Тышқан жылы қандай жыл?

30 желтоқсан, 2019 / Túrkistan Gazeti
ашық дереккөзі
Тышқан жылы қандай жыл? Шығыс халықтарының «жыл қайыруы» бойынша жыл басы тышқан жылынан басталады. Бір мүшел он екі жылдан тұрады. Әр он екі жылды жан-жануардың атымен атауының мифологиялық және астрономиялық мәні бар. Белгілі фарабитанушы ғалым Ақжан әл-Машани бұл жыл атауларындағы жан-жануарды аспан денелеріндегі жұлдыздардың атауымен байланысты екенін жазады. Мәселен, сиыр жылы көне түркі-моңғол тілінде «үхэр» деп аталады. Яғни, біздің үркер жұлдызы деп жүрген жұлдызымыз – сиыр (сәуір) жұлдызы. Сол жұлдыздың он екі жылда бір рет айналып келуімен байланыстырады. Осы әдістеме арқылы он екі жыл қайырудың астрономиялық мәнін ашып көрсетеді. Ал мифологияда барша Шығыс халықтарына ортақ бір ғана аңыз бойынша жан-жануарлардан айласын асырып, күнді бұрын көр­ген тышқан жыл басы болады да, түйе бойына сеніп жылдан құр қа­лады. Тышқан жы­лын береке, ырыс, татулық пен ты­ныштықтың жылы деп санаған. Адамдардың бұл сенімі көп жағдайда дәл келген. Расында да, тыш­қан жылында қиыншылық, жау­гершілік, аштық көп болған жоқ десе де болады. Тарихи деректерге сүйенсек, 1588 жылы тышқан жылы Қазақ хан­дығы киелі Қаратаудың етегі Созақ қаласында Тәуекел ханның ш­ақыртуымен үлкен Құрылтай өт­кізді. Бұл тарихи дерек әйгілі жазу­шы Мұхтар Мағауиннің «Ала­сапыран» романында жазылған. Атақты роман «Тарихтың то­ғыз жүз тоқсан алтыншы, тышқан жылы…» деп басталады. ХХ-ХІХ ғасыр аралығында тыш­қан жылы 1900, 1912, 1924, 1936, 1948, 1960, 1972, 1984, 1996, 2008 жылдарға тұспа-тұс келіпті. 1996 жылы Жоғары дипломатиялық мектеп құрылды. Бұл тарихи жылнамаларға бажайлап қарасақ, тышқан жы­лы тың өзгерістерге толы. Жаңа бастаулардың жылы болыпты. Әсіресе, жаңа өнеркәсіп, зауыт, фабрика секілді кәсіпкерлік жетістіктермен қатар білім сала­сында да оң өзгерістер көп бо­лыпты.

Бақытбек ҚАДЫР