Қытайда 40 генерал тұтқынға алынды
Қытайда 40 генерал тұтқынға алынды
Өткен аптада Қытай Халық республикасы өзінің қарулы күштерін күрделі реформалауды бастады. Мемлекеттің Орталық әскери кеңесінің басшылығымен кездескен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қытай халық-азаттық армиясын (ҚХАА) басқару жүйесі түбегейлі қайта құрылымдалатынын мәлімдеді. Өткен жылдан бастап қорғанысын нығайтуға ерекше күш салған Аспан асты елінің бұл әрекетін алыс-жақындағылар сан-саққа жүгіртуде.
Қуатты әскер – ірі реформалар
Қытайдың қуатты әскер құруға бағытталған реформалары 2015 жылдың 31 желтоқсанындағы салтанатты рәсімнен бастау алды. Заманауи армияны жасақтаудың алғашқы қадамы ретінде Қытай халық-азаттық армиясының Ракеталық әскері және Стратегиялық қолдау әскері құрылып, ҚХР төрағасы олардың қолбасшыларына қарулы күштердің жаңа туын табыстады. ҚХАА-ның Ракеталық әскері Орталық әскери кеңеске тікелей бағынған және күні бүгінге дейін стратегиялық ядролық қарулардың эксплуатациясы үшін жауапты болған Екінші артиллериялық корпустың базасында құрылды. 1966 жылдың 1 шілдесінде жасақталып, әскердің өз алдына жеке бір түрі ретінде қызмет етіп келген корпус жаңа реформаның негізінде қарулы күштердің құрамдас бөлігіне айналды. Мұндай өзгерістер әскердің күш-қуатына айтарлықтай әсер ете қоймайды деген ой туындауы мүмкін. Алайда әскери-саяси көзқарас тұрғысынан пайымдағанда, ҚХАА Ракеталық әскерінің жасақталуы Пекиннің ұлттық қауіпсіздікті қолдан келетін кез келген тәсілмен нығайтуға ниетті екенін аңғартады. Оның үстіне, Қытай өз қолында ядролық қару және оны тасымалдау құралдары бар екенін жасыруды қойған. Яғни, зымырандық-ядролық бағдарламаның құпиялылығын сақтауға жұмылдырылған Екінші артиллериялық корпустың енді қажеті шамалы. 31 желтоқсанда ҚХР төрағасының қолынан ту алған Стратегиялық қолдау әскерінің құрылымына қандай күштер енгені әзірге беймәлім. Қытай үкіметі ресми ақпарат таратпағандықтан, шетелдік БАҚ бейресми дерек көздеріне сүйеніп, Стратегиялық қолдау әскерінің құрамына ғарыштық әскерлер, киберкеңістікте жұмыс істеуге машықтанған құрылымдар мен қарулы күштердің өзге түрлеріне көмек көрсетуге жұмылдырылатын басқа да бөлімшелер енуі мүмкін деген болжам жасауда. Ресми Пекин әзірге жаңа күштерді жасақтаудың қыр-сырын ашуға асығар емес. 11 қаңтарда Орталық әскери кеңестің және онымен сабақтас құрылымдардың да басқару жүйесі өзгертілетіні мәлім болды. ҚХР Орталық әскери кеңесі – мемлекеттің барлық қарулы күштері мен Халықтық қарулы полицияны бақылауда ұстайтын басты құрылым. Қорғаныс саласындағы негізгі қызметтерге осы құрылым жауапты, ал Қорғаныс министрлігі азаматтық құрылымдар және халықаралық байланыс үшін ғана жауап береді. Яғни, бұл жолғы реформа армияны басқару жүйесінің негізгі тармақтарын түгел қамтиды деген сөз. Реформа жүргізілгенге дейін Орталық әскери кеңестің құрамында төрт басты құрылым болды. Олар: ҚХАА Бас штабы, Бас саяси басқарма, Тыл жөніндегі бас басқарма (өткен ғасырдың 30-жылдарында құрылған) және Қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану жөніндегі бас басқарма. Жаңа реформаның нәтижесінде бұрынғы басқару жүйесінен тек Орталық әскери кеңес қана қалмақ. Әйтсе де, оның құрамы едәуір өзгерістерге ұшырайды. Кеңестің құрамына 15 басқарма мен департаментті біріктіру жоспарланған. Олардың әрқайсысы қарулы күштер жұмысының әр саласына жауап бермек. Ал Орталық әскери кеңес барлығының жұмысын үйлестіріп, негізгі шешімдерді қабылдайтын болады. Қолда бар деректерге сүйенсек, ҚХАА Бас