Кәмелетке толмағандарға есірткі сатқандар өмір бойына сотталады
Кәмелетке толмағандарға есірткі сатқандар өмір бойына сотталады
Мемлекет басшысы қол қойған Қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру бойынша ҚР Заңы арқылы есірткіні насихаттап, заңсыз жарнамалағаны үшін (Қылмыстық кодекстің 299-1-баптары) 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы енгізілді. Бұл туралы ҚР Бас Прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мәлімдеді.
«Есірткі затын сатудың жаңа тәсілдерін тауып, үйлер мен жатақханалардың қабырғасына ашықтан-ашық хабарлама іліп кететін наркодилерлердің әрекеті қоғамды алаңдатып отыр. Енді бұл әрекет заңмен жазаланады және ауыр қылмыс болып саналады», - деді Марат Ахметжанов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің айтуынша, заңсыз айналым үшін жауапкершілікті көздейтін баптарда (ҚК 297-б.) және есірткі пайдалануға көндіргені үшін (ҚК 299-б.) «Электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалану» және «Қоғамдық орындарда» деген жаңа саралау белгілері енгізілді.
«Бұдан былай интернет арқылы, түнгі клубта, дәмханада, парктегі есірткі айналымы үшін 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға, ал кәмелетке толмаған адамға осындай тәсілмен есірткі сатқандар өмір бойына бас бостандығынан айырылады», - деді М. Ахметжанов.