Жаңа жылға екі күн қалғанда Шымкент қаласының тұрғыны, 6 баланың анасы Гүлнәр өз-өзіне қол салды. Ана сүтінен әлі ажырамаған кенжесі жақында 2 жасқа толады екен. Үлкені жуырда ғана әскери борышын өтеп келіпті.
"Айқын" газеті жазған мақалада, 6 баласын ана жылуынсыз қалдырған марқұмның бұл әрекетіне қатысты әркім әртүрлі болжам айтады. Көбі жылдар бойы тұрғын үй кезегінде тұрған жалғызбасты ананың кезегі таяп қалғанда әкімдік тарапынан қандай да бір себеппен кезектен алынып тасталғанын айтады. Алайда кейбір ақпарат құралдары мұны жоққа шығарды. Әкімдік мамандары жалғызбасты ананың кезекте әлі бар екенін айтқан. Кезектің уақыты келгенде Гүлнәрға тиесілі тұрғын үй кәмелеттік жасқа толған үлкен ұлына ресімделмек.
Бір қызығы, осы үйлердің жанына биік, әдемі жасыл қоршау қойылған. Арғы бетінің төменгі жағынан «Қошқар ата» өзені ағып жатыр. Буыны ауырып және ас қорыту мүшесі мазалағандарға бірден-бір ем бұлақтың суына келетіндердің қатары көп екені белгілі. Жылдың төрт мезгілінде адам аяғы үзілмейтін бұл демалыс аймағы – ерекше қорғалатын аймақ қатарында. Әсіресе, жаздыгүні халық иін тіресіп жатады. Мемлекет қорғауындағы өзеннің үстіндегі үйлердің сиқы көрінбесін дегені шығар, әйтеуір биік қоршау орнатылыпты.
Ертесіне бейсенбілік өткізіп жатқан үйге тағы соққанбыз. Айқара ашық тұрған есіктен кіргенімізбен бала-шағаны көрмедік. 5-6 көрші-қолаң мен марқұммен бірге жұмыс істеген құрбылары ақша жинап, өздерінше ас беріп жатыр екен. Бүгін де балалардың қайда екенін, жағдайын білмек болып Әл-Фараби аудандық әкімдігіне хабарласқанбыз. Аудан әкімі Ғабит Мәуленқұловпен 2 күн бойы хабарласа алмаған соң тиісті мамандарға хабарластық. Алғашында басшылықтың рұқсатын сұрауға кеткен әкімдік өкілі кейін мәлімет беруден бас тартып, қалалық ішкі саясат басқармасына хабарласуымызды сұрады. Дегенмен аталған басқарманың жауапты маманы да басшылықтың рұқсатынсыз ешнәрсе айта алмайтын болып шықты.Бізді таңдандырғаны және күдіктендіргені де осы болды. Егер мәселе таза болса, неге биліктегілер ашық айтпайды? Бір-біріне сілтеп, жауап беруден жалтарып жүрулерінде не сыр бар? Қалай болғанда да көңілімізде жасырудың артында бір құпия тұр ғой деген күдік қалды. Әйтпесе жерлеуін, жетісін өткізіп, балаларды пәтерге ауыстырып жатыр екен. Ендеше соны неге айтпасқа?! Демек, әкімдіктің де өздерінде кінә болған. Көршісінің айтуынша, сол күні Гүлнәр әкімдік жиналысына қатысқан. Мүмкін, үй алуына қандай да бір қысым болғаны рас па екен, кім білсін?!
Ал Шымкент қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, аталған жайт Әл-Фараби аудандық полиция бөлімінде өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу бабы бойынша тіркелген. Мұндай жағдайға кім жеткізді екен?! Заң әділ шешімін шығарар деген үміттеміз. Әзірге, мәселе одан ары ушығып кетпей, тағы да құрбандар болмай тұрғанда, осы аймақтың тұрғындарын «қайырымды қаланың» қайырымды адамдары жабылып, пенде баласы өмір сүру мүмкін емес аймақтан алып шығу керек. Әйтпесе, мәдени астана атын иемденген мегаполиске келетін қонақтардан ұят болары анық.