штабының функциясын жаңа Біріккен штаб өз мойнына алмақ. Ал Қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану жөніндегі бас басқарманы Қару-жарақ және әскери техника жасау басқармасы алмастырады. Сондай-ақ, Саяси жұмыстар департаменті, Тылдағы қолдау жөніндегі департамент, Ұлттық қауіпсіздікті мобилизациялау департаменті, Ғылым мен технологиялар жөніндегі комиссия, Саяси-құқықтық комиссия және өзге де құрылымдар жасақталмақ. Олар бұрынғы құрылымдардың функцияларын өзара бөлісіп алады. Ресей Стратегиялар мен технологияларды сараптау орталығының сарапшысы Василий Кашиннің айтуынша, бұл реформаны қытайлар ұзақ уақыт бойы түзген. Маман радикализм деңгейі бойынша бұл өзгерістерді 2008 жылы Ресейде сол кездегі Қорғаныс министрі Анатолий Сердюковтың жетекшілігімен басталған радикалды әскери реформаға ұқсатады. Сарапшының сөзіне сүйенсек, бұл реформаның басты мақсаты – ҚХАА-ны заманауи жағдайдағы әскери қимылдарға бейімдеу, ел шекарасынан жырақтағы қақтығыстарға дайындау.ҚХАА: төңкерістен бүгінге дейін
Негізі 1924-27 жылдарда, Қытайдағы революциялық өрлеу кезеңінде қаланған Қытай халық-азаттық армиясы – Қытай Халық Республикасының орталық және жергілікті соғыс органдарымен, соғыс-ғылыми және оқу орындарымен бірге жаяу әскерлердің және теңіз соғысы мен әуе соғысының қарулы күштері. 1927 жылы Гоминьдан топтарының контрреволюциясы төңкеріс жасағанда Қытай коммунистік партиясы көптеген қарулы көтерілістер (Наньчан көтерілісі, «Күзгі егін» көтерілісі, Гуанчжоу көтерілісі, т.б.) ұйымдастырды. Көтеріліс барысында революциялық әскери отрядтар мен құрамалар құрылды. Бұлардың бір бөлігі алыстағы селолық жерлерге барып, шаруаларды аграрлық революция жасауға жұмылдырды, революцияның тірек базаларын құрды. Бұл халық әскерлері кейін Қытайдың Қызыл Армиясы деп аталды. 1927-28 жылы ұйымдасқан Қызыл армия отрядтары мен құрамалары Қытайда революциялық армия құрудың игі бастамасы болды. Бұған Қытай коммунистік партиясы тікелей басшылық етті. 1927 жылдың 1-тамызы – Наньчан көтерілісінің басталған күні бүгінде Қытайда ҚХАА-ның туған күні ретінде жыл сайын аталып өтіледі. Дәл осы күні Аспан асты елі өз армиясының жапон басқыншыларына, сондай-ақ гоминьдан әскерлерінің шабуылына қарсы қайсар күресін еске алады. Олардың тұрақты күшінің саны 1937 жылы 92 мыңнан 1945 жылы 1 млн. 280 мыңға жеткен болатын. 1947 жылдан бастап ҚХАА барлық майданда гоминьдан армиясына қарсы стратегиялық шабуылға шықты. Ал 1949 жылы 1-қазанда Қытай Халық Республикасы жарияланғаннан кейін, ҚХАА гоминьдандықтардың сарқыншақтарын, контрреволюцияшыл күштерді жою, АҚШ империалистерінің Қытай шекарасын бұзуға бағытталған әрекеттеріне тойтарыс беру жолындағы күресін бастады.Күші көп – мысы басым
«Егер сіз қарудан бас тартсаңыз, соғысуға дайын болыңыз» деген екен Юлий Цезарь. Әлемді жаулаған әміршінің бұл сөзі күні бүгінге дейін өзектілігін жоймады десек, қателеспейміз. Жыл алмасып, ғасыр жаңарған сайын қалқаны мықты елдің қауқары да, экономикасы да, әрі-беріден соң, саяси ықпалы да жоғары болатынына көзіміз жете түсті. Қаруы мықты, қуаты күштілер бір-бірімен мүйіздесуді тоқтатар емес. Жыл сайын кімнің әскері айбынды, кімнің қаруы қарымды екенін қаперімізге салып отыратын халықаралық Global Firepower Index ұйымы 2015 жылы да қарулы күштердің қуаттылығы жөнінен әлем бойынша көш бастап тұрған мемлекеттердің рейтингісін жариялаған болатын. Қытай АҚШ пен Ресейден кейінгі үшінші орыннан көрінді. Дайын армия саны 1,4 миллион, ал резервтегі армиясы 850 мың адамды құрайтын, 