Ұшақ апаты: Алты бала жансақтау бөлімінен шықты
Ұшақ апаты: Алты бала жансақтау бөлімінен шықты
Алматы түбіндегі ұшақ апатынан зардап шеккен алты бала жансақтау бөлімінен шығарылды.
Бұл туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының жетекшісі Тілеухан Әбілдаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik.
Ұшақ апатынан тоғыз бала зардап шеккен болатын. Олардың үшеуі бір жасқа да толмаған. Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілді.
Алтауы қарқынды терапия жансақтау бөліміне жатқызылды, үшеуі травматология бөлімшесінде жатыр, олардың жағдайы орта деңгейде деп бағаланып отыр.
Травматологтар екі балаға заманауи жоғары технологиялық емдеу әдістерін пайдалана отырып, кеспей ота жасаған. Операция шамамен бір сағатқа созылып, сәтті өтті. Ота жасалған балалардың хәлі қазір ауыр, бірақ жақсарады деп болжап отыр дәрігерлер.
Қазіргі уақытта апат салдарынан зардап шеккен балалардың барлығы бөлімшелерде ем қабылдауда.
Қайғылы оқиға 27 желтоқсан таңертең болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы құлады. Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш қазір ауруханада жатыр.
Әуелі полиция ұшақтың құлауына себеп болған екі жағдайды алға тартқан еді – техникалық ақаулық немесе ұшқыштың қателігі. Кейін үшінші себеп айтылды - метеорологиялық жағдай.
Президентің тапсырмасымен премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.