Мұрат қашан мұратына жетеді?
Мұрат қашан мұратына жетеді?
Мұрат есімді азаматтың қолына 32 жыл бойы бірде-бір құжат тимеген. Екі-үш жасында әке-шешесінен айырылып, жетім қалған. Ол туралы, отбасы және туған жері жайында мардымды ештеңе білмейді. Бала күнінде көрші-қолаңдары айтып берген кей деректер ғана еміс-еміс есінде қалған.
«Бәрі мені Мұрат деп шақыратын. Әкем атымды Мұрат қойған сияқты. 5-6 жасымда мені Өзбекстан шекарасынан алып өтті. Себебі жанымдағы бір адамдар «сенің кесіріңнен Өзбекстан шекарасынан өте алмай тұрмыз» деген сөзі анық есімде қалыпты», – дейді. Сондықтан ол өзін Өзбекстаннан көшіп келдім дейді. Ақыл-есі дұрыс. Жасы 32 шамасында. Өзінің айтуынша, Өзбекстаннан алып өткен адамдар мұны Қызылордадағы бір құмды ауылға қалдырып кеткен. Сол ауылда біреуге құлдыққа жегіледі. Бірақ 5-6 жастағы бала құлдық дегенді ұқпаған да, малын бағып жүре берген. Ол жерде 4 жыл жүріп, 10-11 жасқа толады. Одан кейін бір адам құжаттарыңды жасап берем деп басқа жаққа алып кеткен. Ол жерде 15-16 жасқа дейін жүреді. Бірақ қолына бірде-бір құжат тимеген. Оқу оқымаған. Өзінің құлдықта жүргенін түсініп, қашып шыққан. Басы ауған жаққа кетеді. Содан бір жерге келсе, бұл Шымкенттің Сарыағаш ауданы екен. Сол жерде тағы біреулердің қолында жұмыс істеп жүріп, Ордабасы ауданында тұратын Талғат Базарбаев деген адамның үйіне тап болады. Ол үйдің Мақсат деген баласымен дос болып жүріпті. Базарбаевтар Мұраттың сандалып жүрген жағдайын түсініп, асырап алады. Өз балаларынан кем көрмеген отбасы «бүгіннен бастап Мұрат Базарбаев боласың» дейді. Бірақ олар да Мұратқа азаматтық алып бере алмайды. Себебі қайда туғаны туралы куәлік қажет депті.
Құжатсыз, жұмыссыз жата беруді ар санаған еңбекқор Мұрат қай жерде жұмыс болса сонда жегіліп, кете берген. Сөйтіп Ақмола облысынан бір-ақ шығады.
Кейіпкеріміз Мұратты түбі мұратына жеткізбей қоймаймын деп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген ақмолалық белсенді Алтын Мәденқызы былай дейді: Былтыр шілдеде Ақмола облысы Зеренді аудандық Nur Otan партиясынан маған хат келді. «Мұратқа азаматтық алып беруге көмектесіңіз» депті. Содан мен Мұратты тауып, жағдайымен түгел таныстым.
Асырап алған Талғат Базарбаев аға күнде сөйлесіп тұрады «осы балама бір азаматтық алып берсең. Мен фамилиямды берем» дейді.
Он қолынан өнер тамған жігіт. Амал не, құжаттары болмаған соң көбі азын-аулақ ақша беріп, мол жұмысқа жегеді екен.
Өткенде NIET бағдарламасына шақырды, бірақ бармады. Олар полицияға ұстап береді деп қорқыпты. Құжатсыз жүріп бірнеше рет ұсталған. Әбден қорқып қалған. Менен басқа адамдарға сенбейді. Бір жерге бару үшін мен ғана алып жүрем. Депутаттарға да өзім алып бардым.
Бұл мәселені бірінші Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы мен «Отандастар» қорына жеткіздім. Өзбекстан елшілігіне хат жаздық. Олар үш айға дейін жауап бермеді. Елшілікке өзім бардым, олар «отказ» берді.
Ал Қазақстанда бармаған құзырлы орын қалған жоқ. Nur Otan партиясы арқылы, Ішкі істер министрінің орынбасарына жазылдым, 8 қаңтар қабылдауында боламыз. Сол кездесуден үміт күтіп отырмыз.
Оған 32 жыл бойы бірде-бір елдің азаматтығы бұйырмады. «Сонда мен өле өлгенше бір елдің азаматы бола алмай кетемін бе? Мен үйленбеймін бе, балалы-шағалы болмаймын ба? Менің оқығым келеді» дейді Мұрат. Өте өкінішті.
Маған «неге сіз бітпейтін жұмыстың артында жүрсіз?» дейді көбі. Неге күреспеске?! Себебі бұл – елдің мүддесі. Мұрат та осы елдің азаматы. Бұл ең әуелі адам тағдыры. Ол бір күні қандай жағдайға ұшырайтынын білмейміз ғой?! Ол ашынуы мүмкін. Ашынған адам бәріне барады. Ал біз елде адамдар бейбіт, қылмыссыз өмір сүрсін десек, осындай адамдарды қоғамға бейімдеуміз қажет. Ең құрығанда құжатын дұрыстап берейік. Мұрат секілді азаматтығы жоқ адамдардың құқығын қорғайтын арнайы заң болуы керек. Ол шынымен де Мұрат па? Ол әлде басқа бір адам ба? Өткен тағдыры қандай? Кәдімгі зерттелуі қажет. Өкінішке қарай, бізде ондай іспен айналысатын орталық жоқ.