56 мың бірлік соғыс техникасы мен 2384 бірлік теңіз әскери күшіне және 18234 бірлік әуе қарулы күшіне ие АҚШ-тың қорғаныс саласында сөзсіз көшбасшы екеніне ешкімнің таласы жоқ. Қазіргі күні Пентагон әлемнің 130 елінде әскери база ұстап отыр. Олардың жалпы саны 7 мыңның көлемінде. Оның 6 мыңы АҚШ-тың өзінде болса, 1 мыңға жуығы өзге мемлекеттердің аумағында. Сондай-ақ Пентагон әлемдегі ең ірі жылжымайтын мүлікке ие. АҚШ әскери ведомствосында 600 мың ғимарат бар. ХІХ ғасырдан бастау алатын Пентагонның әскери базаларының тарихы 1898 жылы АҚШ-тың Испаниямен соғыса отырып Филиппин, Мариан аралын, Куба және Пуэрто-Риконы тартып алуынан һәм сол жерге өз қарулы күштерін орнатуынан басталған. Ал екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Америка Исландия, Солтүстік Африка, Үнді мұхиты, Германия, Италия, Франция, Жапонияда және Кореяның оңтүстік аймағында әскери база ашты. 1960 жылы Ақ үй 42 мемлекетпен 8 ауқымды әскери қарым-қатынас орнату үшін келісімшартқа отырды. 2001 жылы 11 қыркүйектегі оқиғадан кейін лаңкестікке қарсы соғысу үшін АҚШ әлемнің әр елінде 19 жаңа әскери база ашуға мүмкіндік алды. Иракқа басып кірген соң, ол елдің территориясында 6 база ашылды. Ал АҚШ-тың осы салада соңғы жылдары қол жеткізген жетістігіне келер болсақ, Румыниядан ашылған Констанца базасын айтуға болады. НАТО-ға мүше мемлекеттердің кейбірінде (Балтық жағалауы елдері, Болгария, Польша) ғана Пентагонның әскери базасы жоқ. Ал әскери қуаттылығы жөнінен дүниежүзінде екінші орында тұрған Ресей Федерациясының қарулы күштерінде дайын әскер саны 1 миллион адам болса, резервтегі армиясында 20 миллион адам бар. Солтүстіктегі көршіміз 9 мың бірлік соғыс техникасына, 223 бірлік теңіз әскери күшіне және 2747 бірлік әуе қарулы күштеріне иелік етеді. Ресейдің өз аумағынан тыс жерде 7 әскери базасы бар. Сириядағы Тартус әскери-теңіз базасынан басқасы ТМД елдерінде. Бұдан басқа Ресейдің Абхазияда 1 500, Оңтүстік Осетияда 900, Приднестровьеде 1 мыңға жуық бітімгершілік күштері бар. Сондай-ақ, Ресей әскери әуе күштерінің Белоруссия және Әзірбайжанда баллистикалық зымырандарды бақылайтын стансасы орналасқан. Бұған Ресей жалға алып отырған біздің Байқоңыр ғарыш айлағын қосыңыз. Армиясы мен қару-жарағының саны бойынша әлемде үшінші орында тұрған Қытайда дайын армия саны 2,2 миллион адамды құраса, резервтегі армиясы 800 мың адам. Аспан асты елі 57,5 мың бірлік соғыс техникасына, 972 бірлік теңіз әскери күшіне, 5176 бірлік әуе қарулы күшіне ие. Қорғаныс саласына бөлінетін қаржы көлемі жөнінен де Қытай дүние жүзіндегі үздік үштіктің қатарында. Әлем проблемаларын зерттеудің Стокгольм институты (SIPRI) дайындаған баяндамаға сүйенсек, өз қазынасының 141 млрд. долларын тұрақты түрде қорғаныс саласына жұмылдыратын Пекин қауіпсіздігін арттыру үшін жыл сайын 640 млрд. доллар жұмсайтын Вашингтоннан кейінгі екінші орында. Бүкіл әлемде қорғанысқа бөлінетін қаржының 11 пайызы қытайлардың қалтасынан шығатынын да біреу білсе, біреу білмес. Өткен жылдың наурызында Бүкілқытайлық халық өкілдері жиынының сессиясында ел премьері Ли Кэцян: «Біз мемлекет қауіпсіздігін бірінші орынға қоямыз. Әскерімізді қамтамасыз ету арқылы халқымыздың бейбіт өмір сүруін сақтауымыз керек. Былтыр біздің бұл салаға бөлген қаржы 12,2 пайызға артса, биыл тағы 10 пайызға арттырмақпыз», – деген болатын. Экономикасының қой жылындағы өсімі жоспардағыдан анағұрлым төмен болса да, Қытай қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны кеміткен жоқ.Бейжіңде мынадай бар, мынадай бар...
