12 оқушыны құтқарған Бейсетай Дәуренбековтың ерлігі ескерусіз қалды

12 оқушыны құтқарған Бейсетай Дәуренбековтың ерлігі ескерусіз қалды

12 оқушыны құтқарған Бейсетай Дәуренбековтың ерлігі ескерусіз қалды
ашық дереккөзі
Өткен  XX ғасырда Қазақстанда талай тарихи жайлар орын алды. Ауыр әрі қиын кезеңдер аз болған жоқ. Халық аштықты, ұлт тұлғалары қуғын-сүргінді бастан кешті. Екінші дүниежүзілік соғыста Қазақстанға іргедегі Ресейден немістерді, Кавказ елдерінен шешен-ингуштарды және Қиыр Шығыстан кәрістерді еріксіз қоныстандырды. Жол азабынан азып-тозып жеткен оларға қазақтар жаттық танытқан жоқ. Қайта туған бауырларындай құшақтарын жайып қарсы алды. Өсіп-өнулеріне қолдан келген бар жағдайларын жасады. Барын алдарына қойып, нанын бөлісіп қана қоймай, қиын жағдайларда қорғаныштары да бола білді. Осындай жанашырлықтары үшін де олар қазақ халқына дән риза. Республика Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы жылы «1 Наурыз – Алғыс айту күні» деп жариялағаны да сондықтан. Бұл күн ұлт пен ұлыстарды етене жақындатып, бауырмалдықты, бірлікті арттыра түсері анық. Мерзімді баспасөзде жарияланған материал тасқа басылғанмен бірдей. Солардың мәні бар кейбірі бүгін елеусіз қалғанмен, ертең оның оқылары анық. Сондай мақаланың бірі журналист Жанболат Аупбайдың «Егемен Қазақстан» газетіне 2014 жылы 27 наурызда жарияланған «Еленбеген ерен ерлік» атты жазбасы. Кезінде қиып алып сақтап қойған едім. Оқып шығып, мақаланың негізгі кейіпкері Алматы облысы, Балқаш ауданы, Аралтөбе ауылының тұрғыны Бейсетай Дәуренбековтің осыдан бірнеше жыл бұрын жасаған жанкешті ерлік ісіне қайран қалдым. Ол қақаған қыста Іле өзеніне ағып бара жатқан әр ұлттың өкілдері болып табылатын 12 баланы құтқарып қалған. Арада 35 жыл өткен соң сол 12 бала (бүгінде орта жасқа келгендер) 2007 жылы желтоқсанда Бейсетай ақсақалдың үйіне барып, алғыстарын айтып, болған жайдың куәгерлері ретінде өздері қол қойған естелік-хат қалдырған. Мақала авторы Ауыпбаев сол баршаға жанашырлықтың, бауырмалдылықтың, достықтың өнеге-үлгісі болатын хат мәтінін толық келтіріпті. Енді аталмыш күнге орай біз сол мәні ескірмейтін хатты жариялап отырмыз. «Оқиға былай болды, − деп жазады өз хаттарында ажалдан аман қалғандар. – 1972 жылғы 18 желтоқсан еді. Бұл біздің өңірдегі қыстың нағыз күшіне енген кезі-тін. Іле өзенінде сең соғылысып, су арнасына сыймай ағып жатты. Біздер ол кездері ауылда орыс мектебі болмағандықтан, арғы беттегі Үшжарма селосына қайықпен барып қатынап оқитынбыз. Сол күні де сабаққа бара жатқан бетіміз болатын. Василий Базарнов деген ағай жүргізетін қайыққа екі үйден үш бала, бір үйден екі бала, қалған үйлерден бір-бір бала, барлығы он бес бала мінгеніміз есімізде. Кішкентай болсақ та білеміз. Толқындар жағаға соғылып, Іле буырқанып жатты. Қатты жел көтеріліп тұрғандықтан, біздерді мектепке шығарып салуға біреуіміздің әпкеміз, екіншіміздің шешеміз, үшіншіміздің ағамыз келген болатын. Өткел шетінен қозғала бергенімізде жағалауды бөктерлеп келіп тоқтаған «Уазик» көрінді. Сөйтсек, олар ертеңгі аудан орталығында болатын жиналысқа барамыз деп жолға шыққан аудандық сот төрағасы мен милиция қызметкері және жүргізуші жігіт екен. Қайыққа