; 3. Жеке мүлікті лотерея арқылы сату харам; 4. Тауарды өткізу мақсатында тігілген сыйлықты мынадай шарттармен ғана алуға рұқсат етіледі: – Тауардың құны нарықтағы бағадан аспауы керек. Егер ұтыс себепті бағасы көтерілсе құмар саналады; – Сыйлыққа жету үшін тауар сатып алмауы қажет. Егер затты керек етпей, тек жүлдеге қол жеткізу мақсатында сатып алса, онда ол мал-дүниені бекер шашқан болады; – Тауар адал әрі пайдалы болуы тиіс; – Сыйлық қатысушы тараптың берген ақшасынан алынбауы керек; – Тұтынушыларға қиянат жасалмауы тиіс әрі тауарды өткізуде алдау, алаяқтық болмауы шарт» дейді Ершат Оңғаров.