Арыстан баб
Арыстан баб
Арыстан бабтың есімі дереккөздерде және қазақ, қырғыз, өзбек, тәжік елдерінде әртүрлі (Арыстанбап, Арстанбап, Арслан-Баб, Арсланбоб, Арслонбоб т.т.) жазылған, біз Арыстан баб нұсқасын қолдандық. Ал енді арабша емледегі Салман Аль-Фарисидің есімін, негізінен мақаладағы оқиғаларға орай, қазақша айтылған нұсқа бойынша Сәлмен парсы деп те алдық.
Шәуілдірдегі Арыстан баб. Отырарбәнд
1970 жылдары мектепте оқып жүргенімізде, бір күні әкеміз: «Ертең Шәуілдірдегі (қазіргі Отырар ауданы) Арыстан баб әулиеге, одан ары Қожа Ахмет Ясауидің Түркістандағы мешітіне зиярат етуге барамын, сені де алып барайын», – деді. Ауылымыз – Арыс өзенінің сол жағалауында. Ертеңіне әкем бесін намазын оқыған соң, қашыр будандас үлкен жүрдек есегімізге мінгесіп алып, жолға шықтық. Өзеннің арғы жағына өткен соң, әкем жолшыбай әңгіме айтып отырды. «Бүгін – бейсенбі, бүгін Арыстан баб әулиесіне түнеп, ертең жұма намазға дейін Түркістанға жетеміз. Арыстан баб мазарына дейін қырық шақырым, ар жағы елу шақырым» –деді. Күн еңкейген жаққа бет түзеп, өзенді жағалап, жыңғылдардың арасындағы соқпақ жолмен жүріп, Арыс қаласынан солтүстікке қарай бет алған теміржолға жеттік. Оны бойлап бір стансаға келіп ат басын тіредік, сусындық іштік. Ғимараттың маңдайына «Тимур» деп жазып қойыпты. «Тимуры несі?» деп сұрадым әкемнен. «Тура жазылмай қалған ғой. Бұл аумақты ертеректе Әмір Темір Көреген деген кісі билеген. Ордасы осы төңіректе болған. Қыстақ, кейін станса соның атынан аталып қалған» деді әкем. Одан ары жүріп отырып, «Утрабад» деген разъезге келдік. Мұны да әкем түсіндіріп берді: «Мұның дұрысы – Отырарбәнд, «Отырарда байланған» дегенді білдіреді. Әмір Темір Көреген Қытайға жорыққа бара жатып, осы жерде жаралы болған. Сонда оның жарасын дәкемен таңып байлаған. «Бәнд» деген – «дәке», дәкемен байлау («Бәнд, банд» дегеннің «бинт» екенін кейін білдім). Әмір Темір сол күні, жолда бара жатып, бір қыстаққа жеткенде қайтыс болады. Ол жер қазір Бөген (қазіргі Ордабасы) ауданының орталығы – Темірлан ауылы. «Лан» дегені парсы тіліндегі «ленг» болса керек. «Ақсақ» деген сөз. Әмір Темірдің «Ақсақ Темір» деген лақап аты бар» деп, әкем Отырарбәндтен үш-төрт шақырым жерде ежелгі Отырар қаласының орны барын айтып, шығыс тарапта көрініп тұрған үлкен жалпақ төбені нұсқап қолын меңзеді. Сосын бұл ескі шаһар бұрын Фараб деп аталғанын, осы қалада Фараби деген атақты ғалымның туғанын айтып берді. Базар-Қорғанның Арыстан баб ауылында туып-өскен ғалым, Жалалабад университетінің ардақты профессоры Ұлығбек Абдусәлямов Арыстан бабты XII ғасырда осы ауыл-қыстақта қайтыс болған деп есептейді. Бұл жөнінде жергілікті тұрғындардың шежіре кітабында жазылыпты. Ауыл бұрын Ұлұш, Құз-Ұлұш деп аталған. Арыстан бабтың мазарына зиярат етушілер көп келетін болып, қыстақ Арыстан баб деп аталып қалған. «Қайтыс болған» деп мазары тұрған соң айтылса керек. Арыстан баб есімінің бірнеше нысандарға қойылғаны, бұл өңірде Арыстан бабтың өмір сүргенін дәлелдейді.Даниил пайғамбар және Арыстан баб
Өткен ғасырдың басында Қырғызстанның Базарқорған аумағына келген Ресей оқымыстысы, өлкетанушы, саяхатшы, поляк князі В.Масальскийдің қырғыз ақсақалдарынан жазып алған аңызы Арыстан баб туралы жұмбақ сырды одан сайын қоюлата түседі: «Бұл жердегі орман алып батыр Арыстан бабтың қолымен отырғызылған, оның тәжірибелі бағбандық атақ-даңқы әлемге жайылыпты. Арыстан баб жөнінде естіген Даниил пайғамбар елдің айтқан сөздерінің шындығын білейін деп, Дашман орманына келгенде, бұл маңның ғажайыптығына, батырдың баптап өсірген бау-бақшаларына таңырқайды. Даниил пайғамбар Арыстан бабтың Мұхаммед пайғамбарға бағбаншылық өнерін үйретуі үшін, ол туылғанға дейін Жаратқаннан өмірін ұзартуды сұрайды. Тілегі қабыл болып, Арыстан баб Мұхаммед пайғамбардың дәуіріне дейін өмір сүріпті» (Россия. Полное географическое описание нашего отечества. Туркестанский край. Санкт-Петербург, 