Жамбыл Артықбаев: Елорда мен Түркістан тарихы біте қайнасып жатыр
Жамбыл Артықбаев: Елорда мен Түркістан тарихы біте қайнасып жатыр
Сан мәрте ұлтымыздың тағдыры талқыланып, түрлі шешім қабылданған Түркістан шаһарының қазақ халқы үшін орны бөлек. Бұл қалада қазақтың небір ұлы тұлғалары дүниеге келген. Шамшырағы қайта жанған көне шаһардың тарихы да тым ертеден бастау алады. Осы ретте, еліміздің рухани астанасы – Түркістан қаласының көне тарихы жөнінде тарих ғылымының докторы, профессор Жамбыл Артықбаевпен сұхбаттасқан едік.
– Түркістан қаласының тарихына қатысты анықтамалықтардың бәрінде шаһар тарихы V-VI ғасырдан бастау алады деп көрсетілген. Бұл қаншалықты негізді дерек?
– Иә, Түркістан тарихын V-VI ғасырдан басталады деген датаны пайдаланатыны рас. Түркістанның тойын да соған ыңғайлап өткізіп жүр. Шын мәнінде, бұл ешқандай дерекке негізделмеген дата. Түрік қағанатының тарихы сол V-VI ғасырдан басталады. Бұл дата соған ыңғайланған. Ал шын мәнінде, Түркістанның тарихы одан әлдеқайда ертеден бастау алады. Сонау неолит, энеолит дәуіріне дейін барады. Неге дейсіз ғой? Түркістан аймағында қызмет атқарған археологтар бұл өңірдің тарихы тереңде жатқанын дәлелдеген. Басқасын айтпағанда, қазақ жеріндегі ерте тас дәуірінің тұрақтары Қаратаудың екі жағында да аз емес екенін дәлелдеген Х.Алпысбаевты атасақ та болады. Түркістан қаласының айналасындағы Шоқтас, Қошқорған сияқты Тас дәуірі ескерткіштері бұл өңірде әуелгі адам, кем дегенде 550 мың жыл бұрын мекен еткенін көрсетеді.
Мен осы биыл Таңбалы жар деген жерде болдым. Ол Түркістаннан Ұлытауға қарай шығатын жолда Бетпақдаланың ортасын қия кесіп жатыр. Бетпақдала – шөл, сол шөлдің ортасында тұрған оазисте неолит қоныстары жердің бетінде жатыр. Неолит дәуірінде қолданылған әртүрлі шапқылар, тастан жасалған қайрақтарды жердің бетінен теріп алдым. Қазір бұл заттар менің қолымда тұр.
– Демек, сіз айтқандай Түркістан өңіріндегі қалалық мәдениеттің көне тарихын неолит дәуірімен байланыстырсақ қателеспейміз ғой...
– Жалпы, XVIII ғасырдың басында Түркістанда да, Түркістанның маңайындағы қалаларда да небір ғұлама хазіреттер, шежіреші адамдар болған. Сол уақытта қазақ жеріне орыс ғалымдары келе бастаған. Қазақ даласына келген орыс ғалымдарының ішінде П.Рычков деген болған. Ол 1740 жылы Орынборда отырып қазақ тарихы жайында білетін адамдардың бәрінен сұрап, жазып отырған. Сол П.Рычков: «Түркістан мен оның аймағындағы жерлердің көнелігі жағынан барлығынан да алда екенін айтқанымыз жөн. Себебі Түркістан қаласы татарлардың тарихи шығармаларында Бұхара қаласынан көп бұрын салынған деп айтылады, айтуларына қарағанда ерте заманда билік осы қаладан басталған және бүкіл Азияға тараған. Орынборда өмір сүретін ахун осы қаланы Яфеттің ұлы Түріктің немерелері салды және сол тұста атын да алды дейді, сол себепті сол аймақтағы қалалар, тіпті Үндістан мен Қытайға дейінгі, атап айтсақ, Кашкар, Табат, Еркень, Ходжант, Ташкент, Мартикан, Фантак, Янгы, Хасар, Хитяк, Утрар, Сабран, Барзягин және басқалары Түркістан билігіне қарап тұрған. Осы аймақты олар ескі заманда Яссы деген атаумен атаған, ол Түркістаннан да көне делінеді. Осы мағлұматтардың барлығын жоғарыда аталған ахун арабша және татарша кітаптардан көшіріп алған» деп жазады. Демек, Түркістан тек қана Қазақстан жерінде ғана емес, жалпы Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Менің қолымда бар деректерге және орыс зерттеуші ғалымдары, шығыс ғұлама ғалымдарының деректеріне сүйенер болсақ, Бұхара, Самарқан, Ташкент сынды қалалар пайда болмай тұрып, Түркістан болған.
