Кәсіпкерлердің 40 пайызы табыс таппайды – Павлодар әкімі
Кәсіпкерлердің 40 пайызы табыс таппайды – Павлодар әкімі
Nur Otan партиясының Павлодар облыстық филиалында өткен қорытынды кеңесінде бизнес-субъектілердің үш мыңы жұмысын мүлдем тоқтатқаны айтылды.
Облыс әкімі Болат Бақауов шағын және орта кәсіпкерлік саласында әлі де ауқымды жұмысты атқару керектігін қатаң ескертті.
– Шағын және орта бизнес субъектілерінің көрсеткіштері артқанымен, облыста тіркелген кәсіпорындардың 8300-і жұмыс істемейтіні анықталды, –деді әкім.
Олардың үш мыңы мүлдем жұмыс істемейді. Қалғандары қызметін уақытша тоқтатса, кейбірі банкротқа ұшыраған. Болат Бақауов облыстық кәсіпкерлік басқармасына мәселені мемлекеттік кіріс департаментімен бірлесе шешуді тапсырды.
– Қызмет ететін кәсіпорындардың 40 пайызы табыс таппайды. Яғни, нөлдік есеп тапсырады. Бұдан шығатын қорытынды – кәсіпкерлердің көбі көлеңкелі бизнеспен айналысады, – деді Болат Бақауов.
Облыс басшысы қолма-қол ақшасыз есеп айырысу тәжірибесін кеңейту қажеттігін де айтты.