«Мәңгілік өмір симфониясы»

«Мәңгілік өмір симфониясы»

«Мәңгілік өмір симфониясы»
ашық дереккөзі
Бішкектегі Г.Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық бейнелеу өнері мұражайына қойылған қазақстандық суретші-мүсінші Аманат Назарқұлдың «Мәңгілік өмір симфониясы» атты көрмесі өнер сүйер қауымның қызығуын жаратуда. Көрмені Бішкектіктер және қала меймандары 15 қаңтарға дейін тамашалай алады, Көрермендермен кездесу барысында суретші жас кезінен бастап ұлы жазушы Шыңғыс Айтматовтың әңгіме-повестерін оқып келе жатқанын, одан алған әсерлері шығармашылығына арқау болғанын баяндап берді. Тіпті, оның сонау1988 жылы Мәскеудегі И.Суриков атындағы көркемөнер институтын тәмамдау кезіндегі дипломдық жұмысы Айтматов кейіпкерлері тақырыбына арналған. Сондықтан да, Ш.Айтматовқа тағзым ретінде көрмесін оның есіміне бағыштаған. Айтматовтың жеке өзіне байланысты суретшінің триптихі жазушының өспірім, орта жас және ұлғайған құрағындағы болмысын бейнелейді. Ал енді түркі халықтарының тарихи тұлғаларына арналған полотнолары өзінше бір галерея: Әл-Фараби, Баласағұн, Махмұт Қашқари, Атилла, Бейбарыс сұлтан, Томирис ж.б. Түйіндеп айтқанда, ұлы оқымысты бабаларымыздың білімге үндеген және жаужүрек батырларымыздың ерлікке шақырған аманатын Аманат Назарқұл бүгінгі ұрпаққа табыстап отырғандай. Ал енді суретшінің монументалдық еңбектері өз алдына әңгіме етуге татиды. Солардың ішінен екі мүсінін бөліп қарастыруға болады. Бірігшісі «Түрк апогейі». Бәдіз бес компоненттен тұрады. Тұғырдың үстіндегі тасбақа – түркі жұртының беріктілігі, оның үстінде қасқыр-құртқа ана – тотем, оның үстінде бала – алғашқы түркі перзенті, ол шаңырақ көтеріп тұр – қазіргі тәуелсіздігіміздің белгісі, шаңырақтың белдеулерінде қарлығаштар қонып, кейбіреулері айналшақтап ұшып жүр – заман тыныштығы. Екіншісі – «Бейбітшілік мемориалы». Биік тұғырдың үстінде «Алтын адам» алақанын көкке жайып, елге мамыражай тіршілікті Тәңірден тілеуде. Тұғырдың оң жағында – аттылы түркі жауынгері. Көне дәуір бедері. Ер-тоқым, әбзелдері алтынмен көмкерілген сәйгүліктің басына қошқардың мүйізі кигізілген – өжеттілік көрінісі. Тұғырдың сол жағында – аттылы аңшы. Қазіргі уақыт. Қолындағы бүркіт – ата дәстүрге оралу. Суретшінің қиялы іске асып, «Бейбітшілік мемориалы» салынса, кешеннің ортасындағы «Алтын адам» 25 метрлік биіктікте болмақшы. Көрме «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында Қазақстанның мәдениет және спорт министрлігінің, сондай-ақ Қырғызстандағы елшіліктің демеулігімен ұйымдастырылып отыр. Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі Бішкек қаласы.