Енді Түркістанның ең көне құрылысы, ең көне орны – Яссытөбеге келетін болсақ, бұл төбе Әзірет Сұлтан күмбезінен 200 қадам жерде тұр. Қазіргі заманда Күлтөбе деп аталады. Ерте уақытта Яссытөбе деп аталған. Яссы – сонау көне арийлер заманынан қалған атау. Яғни, түріктерге, Тұран дәуіріне дейін арийлер дәуірі болғанда қала сол Яссыдан басталды дейді. Біздің ойымызша, Күлтөбе қорғанының төменгі қабаты қазіргі жыл санауымызға дейінгі екінші, тіпті үшінші мыңжылдыққа қатысты деректерді берсе керек. Себебі П.Рычковқа ақпарат берген ғұламалар Түркістанды Бұхарадан гөрі көне қала, өркениет пен мемлекет осы Түркістаннан басталады деп отыр. Ал Бұхара қаласының іргесі б. з. б. 1-мыңжылдықтың орта шенінде қаланған. Бір қызығы, Әзірет Сұлтан күмбезіне таяу орналасқан қасиетті Күлтөбе, ежелгі тарихтағы Яссы әз Тәуке хан заманында да ел басшыларының бас қосып, «Күлтөбенің басында күнде кеңес» деп мемлекет ісін талқыға салатын қасиетті қара орын қызметін атқарды.
– Түркістан тарихын сөз қылғанда сол өңірдің маңайындағы қалашықтарға тоқталмай кетуге болмас. Әсіресе, өзіңіз зерттеп жүрген Қарнақтың құпиясы қаншалықты ашылды?
– Түркістаннан Қаратауға қарай жүрсеңіз, Қарнақ деген қышлақ бар. Қазақ, өзбек, сарттар мекендейді. Бұлар – ежелден отырықшы халықтардың тұқымдары. Қарнақ халқы қазаққа өзгелерінен қарағанда бір табан жақын. Осы «Қарнақ» атауына байланысты мен 2-3 жыл бұрын үлкен бір зерттеу жасадым. Сонда анықтағаным Түркістан маңайында 7 түрлі «нақ» бар екен. Соның біреуі – Қарнақ. Одан кейін Сунақ (Сығанақ), Ташанақ, Шобанақ, Шорнақ, Жүйнақ (Жүйнек). Түркістан аймағында осы жеті «нақ» өзара жерасты жолдарымен жалғасқан, жау шапқанда ел бір қаладан екіншісіне жан сақтап кетіп отырады екен деген аңыз бар. Бұл – рас. Жақында менің бір шәкірттерім сол жерасты жолын тапты. Ол бұрын да белгілі екен. Сол жерасты жолдарымен жалғасқан қалалардың ортасы – Түркістан. «Нақ» деген сөз «дәл осы жерде» деген мағынада герман, үнді Еуропа тілдерінде де қолданылады. Яғни, бұл тым көне сөз болып тұр. Демек, германтілді халықтармен біздің тіліміз ажырамай тұрған уақытында бұл сөз болған ғой. Мысалы, Сығанақ дегеніңіз Сунақ, нақ судың жағасы дегенді білдіреді. Неге? Өйткені Сырдарияның жағасында тұр. Шорнақ шордың жанында тұрған қоныс деген сөз. Ташанақ тастың жанында тұр деген мағынаны білдіреді.
