АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ЖАЙЛЫ ПІКІРТАЛАСЫ
АЛАШ АРЫСТАРЫНЫҢ ЛАТЫН ӘЛІПБИІ ЖАЙЛЫ ПІКІРТАЛАСЫ
Ғылым-білімнің есігін ашатын кілті іспеттес жазу-сызудың рухани өміріміздегі маңызы зор. Өз дәуірінің өзекті мәселелерін дер кезінде көтеріп отыратын қазақ баспасөзінің назарынан әліпби мәселесі тыс қалған емес. Тарих беттеріне үңілсек жазу, әліпби мәселесі ауық-ауық пікірталас тудырып отырған күрделі мәселенің бірі болып саналды. Қазақ даласына ислам дінімен бірге енген араб жазуы он ғасырдан астам қолданыс тапты. Қазақ жерін отарлап алған Ресей патшалығы түркі халықтарын рухани біріктіріп отырған араб жазуының орнына орыс жазуын енгізуді көздеді. Миссионер ғалымдар араб таңбаларының қазақ тілінің дыбыстық жүйесін нақпа-нақ бейнелеудегі олқылықтарын көлденең тартып кириллицаға көшіруге әрекеттенді. XIX ғасыр басындағы қазақ оқығандары сан ғасырлар бойы пайдаланып келген араб таңбаларының кемшіліктерін жоюға тырысты. Олар өз ойларын «Түркістан уәлаяты», «Дала уәлаяты», «Айқап», «Қазақ» сынды басылымдарда ортаға салды.
«Дала уәлаяты» газетін шығарушылардың бірі Д.Сұлтанғазин аталған басылымның 1899 жылғы 22,23 сандарында басылған мақаласында қазақ тіліне орыс әрпін пайдалану керек пе әлде араб жазуын жетілдіріп қолдана беру қажет пе деген мәселені талқылайды. Автор қазақ халқы басқа түркі халықтары сияқты араб таңбаларын пайдаланып келгенін, оны тастап басқа әліпбиді аламыз дейтіндерге қосылмайтынын айта келіп: «Себебі қазақ білмейтін бір бөтен әліпби шығарғанша, бұрынғысын түзеткені жақсы», – дейді. Қазаққа орыс әріптерін енгізуді ұсынатын миссионер ғалым Н.Ильминскийге қатысты көзқарасын былай аңғартады: «Бір білімді адам Ильминский деген қазақ сөздерін орыс әріптерімен жазса керек, орыс әріптеріне бірақ өзгертсе керек дейді. Бұл кісінің сөзі де онша келісімді емес. Себебі бұл Ильминский орыс әліпбиіне көп латын әріптерін қосады және орыстың өз әріптерін біртүрлі қылып өзгертіп, орыс әліпбиін тым қиын қылып жібереді».
Д.Сұлтанғазин қазақ сөзін жазуға өзгеріссіз алса, орыс, латын таңбаларының да сәйкес келе бермейтінін, жаңа алфавит қабылдағаннан гөрі «қазақтардың не заманнан бері ғадет алып үйренген» араб әліппесін қазақ тіліне лайықтап бірақ өзгерту туралы ұсыныс жасайды. «Солайша өзгерткен уақытта, – деп жазады ол, – араб қаріптері мұнан да жақсы болар еді». Осы мазмұндас пікірді 1912 жылы «Қазақ» газетінде басылған А. Байтұрсынұлының «Бастауыш мектеп» деген мақаласынан да аңғарамыз: «...қазақты орысқа аударамыз деген пікір бәрін бүлдіріп отырған. Сол школдар арқылы қазақ тілін жоғалтып, орыс тіліне түсіреміз дейді, қазақ тұтынып отырған араб қарпін тастатып, орыс қарпін алдырамыз дейді. Сол үшін балалар ана тілімен оқымай, орыс тілімен оқысын. Ана тілімен оқыса да, орыс қарпімен оқысын дейді. Өкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі де бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу. Ал халыққа керегі – өз діні, тілі, жазуының сақталуы» деп қазақтың дініне, тіліне, жазуына төніп келе жатқан қатерді ескертеді.