Тіршілік атаулыны түп-тұқиянымен жойып жіберуге қауқары жететін санаулы мемлекет бар десек, соның бірі – Қытай. Аспан асты елінің ядролық қуаты әлдеқашан құпия болудан қалған. Жойқын қарудың ең алғашқы сынағын Бейжің 1964 жылы 16 қазанда өткізді. Лобнор көлінің жағасында қуаттылығы 20 килотонна болатын ядролық қаруды сынап көрді. Үш жылдан кейін дәл сол жерде термоядролық қаруының да «беташарын» жасады. Бірақ Қытай билігі мұны қанағат тұтқан жоқ. 2006 жылы 9 қазанда қуаттылығы алғашқы қарумен шамалас тағы бір жойқын жарылғышты сынап көрді. Үш жыл үзілістен соң, 2009 жылдың 25 мамырында қуаттылығы 12 тонна болатын баллистикалық снарядты ауаға атты. Содан соң ядролық қару саны жөнінен АҚШ-ты қуып жетеміз деген меже қойды. Ел Конституциясына стратегиялық қарулану туралы өзгертулер мен толықтырулар енгізілген соң Қытайдың бұл іске шындап кіріскені түсінікті болды. АҚШ Қорғаныс министрлігінің Конгреске арналған есебіне (Military and Security Developments Involving the People’s Republic of China) сүйенсек, Қытайдың қазіргі ядролық арсеналы жер астында және сүңгуір қайықтарда орналасқан 50-75 континентаралық баллистикалық зымыраннан және қысқа қашықтыққа арналған 1100 баллистикалық зымыраннан тұрады. ҚХР қарулы күштерінің жоғары технологиялық қару-жарақтар мен әскери техниканы дайындауда елеулі жетістіктерге жеткенін дәлелдейтін тағы бір деректі жуырда АҚШ-тың Қорғаныс министрлігі жариялаған еді. Ведомствоға сілтеме жасаған америкалық БАҚ-тың ақпаратына сүйенсек, Қытай 42 мыңнан астам ұшқышсыз ұшатын ұшақтар жасауды қолға алған. Біраз уақыттан бері әскери технологияның сәніне айналған ұшқышсыз құрылғылар бұрын Батыс әскерлерімен, ең әуелі, АҚШ әскерімен байланыстырылатын. Енді бұл үдеріс Қытайда да жалғасын тапты. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, ұшқышсыз ұшақтар Аспан асты елін әскери авиақұрылыс саласында әлемдік көшбасшылар қатарына қосатын фактор болуы мүмкін. Қытайдың азаматтық дрондарды өндірудегі және пайдаланудағы елеулі жетістіктері соның іргетасы болып табылады. Кейбір бағалаулар бойынша алдағы он жыл ішінде Қытайдың авиациялық-өндірістік корпорациясы ұшқышсыз ұшақтар өндірісінде әлемдегі жетекші орынға шығады. Бүгінде Қытай түрлі мақсаттағы ұшқышсыз ұшақтарды дайындап қана қоймай, пайдалануға да кірісті. «Илунь», «Лицзян» және «Әуе қылышы» деп аталатын үлгілері дәл тигізетін қарулармен жабдықталған. «Лицзян» үлгісіне «стелс» технологиялары орнатылған. Радарға түспейтін бұл ұшақты барлау қызметіне пайдаланады. Онда радиотолқындарды анықтайтын құрылғылар кешені орналасқан. 