Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы қандастармен тығыз байланыста
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы қандастармен тығыз байланыста
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Тарихи Отанына оралған шетелдегі қазақтар көп болып қолдау көрсеткенде ғана Қазақстанға тез бейімделіп, еліміздің толыққанды азаматына айналмақ. Елбасының бастамасымен құрылған Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы да осы мақсатта қызмет етіп келеді. Ұйым сыртта жүрген қандастарымыздың күнделікті тыныс-тіршілігінің барлық салаларына қатысты ірілі-ұсақты мәселелермен тұрақты шұғылданып келеді. Қазақ диаспорасы шеңберінің ұлғаюы нәтижесінде алыс-жақын шетелдердегі ағайынмен сан-салалы байланыстарды жетілдіру жолдарын өз қызметінің негізгі өзегі деп біледі. Сондай-ақ республикадан тысқары, шетелдерде жүрген қазақ диаспорасымен жан-жақты байланыс орнату, мәдени және білім беру мәселелері жөнінен жәрдемдесу де қауымдастық қызметінің бір саласы болып есептеледі. Тарихи Отанына көшіп келген оралмандарға әлеуметтік қамқорлық жасап, қайырымдылық шараларын ұйымдастырады. Қауымдастықтың атажұртқа оралған қандастарға шапағатын тигізген ізгі істері жайлы ұйымның баспасөз қызметінің басшысы Сырымбек Төлеуұлы айтып берді.
– Шетте жүрген ағайындар туралы сөз қозғалғанда, ойымызға бірден Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы түседі. Ұйым қолға алған жобалар жайлы толығырақ айтып берсеңіз.
– 2017 жылы Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы өткенін білесіздер. Сол құрылтайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың берген тапсырма бойынша қауымдастық Төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков шетелдегі қандастарды елімізге көшіріп әкелуді мақсат еткен ауқымды жобаны қолға алды. Екі жылдан бері «Асар» жобасы секілді жаңа форматтағы «Тұрғын үй және жұмыс» жобасы жүзеге асырылуда. Нұр-Сұлтан қаласынан 10 шақырым жерде 42-разъездің қасынан ауыл шаруашылығына арналған 196 гектар жер сатып алынды. Бұл жер телімдерін 1 282 отбасы иеленді. Олардың барлығы – оңтүстік өңірден келіп, ЕХРО–2017 құрылысына атсалысқан, енді солтүстікте тұрақтап қалғысы келген оралман отбасылар. Оларға жайлы пәтерлер мен үйлерден тұратын шағынаудан құрылысы жоспарланып отыр. Бұл агроқалашықта 3 500 жұмыс орны ашылады: 300 гектар жерге жылыжай салынады, ауылшаруашылық өнімдерін сататын көтерме базар және жылқы өсіретін орталықтар құрылады. Баға нарық бағасынан екі есе төмен болады. Бұл жылыжайларда өсірілген көкөністер сапалы әрі арзан болмақ. Сонымен қатар жылқы өсіріп, бордақылайды. Бұл жоба кейін еліміздің 9 облыс орталығында құрылады.
Сонымен қатар Түркістан облысының Келес ауданында да қандастарға арналған қалашық бой көтермек. Бұл аудан Ташкентке тиіп тұр. Ташкенттегі 3 млн адамға ет-сүт өнімдері жетіспейді. Елімізге көшкісі келетін қандастарымыз үшін 200 гектар жерге агроқалашық салу жоспарланып отыр. Географиялық орналасуына байланысты өзбек кәсіпкерлермен бірлесіп, ет-сүт өндіру, мал жемдеу, жеміс-жидекті израильдік технологиямен өңдейтін кәсіпорын құру мүмкіндігі де бар. Кооператив құрылса, жергілікті шаруалар мал бордақылауға жемшөп дайындап, сүт өнімдерін, жеміс-жидек пен көкөністерін өткізер еді. Мұның өзі де қосымша жұмыс орындарын ашады. Жоба бойынша мұндай жерлерге арнаулы білімі бар 35 жасқа дейінгі жастарды шақыру жоспарланған. Қолға алынған іс ойдағыдай жүзеге асса, 3 500 адам жұмыспен қамтылмақ.
– Елімізге көшіп келген отбасылармен де байланыстасыздар ма? Олардың тұрмыс-тіршілігі жайлы біліп отырасыздар ма?
– Әрине, Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Қазақстанға қоныс аударған қандастардың жұмысқа орналасуына, кәсіп ашып, өз ісін дөңгелетуіне барынша қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, күзде Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан 13 отбасын Павлодар облысына көшіріп әкелдік. Олардың барлығы көпбалалы, тұрмысы төмен отбасылар. Дәрігер, мұғалім секілді қоғамға қажетті мамандар болғандықтан, жұмыс табудан аса қиналған жоқ. Жергілікті әкімдік олардың үй-жайларын қамдап, әлеуметтік мәселелерін шешіп берді.
– Шетелдегі қазақ жастарын елімізде оқыту ісінің аяқ алысы қалай?
– Қауымдастықтың бас кеңсесі Нұр-Сұлтан қаласына көшкен соң, қандастардың оқу, білім алу мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп келеді. Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, ЖОО дайындық курстарына шет елдердегі қазақ диаспорасы өкілдеріне квота көлемі артып келеді. 2018 жылы шет елдерде тұратын қазақ жастарына 860 грант берілсе, 2019 жылы ЖОО дайындық бөлімдеріне 1 000 орын бөлінді. Содай-ақ биыл алғаш рет магистратураға – 125 грант, докторантураға – тағы 10 грант бөлініп отыр. Бұл жұмыстардың барлығы шет елдегі және елге келген ағайынды қолдап, жәрдемдесу үшін жасалып жатыр. Ең негізгі мақсат – алыс-жақын шет елдегі қазақтардан, әсіресе жастардан айырылып қалмау.
.
Сұхбаттасқан Анар ЛЕПЕСОВА