Кеңес үкіметі орнағаннан кейін де әліпби мәселесі күн тәртібінен түспегенін сол тұстағы баспасөз материалдарынан көруге болады. Ал КСРО құрамына енген түркі халықтарын араб таңбаларынан латынға көшіру мәселесі көтерілген тұста қазақ зиялыларының арасында қызу пікірталас туындады. 1923-1929 жылдары қазақ баспасөзі «арабшылдар» мен «латыншылдар» пікірталасына кеңінен орын берді. «Еңбекші қазақ», «Ақ жол», «Сары арқа», «Жаңа мектеп», «Жаршы» сынды басылымдарда А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Дулатұлы, Е.Омарұлы, Н.Төреқұлұлы, Ә.Байділдаұлы секілді арыстарымыздың аталған мәселеге қатысты жарияланымдары жарық көрді. Белгілі қоғам қайраткері, журналист Әбдірахман Байділдин «Еңбекші қазақ» газетіндегі «Біздің жобамыз» атты мақаласыңда Мәскеуде қызметте және оқуда жүрген қазақ жастарының латыншылдар ұйымын ашқанын айта келіп, күн тәртібінде бұл мәселенің қойылу себебін былай түсіндіреді: «Елді сауаттандыру керек. Бұл игі істі тездетуге араб әрпі жарамсыз, тез хат танытып, тез жаздыруға қолайсыз. Оның баспа ісіне де кедергілері көп. Саны 24-28, ал басуға, жазуға келгенде 100-ден асады. Шым-шытырық нүктелер көп, жазу оңнан солға қарай, ал цифрлар солдан оңға қарай оқылады, пән белгілеріне жарарлық таңбалар жоқ». Ә.Байділдаұлы ескі әріптерді жамап-жасқап кәдеге асырайық дегендерді алға қарай дамуда «жауыр ат пен шиқылдаған сынық арбаны» тастағысы келмегендер яғни арабшылдар, ескішілдер, ал латын әрпін «өзі жүйрік, өзі берік отарбаға» теңеп, мұны жақтаушылар «жаңашылдар» деп баға береді. «Осы жүйрік көліктерге мінуден қорықпайық, болашағы зор, көптің құралы латын әріптерін үйреніп, мәдениетті жұрттармен тез жақындасудың жолына түсейік. Бұл жол адастырмай азаттыққа апаратын төте, дұрыс жол» деген пікірде болды.
Ахмет Байтұрсынұлы «Ақ жол» газетіндегі «Баспа қаріптерін түзету туралы» тақырыпты мақаласында «Әзербайжан жобасы латын қарпін алу болса, ол тіпті алынбайтын жоба ғой. Халыққа хат таныта алмай жүргенде, хат білгендерімізден айырылып қалуымыз мүмкін» деген пікірін білдіреді. Ғалым араб таңбалары бір тұрпатты болғанда баспа ісіне, хат танытуға әкелетін пайдасы мол екенін айтады. Оған дәлел ретінде Қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде жасаған баяндамасында жасаған тұжырымдарына тоқталады. Аталған съезд әліпби, қаріп мәселесіне байланысты ашылатын болғандықтан, оның қарсаңында «латыншылдар» да, «арабшылдар» да өз пікірлерін баспасөз беттерінде жариялады. Жүсіпбек Аймауытов «Жазу мәселесі туралы соңғы сөз» деген мақаласында «Ақаңның жазба мәшинеге арнап шығарған таңбалары қабылдансын» дей келіп, съезд қарсаңында латын қарпіне көзқарасын да ашық айтады. «Жүзден төрт-ақ адам хат танитын қазақтың көзін ашамыз деп жүргенде, біржола жаңа қаріпке түсіп кетсек, сол төртеуін соқыр қылып алу қаупі бар». Осы тұста айта кететін бір мәселе, Кеңес үкіметі орнағаннан кейін кеңселердегі жазу мәшинелеріне төрт түрлі болып келетін араб таңбалары үйлеспеді. Қазақ әліпбиін жазу мәшинелеріне ыңғайлап өз жобаларын ұсынушылар Жантөрин, Ахметжанов, Алпаров және Байтұрсынұлы сынды азаматтар болды. Ж.Аймауытов Байтұрсыновтың осы жобасын айтады.
