Сақтандыру компаниясы ұшақ апатынан мерт болғандардың отбасына қанша қаражат берілетінін хабарлады
Amanat сақтандыру компаниясы Bek Air ұшақ апатынан жапа шеккен адамдарға төлемдер береді. Бұл туралы компанияның Facebook-тегі парақшасында хабарланды.
Хабарламада Amanat компаниясы Bek Air компаниясының UP-F1007 борттық нөмірі бар Fokker 100 ұшағының сақтандырушысы екені айтылған. Көлік құралы иесінің жауапкершілігі Amanat-та тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарты бойынша сақтандырылған.
"Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы" заңы бойынша сақтандыру төлемдерін денсаулығына зиян келген жолаушылар, сондай-ақ қаза тапқан жолаушылардың асырауында болған туыстары алады.
"Біз қаза болғандардың туған-туыстарына көңіл айтамыз. Төлемдерді ресімдеу жедел әрі еш қиындықсыз өту үшін барлық күшімізді саламыз. Біз қаражатты Bek Air мен жолаушылардан қажетті барлық құжатты алғаннан кейін 7 күн ішінде төлейміз", – делінген хабарламада.
Осыған қоса сақтандыру компаниясында кімге қандай төлемдер берілетінін хабарлады:
- мертіккен, жарақат алған немесе денсаулығына басқа де зақым келген жолаушылар емделуге жұмсалған нақты шығындар бойынша 200 АЕК-ке дейін (бүгінгі күні бұл 505 000 теңге) төлемдер алады;
- егер апат салдарынан адам мүгедек болып қалса, Amanat мүгедектік тобына қарай 2 500-ден 5 000 АЕК-ке дейін (6 312 000 – 12 625 000 теңге) төлейді;
- туған-туыстарынан айырылған адамдарға 5000 АЕК (12 625 000 теңге) төленеді.
Толық ақпарат алу үшін 7310 телефоны арқылы хабарласуға болады.