үлгере алмай қалғандарын көрген соң көліктерінен түсіп, кезек күтіп тұрды. Кітап пен дәптер толы сөмке асынған 15 бала мен ескекші Вася ағайдың салмағынан белі қайысқан қайық қалт-құлт етіп әрең жүзіп келеді. Оның үстіне арқырап-күркіреген судың ағыны да адам шошырлық еді. Өзеннің орта тұсынан асып, арғы бетке жақындадық-ау дегенде екі үлкен сең келіп қайықты соқпасы бар ма? Ол аударылып, үстіндегі біздер суға құлай бастадық. Жағадағы мектепке шығарып салып тұрғандар не істерлерін білмеді. Бауыр еті балалары суға бір батып, бір шығып, иірімге үйірілген сеңге жармасып, төңкерілген қайықтың шынжырынан ұстап жандалбасалап жатқанда туыстарымыз өзен жағалап жүгіргеннен басқа ештеңе істей алмады. Кейін есітіп-білгеніміздей олардың арасындағы аудандық сот төрағасы мен  милиция қызметкері де: «Жағдайды көріп тұрмыз, бірақ дәрменсізбіз», дегендей кейіп танытқан. Тек дағдарып тұрғандардың ішінен бір адам ғана, жаңағы жағалауды бөктерлеп келіп тоқтаған машинаның жүргізушісі Бейсетай Дәуренбеков шала-пұла шешкен киімдерін жерге атып ұрып, дүлей толқынға қойып кеткен. Сеңдерді итерген күйі құлаштай жүзіп келе жатқан ол кісіні өзімізге жақын қалғанда бір-ақ көрдік. Келген бойда астында ауа қалғандықтан  төңкерілсе де суға батпай дөңкиіп тұрған қайықты аударып, орнына қойды. Сөйтті де сең мұзына жармаса жылап жүрген балалардың бірінен кейін біріне көмекке келіп, оларды қайыққа қайта сала бастады. Осы аралықта иірім толқындарымен бірге шыр айналып, ес-түссіз қалғандарымыз да бар болатын. Бейсетай аға суға бір батып, бір шығып жүрген бұл оқушыларды да қолтығынан қысып әкеліп, қайық ернеуінен ішке қарай асыра берді. Біздің жанымызға соңғы рет жүзіп келгенде ол кісінің қолында бір малақай ғана болды. Өйткені кешқұрымғы су бетінде сол кезде осы бас киімнен басқа көзге көрініп қарайған ештеңе қалған жоқ еді. Міне, содан кейін ғана ағай үсті-бастары ақ қырау болып, тістері тістеріне тимей дірілдеген балалар толы қайықты иығымен жағаға қарай итеріп, қарсы бетке шығаруға әрекет ете бастады. Осы оқиғаны өз көздерімен көріп тұрғандардың айтуынша, Бейсетай аға жағаға тәлтіректеп әзер шығыпты. Сол сәтте көзі қарауытып, есінен танып құлаған. Сөз ретіне қарай айта кетейік, қайыққа мінген 15 баланың 3-еуі суға ағып кетіпті. Оның бірі орыс қызы Наташа болатын. Жағада күтіп тұрған туған ағасы Николайдың тәуекел деп тастай суық судағы сең арасымен жүзіп баруға жүрегі дауаламапты. Тек өткелде әрі-бері жанұшыра жүгіріп жүрген де қойған. Ал қарындасы суға батып кеткенде ғана басын ұстап отыра қалып, еңіреп тұрып жылапты. Жағаға шыққаннан кейін ата-аналар мен жақын туыстарымыз біздерді үйді-үйімізге алып келіп жылытты. Ем-домдарын жасады. Дәрігер шақырып қаратты. Аман қалғанымызға әбден көздері жеткеннен кейін барып бізді ажалдан құтқарған Бейсетай Дәуренбековті іздей бастаған көрінеді. Еш жерден таппағаннан кейін бір ата-ана: «Мен баламды әкетіп бара жатқанда судың жағасында біреу жатқан. Өткелдегі ұйықтап қалған мастардың бірі шығар деп ойладым да қойған едім», − дейді. Жұрт іздеп келсе, шынымен де есінен танып, тоңып жатқан Бейсетай аға екен. Мұз аралас суға түсіп, бізді жағаға аман-есен алып шыққаннан кейін ол кісінің