Мәскеуде, Ташкентте латыншылдар ұйымдары құрылды. 1924 жылы маусым айында Орынборда өткен Қазақ-қырғыз білімпаздарының тұңғыш съезінде осы мәселе кең көлемде талқыланды. Съезде баяндама жасаған Ахмет Байтұрсынұлы түрік жұртының тоқсан пайызы араб таңбаларын пайдаланып келеді, әрқайсысының хат мәдениеті бар, бір әріпті тастап екінші әріпті ала қою оңай жұмыс емес, мұндай қаржы мен қайрат қазақ түгіл, түріктің қай жұртында болса да жоқ дегенді айтады. Ғалым сол тұстағы қазаққа латын әліпбиіне көшуден гөрі, қазақ тіліне ыңғайлап жасаған өз әліпбиінің (төте жазудың) тиімді екенін жан-жақты ғылыми негізде дәлелдеуге тырысады. Аталған жиында латын әліпбиіне көшуді ұсынып Нәзір Төреқұлов сөйлеген сөзінде «Біз латын әрпін қазаққа күшпен алдырғалы отырғанымыз жоқ. Латын әрпі үйрену-жазуға тым пайдалы, жеңіл. Түрік әрпінің біреуі төрт түрлі, латындікі бір ғана түрлі» деп араб таңбаларына қарағанда латын әліпбиінің баспа ісіне, бала оқытуға жеңілдігін дәлелдеуге тырысады. Осы съездегі қызу тартыс жайлы қаламгер Ерғали Алдоңғаров «Еңбекші қазақ» газетінде былай деп жазды: «Ахметті жақтап талай шешендер түрлі дәлелдер келтіріп, мысалыға қаріп белгілерін, сан белгілерін, қаріпті жию, теру жеңілдігін айтты. Латын қарпін қолдануға әлі ерте, орыс халқы алмағанда біз неге аламыз, қаріпке қызығып, мәдениетімізден айырыламыз деген түрде қарсылық білдірді. Съез мәселені баспасөз бетінде еркін талқыға салу қажетін, сондай-ақ Астрахан және Қарақалпақ қазақтарын қосып, толық съез шақырылатыны жөнінде қаулы шығарды». Қаламгер Ерғали Алдоңғаров «Еңбекші қазақтың» жауапты хатшысы бола жүріп, халыққа мәселенің мән-жайын түсіндіруді өзіне борыш санаса керек. «Өнердің басы – әліпби» (14.02.1926) деген мақаласында «Заман талабы, өркениетке жету жолы – латын таңбаларына көшу болып отыр. Партия жолынан таймай, бірте-бірте осы әріпке көшкеніміз жөн, керітартпалыққа салынбалық», – деп басу айтады.
«Еңбекшіқазақ» газетінде Мәжит Үмбетұлы деген оқырман былай деп жазады: «Латын қарпі, араб қарпі деген әңгіме басталып жүр. Араб қарпінен неге қаштық? Орыстың миссионерлері Елменский шығарған қаріптен Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тіліне икемдеген араб қарпі қазақ халқына аса қолайлы тиген жоқ па?»
Міне, осы секілді түрлі пікірлер қайшылығы туатыны дәл қазіргідегідей заңды құбылыс екенін жоққа шығара алмаймыз. Әрине, пікірталас тегіннен-тегін тумайтыны белгілі. Арабқа қарсылардың басты дәлелдері: араб таңбаларының төрт түрлі болып жазылуы. Оның техника құю, теру жұмыстарына келтіретін кемшіліктері еді. Араб таңбаларында қалуды жақтаушылар басқа әліппе алғанша, арабтікін жекелейік, кемшілігін түзетейік дегенді айтқан. «Латын әрпі жайында» («Еңбекші қазақ» 24.02.1927) деген мақаласында Жан Ахмет есімді автор латын әрпі жазуға жеңіл, қолайлы деген латыншылдардың пікірі негізсіз, дұрыс емес дейді. Латын әріптерінің көлденең сызықтары мен құйыршықтары толып жатыр деп мысалдар келтіреді. Балаға үйретуге жеңіл дегендері де бос сөз. Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуы өте қолайлы, оңтайлы деген пікірін автор орынды дәлелдейді. Аталған мақалада латыншылдардың бірқатар пікірлеріне тойтарыс береді.
