Фонограмма болмаса...
Фонограмма болмаса...
Túrkistan халықаралық газетінің №46 санында «Райымқұлова райынан қайтып қалған жоқ па? немесе өнерпазды кім дейміз, елді алдаса...» деген тақырыпта мақала жарияланған. Мақалада қазіргі әншілердің фонограммаға иек сүйеп алғандығы әрі қасиетті өнерді әркімнің қолжаулық қылып жүргені сөз болған. Мақалаға қатысты Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан жауап келген болатын. Жауап хатта «Ең алдымен қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңға фонограмма мәселесін бақылауға және концерттік бағдарламаларды өткізу бойынша тиісті өзгертулер енгізу туралы заң жобасы әзірленіп жатқандығы және орындаушыларды тыңдармандарға фонограмма қолданатыны жайында ескертуге міндеттеу көзделіп отыр» делінген. Біз осы ретте әншілерімізге хабарласып, «Фонограмма жоқ болса сахнаға шыға аласыз ба?» деген сауал қойған едік.
Мақпал ЖҮНІСОВА, Қазақстанның халық артисі:
Жанды дауыста концерт беру қымбатқа түседі
– Соңғы 10 жылда дауысты компьютермен өңдеу техникасы кеңінен тарады. Бүгінде әншілердің жоғары нотаны ала алатынын немесе төменгі нотаға қаншалықты түсе алатынын жанды дауыста айтпаса ажырата алмайтын болдық. Өйткені компьютер әншінің дауысын түзеп, тазартып шығарады. Өнер адамы жанды дауыста ән айту үшін өз-өзімен күнделікті жұмыс істеуі керек. Сахнаға шығатын әрбір әнші аптасына 3-4 рет дайындық жасаса нағыз дүлдүл атанар еді. Мысалы, дайын тұрған 5 жыл бұрынғы записьтегі әнді сахнаға алып шығып ауыз жыбырлатқаннан жанды дауыста айтқан әлдеқайда өтімді. Өйткені 5 жыл бұрынғы дауыстан қазіргі дауысың әдемі болуы мүмкін. Сонымен қатар шақырған концерттерде бір ән болса да жанды дауыста айтсаңыз үлкен еңбек дер едім. Ел арасына таратылатын афишаларға концерттің фонограммамен немесе фонограммасыз өтетінін ескертетін, көрерменнің таңдау құқығы болатын еді. Сахна – киелі, қасиетті орын десек, өнерде шын жүйріктер көп болуы керек. Бір әнді жазып сахнаға алып шығудың өзі – үлкен нәтиже, еңбек. Шын жүйріктің сыналар уақыты келді. Өйткені бүгінде халықтың көзі ашық, талғамы биік, есті әндерге деген сұраныс жоғары. Жаңа заң күшіне енсе, біраз әнші нансыз қалатын сияқты. Фонограмманы қосып қойып аузын жыбырлататындар жеп отырған нанынан айырылмас үшін біршама еңбектенетін болады. Тек жанды дауыста ән салған Біржан сал, Ақан сері, Әміре Қашаубаевтың атағы шартарапқа тарады. Бүгінде әлем таныған Димаш Құдайберген қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы болып тұр. Неге? Өйткені Алланың берген бағынан кейін бұл жерде үлкен еңбек жатыр, Димаш әндерін жанды дауыста орындайды. Егер заң қабылданып, қатаң талап қойылса, жастарымыз да сол талаптарға сай жұмыс істеп, іздене бастайды. Болашақта Димаштай таланттар әлемдік сахнаға жол тартар еді. Ендігі жерде еңбектенуден басқа жол жоқ. Мен тойда да жанды дауыста ән айтатын әншілерді құрметтеймін. Мысалы, «тойда жанды дауыста ән айту керек, фонограммамен айтатындарға айыппұл салынады» деген заң шығарылса да қолдар едім. Өйткені той да сахна, ол жерде де тыңдарман бар. Сәкен МАЙҒАЗИЕВ, «Музарт» тобының әншісі:Жанды дауыста ән айтудан мастер-класс өткізуге дайынмын