Енді осылардың ішінде Қарнақтың атауы – «Қара нақ». Қаратаудың нақ баурайында тұр деген сөз. Қарнақты зерттеп едім, толып жатқан көне заманның ескерткіштері. Тіпті, әлі шеті де зерттелмеген, шынын айтқанда. Бертін араб мәдениеті келгеннен бергі дәуір өзінше бөлек жатыр, ол жерде неше түрлі құлпытастар бар. Негізінен, Қарнақ бір қорық жер болуы керек. Тағы бір айта кететін жайт, Қазақ хандығы заманында Қарнақ ғылым-білім ордасы болған. Онда Совет үкіметі орнағанға дейін 22 медресе, 4 мешіт болды. Қазақтың хандары, аталықтары, төлеңгіттері, қожалары сол жерде оқыды, сол жерде сабақ берді. Қазақтың соңғы ханы Кенесары мен Наурызбай да сонда оқыған. Бұл – дәлелденген факті.
– Ал Қарнақтың көне екенін дәлелдейтін қандай атаулар бар?
– Қарнақ – ғалымдардың, абыздардың мекені. Қазақ хандығының ғылымы сол жерде болған. Египеттің оңтүстік жағалауында, Нілдің жоғары ағысына қарай Қарнақ деген ғибадатхана бар. Мысырдың фараондары сол жерде жерленеді. Олардың қорымдары, храмдары, ғибадатханалары сол жерге жинақталған. Ал Еуропадағы Франция елінің батыс бөлігіндегі Бретаньда да Қарнақ атты қорым бар. Сонау неолит дәуірінен келе жатқан ғибадатхана. Үлкен балбал тастардан жасалған қорымдар сол жерде әлі тұр. Француздар оны әдемі аспан асты музейіне айналдырып қойған. Сонда оларға Қарнақ атауы қайдан барды? Оларда Қаратау жоқ қой. Қаратау бізде ғана бар. Сол Қаратаудың баурайында Қарнақ бар. Яғни, Қарнақ атауының біздің жыл санауымызға дейінгі екінші мыңжылдықтағы ұлы көштердің заманында Еуропаға да, Африкаға да барғанына дау болмаса керек. Міне, осыдан-ақ Түркістанның көне тарихы сезіле бастайды.
– «Түркістанды еуразиялық көне өркениет ошағы деп қарастыру керек» деген ойды айтып жүрсіз. Осы ойыңызды тарқатып айтып беріңізші...
– Қазақ баласы бұл жерді текке құрметтемейді. Ата-бабалары жатқаннан кейін құрметтейді. Және бергі заман емес, сонау көне заманнан бері келе жатыр. Тіпті, бүкіл Еуразияның қасиетті жері деп айтсақ болады. Мынадай бір әңгіме бар. Хорезмді Алтын Орда заманында Нағанай бек биледі. Қоңыраттың шежіресін осы Нағанайдан таратады. Нағанайдың қай жерде жерленгені анық. Сол Хорезмде Қият деген қалада жерленген. Нағанай өлгеннен кейін Хорезм өлкесін оның баласы Аққұсайын биледі. Аққұсайын өлген уақытында оны Түркістанға әкеліп жерледі. Әзірет Сұлтанның жанында. Содан-ақ біліңіз, Түркістанға деген құрметтің қандай болғанын, ол жердің қаншалықты киелі екенін.