Латыншылдар тарапынан Нәзір Төреқұлов «Тағы да жаңа әліпби туралы» («Еңбекші қазақ» 21.02.1927) деген мақаласында латын қарпіне көшу мәселесі Қырғыз, Өзбек, Түрікмен, Қарашай секілді шығыс елдерінің бірсыпырасында көтеріліп, қолдау тауып отырғанын айтады. Автор қазақ зиялыларының, оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының латын әрпін алуға «құбыжықтан» артық қарсы болып отыр деп ренжиді. Қошке Кемеңгеровтің «...мұндай өзгеріс жасауға қазақтың қалтасы тайыз, күші келмейді» сынды, Елдес Омаровтың «... қазаққа жаңа әріптің керегі жоқ, біздің маңдайымызға біткен ұлт әрпіміз бар. Өгей әріп қазаққа жанаспайды» деген көзқарастарын Нәзір Төреқұлов қатты сынайды.
Әліпби мәселесі жөнінде 1926 жылы наурыз айында Баку қаласында Түрік білімпаздарының съезі болды. Аталған жиынға Қазақстаннан Ахмет Байтұрсынұлы, Біләл Сүлейұлы, Елдес Омарұлы, Әзиз Байсейітұлы барды. Съезге түрік нәсілді ұлттардың көбінің өкілдерімен қоса Бартольд, Олденбург, Крымский, Менсель сынды батыс халықтарының профессорлары да қатысты. Съезде қосымша баяндама жасаған Әлімжан Шарапұлы «...емле түзеу жүзінде түрік жұрттарының алдағысы қазақ. Қазаққа латынға көшіп, көп қаражат, шығын шығарудың қажеті жоқ. Латын қарпінің қазіргі қарпімізден артықшылығы шамалы» дегенді айтты. Ахмет Байтұрсынұлы да азғантай күшімізді мектеп үйлерін салу мен оқулықтарға жұмсауымыз керек. Қаріп мәселесіне мұқтаждық туып отырған жоқ дегеннен танбады.
Нәзір Төреқұловты қолдаған «латыншыл» қаламгер Абдрахман Байділдин «Жаңа әліппе туралы» (1928 ж.) деген кітабында арабшылдардың бірқатар пікірлерін өткір сынға алды. Қаріп мәселесі төңірегіндегі қазақ зиялылары Қызылордада, Ташкентте бас қосқан жиындарда Міржақып Дулатов пен Қошке Кемеңгеров латыншылдарды халықтың мәдени және әлеуметтік жағдайын ескермегендіктен
«...желікке ерген демогоктар» дейді. Латыншыл Әбдірахман Байділдин осы пікірге Ә.Бөкейханов («Қыр баласы» деп көрсетеді) пен Елдес Омаров та қосылғанына қынжылады. Әбдірахман Байділдин «Қазан төңкерісінен кейін еңбекшілердің шаруашылығы дамыды, мәдени тілектері өсті. Оны орындауға араб әрпі жарамсыз. Латын таңбаларына көшу «желіккендік емес, заман талабы» дегенді айтады.