2015 жылдың мамыр айында әлеуметтік желілерде қытайлық «Аспан қыраны» атты ұшқышсыз ұшақтың алыстан түсірген «тыңшылық» суреттері пайда болды. Бейресми сарапшылардың пікіріне сүйенсек, бұл ұшақ америкалық И-2 бомбалаушы ұшақтары мен F-22 истребителін қосқанда, жаңа ұшақтар мен кемелерді табу және олармен күресу үшін құрылған. Қытай үшін мұндай ұшақтар даулы аудандарға әскер кіргізуге мүмкіндік беретіні үшін ерекше маңызды болып отыр. Әскери дрондарды пайдалану елдегі саяси мүмкіндікті арттырады. Оған 2013 жылы орын алған оқиға дәлел. Қытайдың осындай ұшағы Жапониямен арадағы даулы аймаққа жақындаған еді. Жапон үкіметі мұндай жағдай қайталанатын болса, ұшақтарды атып түсіретінін мәлімдеді. Өз кезегінде, Қытай билігі ұшақтар атып түсірілсе, мұны «соғыс актісі» ретінде қабылдайтынын білдірген болатын. 2015 жылдың қыркүйек айында Қытайда өткен Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің және қытай халқының Жапониямен соғыстағы жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатты шеру де Бейжіңнің қорғанысты күшейткенін көрсетті. Қытай тарихындағы ең ірі әскери шеру Қазақстан, Ресей, Моңғолия, Мысыр, Чехия, Оңтүстік Корея, Пәкістан бастаған 23 елдің мемлекет және үкімет басшылары және 11 халықаралық ұйым өкілдерінің басын қосты. Тяньаньмэнь алаңының бойымен Қытай қарулы күштерінің 50-ге жуық эшелоны, яғни 12 мың сарбазы, 40 түрлі 500 техникасы жүріп өтті, аспанға 20 түрлі 200 ұшақ көтерілді. Парадқа қатыстырылған техниканың 84 пайызы заманауи, соңғы үлгідегі қарулар екенін де атаусыз қалдыруға болмас. Мұның бәрін Қытай сырт көздің назарына алғаш рет шығарды. Жеңіс құрбандарын еске алу, тағзым етуге, ортақ қатердің алдында әлем халықтарының ынтымақтастығын, жұдырықтай жұмылған бірлігін көрсетуге бағытталған шара десек те, бүкіл әлемнің назарын Бейжіңге аударған әскери шеру арқылы Қытай өзінің әскери қуатын көрсетіп, айналасына айбатын танытқандай боп көрінді.Қытай офицерлері осал ма?
Сарбазы мен техникасының санына, салаға бөлінетін қаржының көлеміне, үздіксіз жүргізіліп келе жатқан модернизациялауға қарамастан халықаралық сарапшылар Қытай армиясының осал тұсы көп екенін алға тартады. Үлкен әскердің әуресі де аз болмаса керек. Қытай қорғанысындағы ең өзекті мәселелер – Халықтық-азат ету армиясының қолындағы қарудың сапасыздығы мен білікті офицерлерінің аздығы. Былтыр Қытайдың Қорғаныс министрлігі Ішкі Моңғолия провинциясында танктердің қатысуымен «Солтүстікке сермелген қылыш» деп аталатын әскери жаттығу өткізген болатын. 48 сағатқа созылған іс-шара кезінде 40 танкі істен шықты. Бұл оқиға Қытай армиясына үлкен соққы боп тигені айтпаса да түсінікті. Әскери жаттығу аяқтала салысымен Қытай коммунистік партиясы 27-армияның бронетанк бөлімінің командирі Хоу Миньцзюньді жауапқа тартты. Бірақ бүкіл әскердің міні үшін бір адамды сынға алу нәтиже бермесі анық. Асылында, «Солтүстікке сермелген қылыш» жаттығуының сәтсіздікпен аяқталғанына таңғалудың қажеті жоқ. Өйткені 10 мыңға тарта танкінің барлығы дерлік көненің көзі. Нақтырақ айтсақ, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жасалған Т-55 деген атқа ие кеңестік машиналар. Жыл сайын жөндеу мен ішінара модернизациялау кезінде аты дүркіреген танкілердің ғұмырын айтарлықтай ұзартқаны рас. Бірақ тозығы жеткен дүние тұраламай