Жалпы, еуразиялық өркениеттің алтын бесігі – қазақ жері. Еуразиялық аумақта бірнеше жерде жылқышылардың тұрақтары табылған. Былтыр археологтар Ертіс бойынан да тапты. Ол қоныстар өзіміз айтып отырған Бетпақдала, Ұлытауда да бар. Бетпақдаладан Әлкей Марғұланның өзі он шақты неолит қоныстарын тауып кеткен болатын. Мен былтыр біреуін таптым. Жылқышылар қауымдастығы қалыптасқаннан-ақ жылқы мінген, жылқыны игерген, мыңдап жылқы айдаған халықтар бүкіл Еуразия аумағын мидай араластырады. Өйткені жылқы деген жылдамдық, жылқы деген қару-жарақ, жылқы деген байлық, жылқы деген күш. Атқа мінген жауынгер адам қазіргі заманның танкісі сияқты. Атқа мінген бір адам отырықшылардың ауылына кіріп барса, оған ешкім қарсылық көрсете алмайды. Жылқы көрмеген отырықшы ел үшін ол аспаннан түскен қорқынышты құбыжықтай болып тұрады.
Бергі заманда испандықтар Америка үндістерін жаулап алу үшін атты алып барды емес пе?! Картес 300 атты жауынгермен бүкіл Ацтек мемлекетін қиратып шықты. Сол сияқты аталарымыз аттың арқасында әлемді бағындырды. Бүкіл Еуразияның бақташысы болып отырды. Мынау көшпелілердің ұлы қозғалыстары алдымен жылқышылардың ұлы қозғалыстарынан басталады. Шумер заманында әлі атқа көшпесе де, ұлы қозғалыстар сол заманнан бастау алады. Содан ақырындап Месопотамия, Еуропа жерлерінде мемлекет қалыптаса бастады. Одан кейін қазіргі Түркия жеріне хеттер барды. Түркияда Богазкөй деген хеттердің үлкен орталығы бар. Сол Богазкөйдің дәл ортасында Алашатөбе деген төбе тұр. «Алаша-күйік» дейді өздері. «Күйік» деген «төбе» деген сөз. Сол жерде бүкіл хет патшаларының архивтері табылып жатыр.
Хет мәдениеті, яғни жылқышылар мәдениеті біздің эрамызға дейінгі 3-мыңжылдықтың соңында Түркия жеріне барып орнығып, қазіргі Түркиядағы мемлекетшілдіктің бастауын жасады. Осы тіршілік ХV ғасырға дейін, яғни техника кіре бастағанға дейін жалғасып келді. Еуропалықтар кеме, суда жүзу мәдениетін игергенге дейін жылқышы тайпалар әлемдегі ең үстем күш болып келді.
Содан кейін техника пайда болып, кемелер мұхит айналып, отырықшылар жүзе бастағаннан кейін ғана біз өзіміздің позициямызды бердік. ХVIII ғасыр – Абылай дәуірі – біздің ең соңғы тұяқ серпіткен сәтіміз. Абылай осы мемлекетті ұстап тұрды. Көшпелілерден қалған жалғыз қауымды сол қалпында сақтап қалды. Оның жауынгерлік рухын, оның бүкіл өнерін, мәдениетін сақтады. Абылай өлгеннен кейін біз Еуразиялық орталық рөлінен айырылдық. Енді орталық Еуропаға көшіп кетті. Қазіргі уақытта әлемнің орталығы – Америка. Енді біраз уақыттан кейін бұл орталық басқа жаққа қарай көшуі мүмкін. Бұл – тарихи заңдылық.
– Түркістан – бүгінде еліміздің рухани астанасы болғанымен, әу баста экономикалық орталық болған. Ал қазір бұл міндет бас қаламыз Нұр-Сұлтанның еншісінде. Сіз елорда тарихын зерттеп-зерделеп жүрген тарихшылардың бірісіз. Екі шаһардың арасындағы тарихи байланыс туралы не айтасыз?
– Түркістан – әуел бастан экономикалық орталық болған жер. Өйткені сауда-саттық жүрген жер қашанда экономикалық орталық болады. Ал экономикалық орталық болған жер біртіндеп саяси орталыққа айналады. Өйткені хандар да жақсы жерде өмір сүргенді құп көреді. Сөйтіп, қазақ хандары Түркістанға орын тепті, Түркістанды астана жасады. Бірақ біз көшпелі елміз ғой. Түркістанда отырықшы халық – сарттар шаруашылық жұмысын, қолөнер жұмысын жүргізеді. Қазақ пен сарт бір-бірімен қатты араласып қалған ел. Өйткені қазақ малынан айырылып қалса бірден сарт болып шыға келеді. «Сарт» саудагер деген сөз. Сарт байып кетсе, малы көбейіп, көшпелі қазақ боп кетеді. Бұл үдеріс мыңдаған жылдар бойы жүрген.