1927 жылдың қысында Қызылордада өткен айтыста арабшыл Ілияс Ахметұлы латын әрпін алу мәселесі Қазан төңкерісінен кейін туып отырған, патша отаршылдық саясатты күшейткен заманда туындады депті. Оның пікірінше, орыс патшасы татарды жеңіп, Азияны өзіне қаратып, латын әрпінің бір тарауына орыс әрпін алдыруға күш салған. Орыстың миссионерлері азғырып, дінін, тілін бұзу үшін оларға лайықтап дербес әріп шығарды. Латын әрпі түсін бояп келген орыс әрпі деген пікірін ашық айтты. Ал Ә.Байділдин бұл пікірге «латыншылдар-миссионерлер, латын әрпін алу – отаршылдық дегенге қазіргі заманда кім сенеді?» деп таңданады. Ілияс Ахметұлының бұнысы «дүмшелік» деп түйіндейді. Ақиқатына келсек, Ілияс Ахметұлының «отаршылдық» дегені жаны бар сөз. Халықты сан ғасырлар бойы пайдаланып келген жазуынан айыру, қордаланған жазба мұрадан қол үздіру, өткенін өшірумен, рухани тамырынан айырумен пара-пар емес пе? Смағұл Сәдуақасовтың «...латын әрпін алудың саяси қорқынышы бар, молдалар қарсы болады. Араб таңбалары ислам дінінің таянышы, әріптен қол үзсек дінімізден де қол үземіз» деген көзқарасын Ә.Байділдин мен Н.Төреқұлов «ескішіл», «діншіл» деп жерден алып, жерге салады. Сондай-ақ Ж.Аймауытов, Қ.Кемеңгеров, М.Дулатовтардың латын әрпін алсақ, халық жаппай сауатсыздыққа ұрынады деген ескертпелерін халықты үркіту үшін айтылған деп санайды.
Қошке Кемеңгеров пен Міржақып Дулатов «латын әрпін алуға ерте, алдымен одан басқа керектерімізді орындауымыз керек» деген мәселе көтереді. Оларға Нәзір Төреқұлов «неге ерте, неге кеш емес? Бұларыңыз дұрыс десек қалыңмал алу әдетін жою да ерте, қазақтың республика болуы да ерте, Мадияр мен Қошмамбеттердің «лапылдап» қарсы шығулары да ерте» деп жауап қайтарған.
1927 жылы Қызылордада шыққан «Әліппе айтысы» деп аталатын жинаққа арабшылдардың да, латыншылдардың да пікірлері толық енгізілді. Ахмет Байтұрсынұлының араб әліпбиін жақтаған баяндамасын, Телжан Шонанұлының латын таңбаларын жақтап сөйлеген сөзін, сондай-ақ Омарұлы Елдес, Ермекұлы Әлімқан, Бұралқыұлы Мұстапа, Байтасұлы Абдулла сынды қаламгерлердің пікірлерін ұсынған.
Бірнеше сауат ашу құралдарының авторы, қаламгер Телжан Шонанұлы әліпби мәселесі көтерілгелі бері пікірталасушылар емле мен әліпбиді шатастыруда дей келіп, «Емлеміз жақсы дегенге қосыламыз. Бірақ таңбамыз, әліппеміз, арабымыз жақсы дегенге қосылғым келмейді. Орыс жолдастар: қазақ латын әліппесін алса, қазақша тез үйренеміз дейтін көрінеді. Бұл тіл мен әліппені шатастыру болады. Бұл да дұрыс емес. Осындай шатастырулар арабшыл жолдастар арасынан көбірек табылады» деп Елдес Омаровтың «латыншылдар ғылым терминдерін қазақшалауға қарсы» деген пікірін теріске шығарады. Телжан Шонанұлы әліппе өзгерсе тіл өзгереді дегендердікі жөнсіз деген тұжырымға келеді. Қаламгер қай әліпби тілге үйлесімді, жазуға жеңіл, сауат аштыруға қолайлы, баспа ісіне тиімді деген мәселелер төңірегінде өз тұжырымдарын айта келіп, Ахмет Байтұрсынұлының бірқатар ұстанымын теріске шығарады.
1928-29 жылдары латын-қазақ әліпбиін жасаушылардың бірі Халел Досмұхамедұлы болды. X.Досмұхамедұлы қазақ халқы қолданып отырған араб таңбаларын тастап, латын қаріптерін алуға қарсы болғандығын мынадай пікірінен аңғартады: «...Нәзір айтқандай, менің латын әрпін алуға қарсы екенім рас. Бірақ латынға қарсы екенімді біле тұра маған латын әріптерінің жобасын жазып беруге тапсырған соң, сол жобаны жасағаным да рас».