1913 жыл, 19 том, 710 бет). Мұнда князь Масальский діни аңызды өз дініне қиыстырып, асыра шауып жібергенге бе деп топшылаймыз. Библияда Даниил пайғамбардың Новухудоносор, Кир (Персия) патшалардың заманында өмір сүргендігі жазылған. Бұл біздің дәуірімізге дейінгі VI ғасыр. Даниил пайғамбар мен Мұхаммед пайғамбардың арасы мың жылдан асып кетеді. Бірақ Даниил пайғамбардың Орта Азияда болғаны жөнінде деректі де ұшыраттық. Оның Самарқан қаласының төңірегінде мазары болыпты. Әйгілі Әмір Темір Самарқанның жанындағы бір ауылды соғысып ала алмай қойған. Сосын не кереметі бар деп, тыңшыларын жіберіп біліпті. Ауылдың іргесінде Даниил пайғамбардың моласы бар екен. Оның сүйегі жатқан жер қасиеттілігінен ауыл бәле-жаладан, біреулердің зорлық көрсетуінен дәйім тыс болып тұрған. Әмір Темір Даниил пайғамбардың сүйегін түнде қаздыртып алып, өзі жаулап алған жерге қайта жерлеп, сосын ауылды басып алыпты.Әмір Темір және Сәлмен парсы
Қырғызстанда Арыстан бабтың зираты бар екенін білген соң, аңыздың шындық екеніне сендім және қалған төртеуі қайда екен деп кей-кейде ойлап қоятынмын. 1980-жылдардың ортасында «Әмір Темірдің аманаты» деген кітаптың өзбекше нұсқасы қолыма тиіп, ежелеп оқып шықтым (кейін кітаптың қазақша нұсқасы да қолға тиді). Кітапта Әмір Темірдің имам Мұса Қазымның, имам Мұхаммед Накидің және Салман парсының мазарларын күтіп ұстауға өзінің қол астындағы Жазаирдан және Мадаин қалаларынан түскен салықтардан қаражат бөліп тұруға жарлық шығарғаны жазылыпты. Әрине, мұнда қазіргі Қырғызстандағы немесе Қазақстандағы мазарлар емес, Сәлмен парсы бір кездері мұсылман дінін орнатуға күш салған Ирак жеріндегі Мадаин қаласы туралы сөз болуда.Салман аль-Фариси. Мадаиндегі мазар
Арабтың ортағасырлық Аббас Малики деген ғалымының (бұл кісі Мұхаммед пайғамбардың немере інісі, сахаба Абдуллаһ ибн Аббас болуы мүмкін) «Парсының Сәлмені» («Салман аль-Фариси») деген шағын кітабында Сәлменнің шын аты – Рүзбе екенін жазады. Ол Иранның Исфаһан қаласының жанындағы Жей деген қыстақта туыпты. Мәрзбан деген ауқатты да білімді адамның жалғыз перзенті. Әкесінің жолын қуып, зәрдөшт дінін тұтынады. Жасөспірім кезінде Салман (тыныштық орнатушы) деген атты өзі таңдап алып, осылай аталып кетеді. Бір күні ол әкесінің тапсырмасымен егістікке бара жатып, христиандардың әндетіп, Құдайға жалынып жатқанын естиді, олардың әуені қатты ұнап, сол жерде бөгеліп қалады. Сол сәттен бастап баланың есіл-дерті осы дінге ауады. Сәлмен әкесімен ақылдасып, христиан дініне өту ниетін білдіреді. Әкесі қатты ашуланып, кетіп қалмасын деп баласын қамап қояды. Не керек, бала үйінен қашып шығып, Шам қаласына барып, мәсиһ шіркеуіне (Иса пайғамбардың дініндегі) қызметші болып, дінін де қабылдайды. Сәлмен одан ары Мосул, Нәссибейн, Әмурийе қалаларындағы шіркеулерде қызмет істейді, бұл дінді терең меңгереді. Әмурийе қаласының дін басшысы өлер кезінде Сәлменге: «Мен саған керемет бір игі хабар айтамын. Талай қиыншылықты кешесің, бірақ келешекте ақырғы пайғамбармен кездесесің. Пайғамбардың келуі туралы біздің Қасиетті кітабымызда айтылған. Ол Арабстаннан шығады, оның арманы адамзатқа лайықты жақсы өмір орнату» – деп болашақ пайғамбардың үш белгісін айтады. «Екі жауырынының ортасында пайғамбарлық таңбасы бар. Сол кісіге жетуге тырыс», – деп христиан попы өсиет қалдырады. Поп қайтыс болған соң Сәлмен Әмудария өзенінің жағасындағы Әмурийе қаласына келген саудагерлерге ілесіп араб жеріне барып, Мұхаммед пайғамбарды іздеп табады, оның арқасындағы пайғамбарлық мөрді көріп, мұсылман дініне кіреді. Ол Мұхаммед пайғамбардың ең жақын, сенімді адамдарының, сахабаларының бірі болды. Мұхаммед пайғамбар оған «Салман – менің отбасымның мүшесі» деп мәртебе берген. Сәлмен Иранда мұсылман дінін таратқан. Мұхаммед пайғамбардың ирандықтардың мұсылман дінін арабтардан да қатты ұстайтыны жөнінде айтып кеткен сөзі бар. Бұл Сәлменнің ықпалымен болғанға ұқсайды.