ДСҰ-ның ХІІ министрлік конференциясын өткізуге 3 миллиард теңге жұмсаймыз

ДСҰ-ның ХІІ министрлік конференциясын өткізуге 3 миллиард теңге жұмсаймыз

ДСҰ-ның ХІІ министрлік конференциясын өткізуге 3 миллиард теңге жұмсаймыз
ашық дереккөзі
Сауда және интеграция министрлігі «ашық бюджет» саясаты аясында өз бюджетін жария етті. Бақыт Сұлтанов басқаратын мемлекеттік органның 2020 жылға жоспарланған бюджеті – 5 миллиард 943 миллион теңге. Ведомство шығынының биыл еселеп өсуіне (2019 жылы 2 миллиард 706,9 миллион теңге бөлінген еді) Дүниежүзілік сауда ұйымы министрлік конференциясының 12-ші отырысын өткізу түрткі болып отыр. Нұр-Сұлтандағы жаһандық форумға ел қазынасынан шамамен 3 миллиардтай теңге жұмсалады. Мұны 2019 жылдың соңында Мәжіліс депутаттарының депутаттық сауалына жауабында Үкімет басшысы Асқар Мамин растаған болатын. Маминнің мәліметінше, форум қатысушыларының жалпы шығыны – 18 миллиард теңгедей. Соның 2,85 миллиард теңге болатын шығынын Қазақстан өз мойнына алып отыр. Өйткені ДСҰ тек өзінің 200-дей қызметкері мен дамуы кенжелеп қалған 36 кедей ел делегаттарының ұшақпен ұшу және қонақүйде тұру ақысын көтереді. Басқа елдердің қонақүйі, тамағы мен тасымалы біздің елге жүктеліп отыр. Тұтастай алғанда, жиынға ДСҰ-ның 164 мүше елінен сауда министрлері мен депутаттар, сонымен қатар 20 елден бақылаушылар, ірі халықаралық компаниялардың, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары келеді деп күтілуде. Үкімет бюджеттен шығындалатын 3 миллиардтай қаражат ешқайда кетпейтінін, оны қонақүйлер, автокөлік тасымалы, тамақтандыру және фуршет-кейтеринг, медиақолдау және басқа да қызметтер көрсететін компаниялар игеретінін, яғни бизнесті өркендетуге серпін беретінін алға тартады. Олардан тек салық түрінде 240 миллионнан 360 миллион теңгеге дейінгі қаржы бюджетке қайта қайтуы тиіс. ДСҰ-ның ХІІ министрлік конференциясы 8-11 маусым аралығында өтеді деп жоспарлануда. Дүниежүзілік форум өткеннен кейін ведомство бюджеті бұрынғы қалпына қайта оралады. Нақтылай кетсек, 2021 жылы – 2 млрд 785,9 млн, ал 2022 жылы 2 млрд 759,7 млн теңге болады.