Жаңалықтар

"Өлдім деп ойладым": Апаттан аман қалған мұғалім ұшақтың қалай құлағанын айтып берді

ашық дереккөзі

"Өлдім деп ойладым": Апаттан аман қалған мұғалім ұшақтың қалай құлағанын айтып берді

Алматыда болған ұшақ апатынан аман қалған Жыл мұғалімі сыйлығының жеңімпазы оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Алматыдағы №123 мектеп гимназиясы директорының орынбасары Назым Абағанова Нұр-Сұлтанға марапаттау шарасына қатысу үшін жолға шыққан, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Ұшаққа билет біразға дейін табылмады. Осы билет арзан табылғанда қатты қуандым. Таңғы 3-4 шамасында күйеуім әуежайға шығарып салды. Түк болмағандай автобусқа отырдық. Ешқандай сезім болмады. Ұшақ қозғалғанда мен ұйықтап кетіппін. Сол кезде ұшақ бір рет жерге соғылыпты. Оны мен ұйықтап отырып байқамаппын. Бір уақытта ұшақ екпінмен зымырай жөнелді. Әуеге көтерілгенде ұшақ бір жаққа қарай қисая бастады. Салон тарсылдап, дірілдеп кетті. Сол кезде арттағылар «неге бірінші тарс еткенде тоқтамады мына пилот» деп айтып жатты. Содан кейін 5 минут өтті ме, өтпеді ме, білмеймін. Мен отырған қанат жағы сырылдап жерге тиіп, ұшқын шығарып келе жатты. Тарс еткен дыбыс шықты. Көзімді ашсам тура қарсы алдымда темір ме бетон ба бірдеңе. Мен 13 орында отырған едім. Шамалауымша алдындағы адамдарды бетон мыжып кеткен болу керек. Маған 30 см жетпей тоқтады. Сол кездегі қорқынышты айтып жеткізу мүмкін емес. Мен өлдім деп ойладым. Бір кино сияқты, түс сияқты. Бір уақытта төбеміздегі багаждар құлай бастады. «Тез шығыңдар, жарылады» деп айқайлап жатты. Біреулер шыңғырып жалынып жатты құтқарыңдар деп», - деді мұғалім. Назым Мамырбекқызы ұшақтың оң жағындағы есіктен әупірімдеп шығып үлгереді. Жерге секіріп түскенде аяғын темір сырып кеткен. Басқа жарақаттан дін аман қалған. «Мен де жарылады дегенді естіп, кетіп қалсам деген ой болды. Бірақ аяғым бастырмады. Әрең түстім де, дірілдеп, қармен ұзай бердім. Құлағым тарс бітеліп қалған. Шок. Адамдар шамалары келгенше түсіп, жан жаққа бытырап беті ауған жаққа кетіп жатты. Бір есімді жисам, ұшақ ұшатын жолға шығып кетіппіз. Сары жилет кигендер айқайлап, қайтыңдар самолет мыжып кетеді деп шақырып алды. Әйтеуір келдік. Сол кезде бізге автобус келіп, аэропортқа алып кетті. Күйеуіме бірден звондап, самолет ұша алмай қалды дедім. Катастрофа болды деп айтпадым. Әуежайға келгенде бізге медиктер, жедел жәрдем психологтар көмектесе бастады», - деді Назым Абағанова. Жыл мұғалімі атағының жеңімпазы сол күнгі қорқыныштан әлі есін жия алмай жүргенін айтты.