Жаңалықтар

Bek Air компаниясы министрлікке қысым жасауға тырысты – Скляр

ашық дереккөзі

Bek Air компаниясы министрлікке қысым жасауға тырысты – Скляр

Bek Air халықаралық ұшуларға сертификат алу үшін мемлекеттік органдарға қысым жасауға тырысқан. Бұл туралы бүгін ҚР премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр айтты, деп хабарлады ҚазАқпарат. «Bek Air осы жылдар ішінде лоббистердің қатысуымен түрлі деңгейде халықаралық әуе рейстерін орындау үшін IOSA сертификатын алып тастауға тырысты. Бірақ мұндай қысымға қарамастан министрлік оған барған жоқ», – деді ол Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында. Оның атап өтуінше, халықаралық тасымалды жүзеге асыратын барлық қазақстандық компания IOSA сертификатын алған. «Ішкі тасымалға да оның талаптары қажет болатын. Алайда, өздеріңіз де білесіздер, 2016 жылы БАҚ-та үлкен науқан болып, кейбір журналистер мен депутаттар компанияны қолдап шықты. Мүмкін олардікі де дұрыс шығар. Ішкі бағдарлардың қосымша талаптарға сай болуы керек те емес шығар. Сол кезде өкілетті мемлекеттік орган Индустрия министрлігі Азаматтық авиация комитеті «IOSA талаптары ішкі де, сыртқы да тасымалға қажет» делінген қаулы шығарды. Бұл жерде белгілі бір қайта сақтандыру элементтері, яғни, қосымша талаптар бар», – деді Роман Скляр. Вице-премьердің айтуынша, авиацияда қауіпсіздікті қолдау үшін басы артық қосымша талаптар мүлдем болмайды. «Дегенмен, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті бұл кәсіпкерлердің құқығын бұзу деген ұйғарым шығарып, министрлік ішкі рейстер үшін бұл талапты алып тастады», – деп түсіндірді Роман Скляр.