Сөзінің соңында қайраткер ғалым «...жазу мәселесі өте зор мәселе. Оны жете тексеріп барып шешу керек» деп ескертеді.
Латын қарпіне көшуге байланысты пікірталас 7-8 жылға созылды. Қазақ зиялыларының көпшілігінің қарсылығына қарамастан қазақ елі 1929 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Орталық кеңес комитеті IV сессиясының қаулысымен латын қарпіне көшірілді. Жаңа әліпті мерзімді басылымдар арқылы насихаттау бағытында Орталық жаңа әліпби комитеті 1929 жылы «Жаршы» журналын шығарды. 1935 жылы жаңа қаріпті насихаттау мақсатында «Төте оқу» газеті жарық көрді. Аталған басылым 1939 жылдың наурыз айынан 1941 жылдың сәуіріне дейін «Сауатты болуға көмекші» деген атпен шығып келді. 1941 жылы «Жаңа жазу» деп өзгерді.
Қашанда өз заманының өзекті проблемаларын көтере білген қазақ баспасөзінің бетінен әліпби мәселесі, ол жайындағы қызу пікірталастар ауық-ауық көрініс беріп отырды. Өйткені жазу, әліпби әрбір халықтың рухани және мәдени өсуімен қатар даму деңгейін көрсететін аса зор әлеуметтік мәні бар құбылыстың бірінен саналады. Оның кешегісі мен бүгінгісінің қоғамымыздың даму заңдылықтарымен бірге өзгеріске ұшыраған өзіндік тарихы бар. Түркі халықтарының әліпбиі отарлаушы елдердің жойқын күшімен сан түрлі өзгеріске ұшырап, тағдыр тәлкегін бастан кешірді. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін жазу алмастыру мәселесі тағы күн тәртібіне қойылып, осыған қатысты әртүрлі пікірлер баспасөз бетінде көрініс берді.
1993 жылы 30 желтоқсанда белгілі филолог Әбду-әли Қайдар «Ана тілі» басылымындағы «Кемел елге, кемел әліпби керек» деген Елбасына арналған ашық хатында латын таңбаларына көшуді ұсынған болатын. Осы ұсыныстан кейін әліпби ауыстыру мәселесіне қатысты баспасөзімізде төрт түрлі пікірдегі жарияланымдар орын алды.
Біріншісі, латын таңбаларына көшуді ұсынушылар. Екіншісі, кириллица таңбасында қалуды жөн көретіндер пікірі. Үшіншісі, Ахмет Байтұрсынұлы түзген төте жазуға ауысуды дұрыс санайтындар. Төртіншісі, көне түркі жазуына көшуді қолдайтындар.
Осы пікірлердің қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін анықтап, сараптама жасап, баға беретін уақыт келді.
Қазақстан халықтары ассамблеясының XII сессиясында Елбасы сөйлеген сөзінде бес мәселеге ерекше тоқталып өтті. Солардың бірі латын әліпбиіне көшу мәселесі болды. Президент өз сөзінде «Қазақ әліпбиін латынға көшіру жөніндегі мәселеге қайта оралу керек. Бір кездері біз оны кейінге қалдырған едік. Әйтсе де, латын қарпі коммуникациялық кеңістікте басымдыққа ие. Және де көптеген елдер, соның ішінде посткеңестік елдердің латын қарпіне көшуі кездейсоқтық емес. Мамандар жарты жыл ішінде мәселені зерделеп, нақты ұсыныстармен шығулары тиіс» деп атап көрсетті. Саяси-әлеуметтік жағынан, мәдени-рухани қырынан қай әріп қазаққа қолайлы, тиімді екенін зерттеп, бір тоқтамға келетін сәт туды.
Мәрия МАЙЛЫҚҰТОВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университеті журналистика факультетінің оқытушысы
«Түркістан», №5, 1 ақпан, 2007