Президент Парсы шығанағындағы ахуалға байланысты жиын өткізді
Президент Парсы шығанағындағы ахуалға байланысты жиын өткізді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігі басшылығының, Премьер-Министрдің орынбасарының, Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының, Сыртқы істер министрінің, Қорғаныс министрінің, Ішкі істер министрінің және Қарулы Күштер Бас штабы бастығының қатысуымен кеңес өткізді.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен басқа да ведомство басшылары Таяу Шығыстағы қазіргі ахуал туралы баяндады. Қазақстан Президенті Парсы шығанағы аймағындағы ахуалдың күрт шиеленісуіне алаңдаушылық білдіріп, аталған іс-қимылдарға қатысушы тараптардың барынша ұстамдылық танытуы қажеттігін айтып, қақтығыстарды дипломатиялық әдіс-тәсілдермен, ең алдымен, бұл іске БҰҰ араластыра отырып, сондай-ақ екіжақты байланыстар мен келіссөздер арқылы реттеу мүмкін екенін атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Қазақстанның Таяу Шығыстағы елшіліктері мен ондағы қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, еліміздегі шетелдік дипломатиялық өкілдіктер мен компаниялар кеңселерінің қауіпсіздігін сақтау үшін шаралар қабылдауды, мемлекетіміздің ұлттық мүддесіне қатысты маңызды ақпараттарды алу және талдау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Халықаралық ахуалдың шиеленісуі жағдайында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму және қорғаныс әлеуетін күшейту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді.