Әлемде  21 млн. адам құлдық қамытын киіп жүр

Әлемде  21 млн. адам құлдық қамытын киіп жүр

Әлемде  21 млн. адам құлдық қамытын киіп жүр
ашық дереккөзі
Әлемде 3 минут сайын бір адам хабарсыз кетеді екен. Жылына орта есеппен 2 миллионға жуық адам із-түссіз жоғалады. Ізім-ғайым жоғалып кеткендер біздің елімізде де аз емес. Олар қайда, қандай күйде жүр? Өлі ме, тірі ме? Жер басып жүрсе, іздеушісіне неге бір хабары жетпейді? Соңғы жылдары Қазақстанда iз-түcсiз кететiндердің басым бөлiгiн жастар құрауда. Олардың үйiнен кетiп қалу себептері сан алуан. Ер азаматтар көбіне ақша табу мақсатында туған-туыстан ажырап қалса, жоғалып кеткен оқушы қыздар мен студент бойжеткендердің біразы жеңiл жүрiстілердің қатарынан табылатыны анықталуда. Мамандар мұндайға көбіне тұрмысы нашар отбасынан шыққан қыздар баратынын алға тартады. Мектеп-интернаттан немесе жетiмдер үйiнен шығып кетiп, қайта оралмағандар да көп. Сондай-ақ, жүйке жүйесiнде ауытқуы бар балалар мен егде жастағылар да хабар-ошарсыздар тiзiмiн толықтыруда. Жарымжан жандардың өзгелерден айырмашылығы – қамқорлыққа зәрулігінде. Ақыл-есiн толық бiлмейтiндерi бақылаусыз қалса, бір кесапатқа ұшырап қалуы ғажап емес. Сондықтан оларды iздеу жұмыстары ерекше жүргізіледі. Із-түссіз кеткендерді іздеумен айналысатын сала мамандары жоғалған адамдарды үйдегi жанжалға байланысты кетiп қалғандар, тәрбиеге мойынсұнғысы келмейтiндер, психикалық ауруға шалдыққандар, жұмыс iздеп кеткендер және қылмыскерлердiң құрбаны болғандар деп бірнеше топқа бөледi. Сонымен қатар, тұлғасы танылмаған мәйiттер де хабар-ошарсыздар қатарына жатқызылады. Өкінішке қарай, соңғы жылдары хабарсыз кеткендердің көбеюіне ғаламтор да себепкер бола бастады. Бүгінгі жастардың басты байланыс құралына айналып отырған әлеуметтік желілердегі хат алмасулардың соңы бір-бірін іздеп сапарға шығуға ұласады. Жастарды былай қойғанда, жасамыстардың да сезімнің жетегіне еріп бара жатқанына куә болып жүрміз. Өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданында үш баланың анасы, қырық жастағы әйел отбасын тастап, ғаламтордағы ғашығын іздеп кеткенін естіп, жағамызды ұстаған едік. Ізім-ғайым жоқ болған әйелді жолдасы іздеп, құзырлы органдарға хабарласқан. Іздеу шаралардың нәтижесінде азаматшаның Түркия елінен бір-ақ шыққаны анықталды. Артынан қимасымен қауышқан әйелдің алдағы өмірін шетелде өткізгісі келетіні, қайта оралмайтыны белгілі болды. Ғаламторда басталған «махаббат хикаясының» осылайша бүтін бір отбасының ойранын шығарды.

Жоғалғандар көп, табылғандар аз

2015 жылғы статистикаға сүйенсек, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 198 адам хабар-ошарсыз кеткендер санатында. Бұл көрсеткіш 2014 жылмен салыстырғанда 14 адамға артқан. Жыл басынан бері облыс бойынша 7 жасөспірім жоғалса, соның алтауы қыз бала. Бұрнағы жылдардан қалған іздеудегілер саны 107-ге жетсе, қылмыстық іздестірілуде 203 адам тұр. Бұл 2014 жылғы көрсеткіштен 50 адамға артық. Бір қуантарлығы, оларды анықтау жұмысы 2014 жылы 42,6 пайызға орындалса, қой жылында 50,1 пайызға жетті. Ал жоғалған азаматтарды анықтау жұмыстары 41,6 пайыздан 43 пайызға өскен. Сала мамандарының сөзіне қарағанда, көзден ғайып болғандар көбiне үш күннiң iшiнде табылады. Егер құзырлы органға келiп түскен ақпардан соң жоғалған адам үш күнде, жасөспiрiм болса бiр күнде табылмаса оларға ресми түрде iздеу iсi ашылады. Алдымен жоғалған жанның үйiнен бастап, жуық арада онымен байланысқан достары, туыстары тексерiледi. Содан соң баруы мүмкiн деген жердiң барлығы сүзгiден өтедi. Кейде тіпті ауруханалар мен мәйiтханаларды да шұғыл қарап шығуға тура келедi. Бүгінде рәсімделген теміржол билеттері арқылы да жоғалғандарды іздестіру мүмкіндігі туып отыр. Тәртіп сақшылары алдағы уақытта мұндай анықтауларды әуежай қатынастарына енгізуді де ұсынып отыр. Және жоғалушының банкiде есеп-шотынан соңғы рет қай уақытта «операция» жасағаны да қаралады. Егер оған қатысты қандай да бiр қылмыстық iстiң белгiсi болса, iс мiндеттi түрде қылмыстық iздестiру бөлiмiне жөнелтіледі. Қазiргi таңда прокуратура қызметкерлерi жоғалғандардың көбiсiне қылмыстық iс ашуда. Жалпы, хабар-ошарсыздар он жыл бойы iзделiп, осы аралықта дерек болмаса жоғалғандар тiзiмiнен алынып тасталады. Аты-жөнi анықталмаған мәйiттер жайлы да осыны айтуға болады. Елiмiздiң заң талаптарына сай егер ұшты-күйлi жоқ болып кеткен жаннан бiр жыл бойы дерек болмаса сот оны «хабар-ошарсыз», егер iзiм-қайым кеткен жаннан үш жыл iшiнде мәлiмет табылмаса «өлдi» деп шешiм шығаруға құқылы. Кейде жоғалған азаматтар табылып, өлдіге жатқызғандардың тірі екені анықталып жатады. Мәселен, жұбайының арызы негiзiнде сот «өлдi» деп жариялаған шымкенттік азаматтың бiрнеше жылдан берi Астана қаласында тұрып жатқаны талайды таңғалдырған еді. Ол тіпті зейнетақы төлем орталығына жалақысының 10 пайыздық үлесін аударып отырған. Қостанайда да адам жоғалу фактілері азаймай тұр. Өткен жылдың көктемінде жоғалып кеткен қыздың денесі Тобыл өзенінен табылды. Құқық қорғау органдары тағы екі жасты іздестіруде. Мамыр айының бас кезінде Сарыкөл ауданында Дмитрий Кожевников деген жас жігіт хабарсыз кеткен. Туыстарының айтуынша, 25 жастағы жігіт ішімдік ішпейді, темекі шекпейді. Үйінен шығып кетіп, сол күйі оралмаған. Одан бірнеше күн бұрын Жітіқара ауданында 17 жасар Нина Стафеева деген қыз бала да ұшты-күйлі жоғалған. Осы аудандағы Чайковский ауылының жас жігіттерімен орманға серуендеуге барған қыз үйіне қайтып оралмады. Жанындағы жігіттердің айтуынша, түн ортасы ауа қыз тобынан бөлініп кеткен. Алматы облысының Ішкі істер департаментіне де хабар-ошарсыз кеткендер жайлы ақпарат жиі келіп түседі. Сақшылардың іздестіру шараларын жедел қолға алуының арқасында көпшілігі үйлеріне дін аман оралып жатады. Мәселен, 2015 жылдың 13-14 мамырында облыстық ІІД өткізген «Қаңғыбас» акциясы кезінде із-түссіз жоғалған 10 адам табылды. Бір тәулік бойы бар күшін хабар-ошарсыз кеткендерді анықтауға жұмылдырған жергілікті полицейлер 2014 жылы және 2015 жылдың басында іздеу салынған 10 адамды тапты. Олардың ішінде 3-еуі кәмелеттік жасқа толмағандар. Шара кезінде Іле аудандық ІІБ қызметкерлері үйінен қашып, соңғы 8 ай бойы ОҚО-да жігітімен бірге тұрған 24 жастағы қызды тапты. Ал Қапшағай полицейлері 2015 жылдың 27 сәуірінен бері іздеуде жүрген 15 жастағы қызды ата-анасына қайтарды. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген 5 адамды ұстады.

Өзін емес, өлігін құшты...

Өкінішке қарай, туған-туыстары іс-түссіз кеткен жақындарының өзімен емес, мәйітімен қауышатын жағдайлар да жиі орын алады. 2015 жылдың 20 қазанында сондай оқиғаның бірі Ақмола облысында тіркелді. 17  қазан күні Еңбекшілдер аудандық ІІБ кезекшілік бөліміне 1970 жылғы ер адам хабарласып, Невское аулында тұратын 33 жастағы әйелдің 14 қазан күні ауылдағы жауапкершілігі шектеулі серіктестікке жұмысқа кетіп, қайтып оралмағанын хабарлаған. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде қазанның 20-сы күні аталған әйелдің денесі ауыл маңынан табылды. Өткен жылдың сәуір айында «Қазатом-өнеркәсіп» қызметкерінің отбасы да 22 қарашада ұшты-күйлі жоғалып кеткен отағасының мәйітін құшты. Соңғы рет таныстары оны Астана қаласының Сауран-Сығанақ көшелерінен түнгі сағат 2.30 шамасында көрген. Ізім-ғайым жоғалып кеткен Әмірбек Молдабековтің денесін арада бас ай өткенде әйелі тауып алды. Tengrinews.kz таратқан ақпаратқа сүйенсек, «Қазатом-өнеркәсіп» қызметкерінің 2014 жылғы 22 қараша күні түнде таксиге отырып кеткеннен кейін ізім-ғайым жоғалуына байланысты «Кісі өлімі» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Іске күдікті ретінде оны сол түні көлігіне мінгізіп әкеткен таксист тартылды. Әйелдің айтуынша, 26 жастағы жүргізушінің қалтасынан күйеуінің ұялы телефоны табылған. Марқұмның жары Күләнда Молдабекова 11 сәуір күні істі жүргізуші тергеушіге жолығып, одан таксистің күйеуін қалдырып кеттім деген жерін сұрап білген. Содан соң қасына үлкен қызын ертіп алып, айтылған жерге барған. «Біз қаланың оңтүстік-шығыс ауданына бардық. Бізбен бірге тергеуші мен жаңағы таксист болды. Сол жерден бір құдықты көрдік. Оның түбінде әлдене жатыр екен. Тергеушіні шақырып: «Бұл жатқан адам ба?» деп сұрадық. Ол: «Иә» деп жауап берді де, бізді былай шығарып әкетті. Сосын барлық қызмет түрлері осы жерге жетті. Мен басында барып көруге қорықтым, сосын батылданып барып қарадым. Алынған мәйіт бетін жерге қарата жатқызылған екен. Бірақ мен киіміне қарап, оның күйеуім екенін бірден білдім», – дейді Күләнда Молдабекова. Күш көрсету арқылы өлтірілген ер адамның денесі өзінің туған жері – Қызылорда облысының Шиелі ауданына әкетіліп, сонда жер қойнына тапсырылды.

Балалар ғайып болмасын десек...

Ең қынжылтатыны – жоғалғандар қатарында бесіктен белі шықпаған балалардың көптігі. Сала мамандары бұл ретте балаларына атүсті қарайтын ата-аналарды кінәлайды. Әсіресе, шомылу маусымында суға батып, бақилық болатындардың басым бөлігін ата-ананың бақылауынсыз қалған балалар мен жеткіншектер құрайды. Ал шет ауылдарда қадағалаусыз қалған балалар тау-тасты кезіп, адасып кетеді. Айдалада ашығып немесе аязда үсіп өлетіндер де көбейіп барады. Ресми статистика бойынша елімізде жылына 1,5 мыңға жуық бала жоғалады екен. Қазіргі таңда Қазақстан бойынша іздеу жарияланған балалардың жалпы саны 5000-нан асып жығылған. Бүлдіршіндерімізге қатысты мұндай қорқынышты деректі өткен жылдың көктемінде «Қазақстанның интернет ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Шавкат Сабыров мырза келтірген еді. Ай-күнінің аманында балапандарымыздан неге көзден таса қылып алдық? Балалардың жоғалуы бүгінде Қазақстанның ғана емес, әлем елдерінің көпшілігінде өзекті мәселеге айналған. Халықаралық құқық қорғау ұйымдарының мәліметіне сүйенсек, жыл сайын Еуропа елдерінде – 70 мың бала, АҚШ-та – 1,5 млн. бала, Ресейде – 15 мыңға жуық бала жоғалады екен. Еліміз халқының саны жөнінен бұл елдерден әлдеқайда төмен сатыда тұрса да, балалар мен жасөспірімдердің жоғалу деңгейі бойынша кем түспейтіні өкінішті-ақ. Жоғалған балалардың жартысы сәті түсіп, аман-есен табылып жатса, кейбірінің мүрдесі табылып, ал кейбірі мүлдем хабар-ошарсыз кететіні алаңдатады. Бүгінде ата-аналар балаларын бір сәтке болса да, көзден таса қалдырудан қорқатын болды. Мамандар ең алдымен ата-аналарға балаларына өздері қорған болу керектігін, көзден таса етпеуін ескертуде. Жақында ресейлік журналистер жүргізген зерттеу нәтижесі көрсеткендей кез келген бейтаныс адамның аулада ойнап жүрген баланы ертіп кетуі үшін 20-30 секунд жеткілікті екен. Балалардың басым бөлігі тәжірибе кезінде санаулы секундтардың ішінде бейтаныс адамға еріп кете барған. Демек ата-ана аз уақытқа қараусыз қалдырған баласынан мәңгілікке көз жазып қалуы мүмкін. Полицейлер 2015 жылдың тамызында Павлодар облысында үш тәулік бойы іздеуде болған Темірлан Мұхтаровтың ата-анасына оның өлі денесін әкеп берді емес пе? Жазмыштан озмыш жоқ дейді қазақ, алайда 4 жасар бүлдіршінді өзге жиендерімен бірге шомылуға ертіп барған нағашы ағасы одан көз жазып қалғаны үшін өзін кешіре алар ма екен? 2014 жылдың қарашасында Темірланның Ақтөбеде тұратын тағы бір аттасының мәйіті табылды. Өз үйінің қақпасының алдында ойнап отырған 5 жасар бала аяқ астынан жоқ болып кетіп, оны қаланың жасы мен жасамысы күн құрғатпай бір апта бойы іздеген еді. Бүлдіршіннің өлі денесін Ақтөбе іргесіндегі Келешек ықшам ауданындағы саяжай аумағынан саңырауқұлақ теріп жүрген тұрғындар тауып алған.

Адам – ең өтімді тауар

Хабар-ошарсыз кеткен адамдардың әлдекімдердің қолына түсіп, еркінен тыс құлдыққа жегілетін жағдайлары да бұл күні құлаққа жиі шалынатын болған. Адам құқықтарын қорғаумен айналысатын қоғамдық ұйымдар Қазақстанда адамдарды ұрлап әкетіп, құлдыққа сату оқиғалары белең алып барады деп дабыл қағып отыр. Алыс шаруа қожалықтарына апарып ақысыз мал бақтыру, еркінен тыс құрылыс жұмыстарын істету, үй шаруасымен, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрлеу сияқты оқиғалар көбейген. Құқық қорғау органдарының айтуынша, мұндай жағдайларға көбіне балалар үйінен шыққан жастар мен елімізге жұмыс іздеп келген шетел азаматтары, яғни гастарбайтерлер жиі тап болады екен. Сарапшылардың айтуынша, қазіргі таңда есірткі мен қарудан кейінгі ең өтімді тауар – адам. Халықаралық еңбек ұйымының дерегіне сүйенсек, дүниежүзінде 21 млн. адам құл ретінде саудаға салынған. Осы істі кәсіп еткен топтар жылына 150 млрд. доллар табыс табады екен. Қазақстандағы жағдай да мәз емес. Соңғы 10 жылда елімізде 1,5 мың адам құлға айналған. Бұл – шілде айында Австрия астанасы Венада өткен адам саудасына қарсы күрес жөніндегі альянстың 15-конференциясында келтірілген дерек. 2002 жылдан бері елімізде тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатқан Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым мамандарының пікірінше, Қазақстанның экономикалық даму қарқыны мен географиялық орналасуы адам саудасымен айналысушылар үшін адамдарды алып кету, басқа елдерден алып келу, тасымалдауға аса қолайлы. Әсіресе, әлемдік экономикалық дағдарыстан есеңгіреген Орталық Азияның экономикасы тұрақсыз елдерінен келген азаматтар үшін Қазақстан соңғы нүкте болып отыр. Адам саудасы құрбандарының басым бөлігі Өзбекстаннан келетін көрінеді. Ал Қазақстанның азаматтары көбінесе Ресей, Түркия мен Біріккен Араб Әмірліктеріне жөнелтіледі екен. Жұмыс іздеп, ауылдан қалаларға, облыс орталықтарына ағылған көштің артуы салдарынан ел ішінде де адам саудасына қатысты деректердің көбейгені байқалады. 2014 жылы ішкі істер органдары адам саудасы бойынша 300 қылмыстық іс қозғады. Оның ішінде 20-сы пайдалану мақсатында адам ұрлау, 9-ы пайдалану мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру, 18-і адам саудасы, 13-і кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тарту, 15-і кәмелетке толмағандарды сату, 31-і жезөкшелікпен айналысуға тарту, 212-сі жеңгетайлық және притон ұстағаны үшін жауапқа тартылды. 2015 жылдың статистикасы да көңіл көншітерлік емес. ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов келтірген деректерге сүйенсек, қой жылының алғашқы 6 айының өзінде елімізде адам саудасына қатысты 14, кәмелеттік жасқа толмағандарды саудалаудың 32, жұмысқа жегу мақсатында заңсыз бас бостандығынан айыру бойынша 2 және жезөкшелікке салу бойынша 148 қылмыстық іс қозғалған. Құзырлы органдар ұсынған осындай деректерді көпшілікке айтатын да, өзіміз шошып қана қоймай, өзгені шошытатын да – журналистер. Асылында, мақсатымыз – үрейді емес, сақтықты арттыру. Ағайынынан адасып, жақынынан көз жазып қалатындардың көбеюі қоғамға жасалған ескерту белгісіндей. Айдың, күннің аманында анасы баласын, ағасы бауырын жоғалтып алмаса екен...