Түркістан саяси орталық болғаннан кейін көшпелі елмен де тіл табысып отыруы керек. Сол үшін қазақтың хандары жазға қарай көшкен елмен бірге Арқаға қарай қоныс аударады. Сонда Тәуке ханның тоқтайтын жері Астананың маңындағы Күйгенжар деген ауыл болыпты. 2012 жылы Күйгенжардан әз Тәуке ханның жазғы ордасын таптым. Күйгенжардағы бейіттің ортасында қалып қойған екен. Ұзындығы 100, ені 60 метр болатын үлкен қорған бар. Ортасына киіз үй тігіп, орда тігіп, жаздыгүні сол жерде отырған. Ал аталықтар Түркістанда қала береді. Орданың жанындағы кеңсе қызметкерлері, күзетшілер, сарбаздар да сонда қалады. Олар елшіліктерді қабылдап, өздері де елші аттандыра береді. Түркістанның жанында да шағын жазғы орда болды. Ол Кәріз деген жерде. Мысалы, елшілік кеп қалса, сол жерде киіз үй тігіп қабылдайды. Ал негізгі жазғы орда Астананың жанындағы Күйгенжарда. Міне, елорда мен Түркістан тарихының біте қайнасатыны сондықтан. Бұл дәстүр сонау ғұн, қаңлы замандарынан бері бар. Олардың да хандары көшпелі елмен ат үстіндегі жауынгерлермен тіл табысып отыру үшін бірге көшеді екен. Егер сіз жауынгерлермен тіл табыса алмасаңыз, мемлекетіңіз шайқалып кетеді. Сондықтан сіз осылардың арасында жүруіңіз керек.
Тағы бір маңызды мәселе, біздің қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының байырғы атауы – Қараөткел. Неге Қараөткел? Қараөткел дегеніміз Есілдің бойындағы үлкен өткел. Мына Кенесары көшесі сол жерден басталады. Есілдің бойында шағын өткел бар. Ал Қараөткел өте жалпақ, табаны қатқыл. Судың биіктігі 50-60 см-дей ғана болады. Ол жерден мыңдаған түйе емін-еркін өте береді. Табаны езілмейді.
1781 жылы Абылай хан дүние салды, одан кейін билік әлсіреп кетті. Орыстар Абылай сияқты үш жүзді қайта қосып басқаруға мүмкіндік бермеді. Уәли 1820 жылы қайтыс болды. Содан кейін орыстар ақырындап кіріп, «хандық билік жойылды, енді округтер ашамыз» деп осы жерге отрядтарын жіберді. Олар қазақтың сұлтандарымен, мырзаларымен сөйлесіп, тіл табысуға ниеттенді. Нәтижесінде, Көкшетау, Қарқаралы сынды алғашқы округтер ашылды. Ол жерде Уәлидің, Бөкейдің ордасы болып еді.
Содан Ресей патшалығы Ақмоладан да округ ашпақ боп, мұнда да отрядтарын жібереді. 1820-1830 жылдары Шубиннің отряды келді, оның алдында Шангиннің отряды келген. Сол отрядтағылар Қараөткелді сауданың қайнаған ортасы деп атайды. Бұл жерге сонау Бұхара, Түркістан, Ташкент, Қашқариядан саудагерлер келіп, Астрахан, Қазанға қарай өтіп кетеді. Астрахан, Қазаннан келгендер осында кеп тоқтайтын көрінеді. Бәрі осы жерде саудасын, айырбасын жасайды да, қайта береді. Сондықтан бұл жерден жаз бойы сауда керуендері үзілмеген. Сіздердің газет редакциясы қазір сол сауданың қызу жүріп жатқан жерлерінің бірінде отыр. Өйткені Кенесары көшесінің бойын үлкен базар көшесі деп атаған. Саудагерлер өткелден өтеді де, осы жерде қоныстарын тіге бастайды. Бір сауда керуені 100 метр жерді алса, екіншісі келіп одан ары қарай тігеді.
