Екібастұзда болған өрттен анасы мен баласы көз жұмды
3 қаңтар, 2020 /
Асыл ТҰМАР
Екібастұзда болған өрттен анасы мен баласы көз жұмды
Екібастұзда болған өрттен анасы мен баласы мерт болды деген болжам бар, өрттің шығу себебі анықталып жатыр, – деп жазады ҚазАқпарат.
«Бірінші қаңтар күні сағат 20:49-да Арқалық көшесі, 21-үйдегі 4-пәтер өртеніп жатыр деген хабарлама түсті. Өрт сөндіру кезінде екі мәйіт табылды. Олар осы мекенжайда тұратын анасы мен баласы болуы мүмкін. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр», – деді Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі.
Мекемедегілер өрт болып жатқан жерге 3 техника жіберіліп, өрт 22:51-де толық ауыздықталған. «Анасы 82 жаста, ұлы 1975 жылы дүниеге келген», – дейді аймақтық ТЖД.
Департаменттегілер 2020 жыл басталғалы бері Екібастұздан бөлек, Железин ауданында да өрт салдарынан адам шығыны болғанын айтты.
«Сонымен қатар, 1 қаңтар күні бірінші қалалық ауруханаға газдан уланып қалған азаматша жатқызылды. Улануға пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп болған», – дейді департамент өкілі.