өкпесін суық қауып, есінен танып құлапты. Содан ағамыз алты ай аудандық ауруханада жатып емделді. Ол кезде уақыт басқа, заман басқа. Мәскеудің қас-қабағына қарап сөйлейтін кез. Бейбіт күнде өзін құрбандыққа шала жаздап, қаһарлы аяздың күшіне мінген кезінде буырқанған өзенге ағып бара жатқан 12 баланы аман алып қалған, мың адамның бірі жасай бермейтін ерлік көрсеткен Бейсетай Дәуренбековке сонда бар болғаны судан, өрттен құтқарушыға арналған қарапайым значок-төсбелгі ғана беріліп еді. Бұған қалай налымассың, қалай ренжімессің. Біздер – 1972 жылы сеңге соғылып, қайығымыз аударылып, суға құлаған 15 баланың 12-сі Бейсетай ағамыздың теңдессіз ерлігі арқасында ажалдан аман қалдық. Қазір бәріміз де ержетіп, өсіп-өндік. 12 қыз-жігіттен бұл күнде 43 бала бар. Осы санға өзімізді қосқанда 55 боламыз. Барлығымыз да Бейсетай ағамыздың алдында қарыздармыз. Қарапайым жанның бір кездегі мектеп оқушылары  − біздерді ажалдан арашалап қалған еңбегін қалай өтеуге болады деп ойлаймыз. Ерлікті барлық адамның жасауы міндетті емес. Бірақ кезі кеп қалғандағы осындай әрбір батыл қадам, өнеге деп айтуға тұрарлық әрбір ізгі іс мемлекет, қоғам тарапынан лайықты бағасын алып жатса, оның келешек ұрпақты тәрбиелеу үшін маңызы аса зор болатыны анық. Осы тұрғыдан келгенде жоғарыдағыдай жанқиярлық ерлікті насихаттау арқылы жасампаз халқымыздың рухын көтеруге, тіпті достық, бауырмалдықты асқақтатуға да болады. Ол үшін ондай істің бағасына «Қазақстанның Халық қаһарманы» секілді марапат арқылы беру ерек. Тәуелсіз еліміздің жаңаша ойлау машығына ие Үкіметі ерте ме, кеш пе біздің осы ниетімізді қолдаса дейміз. Сәлеммен, 1972 жылы суға кетіп, ажалдан аман қалған 12 отандастарыңыз: Ғ.Тегісбаев, Ғ.Тегісбаева, А.Тегісбаев, А.Айдарбек, А.Айдаров, В.Проценко-Жерикова, С.Проценко, Т.Проценко-Бурляева, Д.Арсамакова, М.Арсамаков, М.Берекетова, Л.Галкина. 2007 жылғы 18 желтоқсан». Бұл оқиға жөнінде кезінде Кеңестер Одағы коммунистерінің бас газеті «Правда» мен КСРО Жоғарғы Кеңесінің органы «Известия» басылымы да шағын хабар беріп, оның суретін жариялаумен шектелген. Қайықшы Василий Базарновтың негізгі кәсібі қазандығы бар пешке көмір салушы екен. Таңертең мектеп, кеңсе және клуб жылыту жүйелеріне ыстық су жіберетін қазандық пешке от жағып, кешке дейін адамдарды Іледен ары-бері өткізіп, нәпақасын тауып жүрген. Қайық аударылғанда өзі есінен танып қалады. Судың ағысымен әудем жерге дейін барып, бір мүйістен әзер дегенде жағаға шығады. Бір аяғында етігі бар, екінші аяғында шұлғаудан басқа дым жоқ, үсті-басын ақ қырау жапқан бейшара жылап-еңіреп, ымырт үйіріле ауылға жеткен. Сол бойда қазандыққа кіріп, жан шақырған. Содан оны учаскелік милиционер іздеп келіп ұстап, қылмыскерлер ұстайтын орынға қамап тастайды. Тергеп, әуре-сарсаңға салып, бір айдан соң сот шешімімен үш жылға бас бостандығынан айырған. Жазасын толық өтеп шығады да, бертінде қайтыс болған. Бейсекең бертінде Талдықорғандағы зооветеринарлық техникумды бітіріп, Аралтөбеде мал маманы болып қызмет еткен. Әйелі Жолдыбала екеуі отбасындағы жеті баласын тәрбиелеп өсіру үшін арендаға жер алып, мал өсіретін шаруа қожалығымен айналысыпты. Қазір ержеткен балаларының қолында бақташы.