Астананың ең алғаш салынған құрылысы да сауданың мүддесіне қарай салынған. Бұл қазіргі – Sine Tempore сауда үйі. Ол сонау Қазақ хандығы заманында салынған ең алғашқы құрылыс. Әлі күнге дейін сақталып тұр. Қазір Sine Tempore атанған ғимарат Совет заманында «ЦУМ» болды, Ресей патшалығы заманында «Гостиничный двор», ал қазақ заманында «Керуен сарай» болды. Осы маңайда бір мешіттің де құрылысы болу керек. Сосын бұл жерден ерте уақытта бір өлкетанушылар құбыр тауып алған болатын. Яғни, мұның бәрі ескі қаланың болғанын көрсетеді.
Түркістан тарихы энеолит, неолит дәуірінің соңына дейін барады деп айтып отырмын ғой. Қараөткелдің тарихы да біразға барады-ау. Бірақ нақты айта алмаймын. Дегенмен орта ғасырда бұл жерде қала болғаны анық. Ал Кемал Ақышев ағамыз қазған Бозоқ қаласы – ғұрыптық орталық. Ол шағын қалашық болғандықтан, онда қала өсе алмайды. Өйткені жан-жағының бәрі батпақ. Ал қала осы жерде болған. Міне, сол заманда-ақ Түркістан мен Қараөткел арасында сауда керуені жүріп жатқаны нақты.
– Жалпы, кез келген дүниенің пайда болуы белгілі бір қажеттіліктен туындайтыны белгілі. Ал көне қалалық мәдениеттің қалыптасуына, қалалардың пайда болуына не түрткі болды?
– Түркістан неге пайда болды? Түркістан – екі шаруашылық-мәдени даму жолының ортасында тұрған қала. Бір жағында көшпелі мал шаруашылығы, екінші жағында отырықшылық-егіншілік мәдениет пайда болды. Енді бұл екі мәдениет бір-бірімен араласпай қоймайды. Содан екі мәдениеттің шекарасында қалалар пайда болады. Өйткені дәл жапсарға кеп қолөнершілер орналаса бастайды. Мәселен, сіз жылқы бағып жүрген елсіз. Сіздің жылқыңыз бар, байлығыңыз бар. Жылқыны егіншілерге сатып, олардан дәнді дақыл сатып аласыз. Сол секілді сізде қолөнер бұйымдарына деген қажеттілік те туындайды. Мәселен, қыз ұзататын болдыңыз. Қызыңызға жасау керек. Оны жасау үшін қолөнершілер керек. Ал қолөнершілер әлгіндей жапсарға кеп отыра қалады. Сөйтіп, сол жерде қала пайда болады. Қаланы жасайтын егіншілер, малшылар емес. Қаланы жасайтын – қолөнершілер. Қолөнершілерден қала тарихы басталады. Олар екі шаруашылық өркениетінің ортасына кеп отырады да, сол жерді қалаға айналдыра бастайды.
Сонымен, жылқыны, малды қолға қалай үйретті, солай қалаларға деген қажеттілік пайда болды. Бұл – экономикалық заңдылық. Өйткені сіз мал бағып жүрген елсіз, қолөнермен айналыса бермейсіз ғой. Оны сатып алғаныңыз жақсы.
Сонымен, неолит дәуірінің соңында Түркістанда алғашқы қолөнершілердің қонысы пайда болды. Кейін энеолит дәуірінде жылқы шаруашылығы дамыған кезде әлгі қоныстар қалаларға айналды. Міне, Түркістанның көне тарихын ерте дәуірлермен байланыстыруға себеп көп. Яғни, Түркістан секілді қалалардың тарихын энеолит дәуірінен бастасаңыз, қателеспейсіз.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Әсел ӘНУАРБЕК