қойсын ба? 90-жылдардан бастап ZTZ-99 деп аталатын кеңестік және батыстық артықшылықтарды бойына жиған танкі құрастыра бастағаны белгілі. Алайда War on the Rocks атты америкалық сайттың ақпаратына сүйенсек, Қытайдың сауытты танк бөлімшелерін жаңарту процесі тым баяу жүріп жатқанға ұқсайды. Жылына қарулы күштер бар-жоғы 15-20 танкіні қабылдап алады екен. Келесі партия келгенше, жаңасы ескіріп, ескісі музейге тапсырылатындай жағдайға жететін көрінеді. Қытайдың қолданыстағы әскери ұшақтарының көпшілігі де ескінің сарқыншағы. Бүгінде Бейжің J-11 шабуылдаушы ұшағымен мақтанып отыр. Өткен жылы jaqsy.kz порталында жарияланған «Қытай әскері де «китайский» ма?» атты мақаласында журналист Нұрбек Бекбау қытайлардың бұл ұшағы кеңестік Су-27СК жойғыш ұшағының көшірмесі екенін тілге тиек еткен еді. Олар техниканың сүйегін, яғни каркасын мінсіз жасағанымен, қозғалтқышын жасай алмаған. Әлі күнге дейін Аспан асты елі өзінің J-11 шабуылдаушы ұшағына қозғалтқышты Ресейден сатып алып отыр. Көршісінен авиақозғалтқыштарды сатып алуды доғару үшін Қытай бірнеше рет сол моторды өзі жасап көрмек болды. Мәселен, қытайлар 2007 жылы WS-10 деп аталатын реактивті қозғалтқыш құрастырды. Бірақ оның 3 мың шақырымнан соң өзінен-өзі өшіп қалатын ақауы анықталды. Әскери сарапшылардың айтуынша, WS-10 моторын әр 30 сағаттан соң бір тексеріп отырмаса болмайды. Ал америкалық ұшақтардың қозғалтқышы 400 сағатқа емін-еркін шыдас береді. Қытай армиясының күшін кемітіп тұрған тағы бір фактор – сарбаздардың тең жартысы қазіргі заманғы соғыстарда жауды жайпап салуға мүмкіндік беретін жаңа, өте күрделі қарулардың тілін білмейді. Аспан асты елінің офицерлері стратегия мен тактикаға келгенде ақсайтыны да жатжұрттық мамандарға жақсы мәлім. Бейжіңнің «бір бала» саясаты да қорғанысына кері ықпал етуде. НАТО-ға қарайтын RAND корпорациясының дерегіне сүйенсек, 2012 жылы Қытайдың ядролық қаруын арқалаушы Екінші артиллериялық корпусы бункерде 15 күндік әскери жаттығу өткізген. Сонда қытайлық офицерлер жер астындағы 2 аптаға төтеп бере алмаған. 7 күн өтер-өтпес уақытта әскерилер осалдық танытып, жағдайдың қолайсыздығына шағымдана бастаған. Соның салдарынан Қытай сүңгуір қайықтарын алыс рейдтерге жібере алмай әуреге түсіп отыр. Мамандар сарбаздардың мұндай қылығын Қытайдың 50 жылдан бермен жүргізіп келе жатқан «бір бала» саясатының кесірі деп есептейді. Өйткені Қытай халық-азаттық армиясы офицерінің 80 пайызы жанұяда жалғыз бала болған. Кішкентай күнінен әке-шешесінің мейірімі мен махаббатын жалғыз өзі иемденіп, еркелеп өскен баланың есейе келе өзімшілге айналатыны ешқандай ғылымның түсіндірмесінсіз-ақ белгілі. Әскерге барғанда бір-біріне қараспайтын, ауызбірлігі жараспайтын мұндай жігіттер әзірге айналасына сес көрсетуге әлсіз-ақ. Мемлекет ішіндегі «мемлекеттің» – Қытай армиясының рухын аласартып тұрған да сол. Үлкен әскердің үлкен әлегін еңсеру үшін Қытай әлі талай жылын сарп ететін тәрізді.