Сырласу баяны (Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әңгімесі)

Осы жылдың қазан айында қазақ әдебиетінің классигі, атақты жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов ағамыз 95 жасқа толды. Әбең ешқашан өзінің тойын тойламайтын адам. Бірақ биыл жан-жақтан азаматтар қолқалағаннан кейін Әбең келісіп, 95 жылдығын өткізді. Менің қолымда баға жетпес бір материал бар еді.

Еуразия университетінің ректоры болып тұрғанда, университетте арнайы телестудия аштым. Ондағы мақсатым – қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлғаларының өмірінің бір сәтін болса да таспалап, кейінгі ұрпаққа сақтап қалу еді. Кезінде Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан сынды ұлылардан сабақ алдым. Бірақ солардың бір сөзін де жазып ала алмадық, тіпті бірге суретке де түспеппіз. Ол кезде бүгінгідей технология дамымаған, бәрін сақтап алуға мүмкіндік жоқ болатын. 2003 жылы Әбең маған сәлемдесе келді, жанында сол кездегі Үкімет басшысының орынбасары Иманғали Тасмағамбетов бар. Әңгіме үстінде телестудия ашқанымды айтып, Әбеңе қолқа салдым. «Әбе, сәті түсіп тұрғанда, пайдаланып қалайық. Бүкіл өміріңізді еркін баяндап беріңіз, біз телестудияда таспаға түсіріп алайық. Сіздің өмірбаяныңыз ертеңгі ұрпаққа керек», – дедім. Не керек, Әбең келісті. Содан 5 күн бойы Әбеңнің өз өмірі жайлы әңгімесін таспаға түсірдік. Жанына марқұм Ақселеу Сейдімбекті отырғызып қойдым. Сол сұхбат 7 жарым сағат болды. Өмірінде 7 секунд сұхбат беруге келіспейтін Әбеңнің бұл әңгімесі біз үшін құнды қазына болды. Осы сұхбатты қағазға түсіріп, бір ғана данамен кітапша етіп шығардым. Оны Әбеңнің 95 жас мерейтойында өзіне тарту еттім. Енді сол мұраны, Әбеңнің өз аузымен айтып берген әңгімесін халық қызығып оқитын тартымды басылымның бірі Túrkіstan газетіне ықшамдап жариялауды жөн көрдім. Әңгіме еш өзгеріссіз Әбеңнің аузынан бейнетаспаға түскен күйінде баяндалады.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің әңгімесі

Мұхтар Әуезов шығармасына отырар алдында: «Әуелі бұл шіркінді бастау қиын» деп айтады екен. Расында да, не нәрсені де бастау қиын ғой. «Істі аяқтағанына қарап емес, бастағанына қарап бағалау керек» дейді. Міне, бастау қиын.

Әрине, менің өмірім – мен үшін жа­зылған хаттай. Ойлай бастасаң, бәрі  есіңе сай­рап орала кетеді. Мен 10-11 атама дейін білемін. Біз Жақайым,   Жақайымның ішінде Бәйімбет. Бұл Әбілхайыр ханның кезінде өмір сүрген  адам. Жетінші атамыз – Тойқожа деген батыр. Бұл  шынында да ба­тыр болған адам. Қалмақпен біраз соғысқан. Қалмақпен бір соғыста санына садақтың оғы тиген. Аяғы ісіп, қиындаған кезінде бірге туған ағасы Қыдырбай би сынықшы алып келіп, көрсетіпті. Әлгі сынықшыны оңаша шығарып ап, жағ­дайын сұраған ғой. Сөйтсе сынықшы: «Аяғын кеспесе, өледі. Басқа жолы жоқ» дей­ді. «Кескенде де 4 жерге 4 қазық қағу ке­рек, батыр адам қол-аяғын керіп байлап тастау керек, жаны қиналған кезде зақым қылып жіберуі мүмкін. Көкірегінің үстіне, кеудесіне мықты екі адамды мінгізу керек» деген ғой сынықшы. Ол кезде «анестезия», «обезболивающие» дегендердің бірі де жоқ қой. Тек өткір пышақ, қайнатқан тұзды су, түйенің шудасы ғана бар. Тартып арты­нан байлап тастайды. Соны әлгі Қыдырбай ата­мыз Тойқожа атамызға айтса, «Көзім тіріде кеудеме адам мінгізем деп жүрген жоқпын, керек болса аяғымды кесіп ала берсін, тимеймін. Қазықтың да, ештеңенің де керегі жоқ» депті. Не керек, сынықшы Аллаға сыйынып, өз жұмысына кіріскелі жатқанда сырма тақияны төрт бүктеп Тойқожаның тісіне басып қойыпты. Содан сынықшы аяғын байлап, әлгі тақияны аузынан алайын десе, батырдың аузы ашыл­май қалыпты. Аузын қылыштың ұшы­мен ашса, төрт бүктеп тісіне басқан тақия қиылып қалған екен. Мұнда ешқандай өсіріп айту жоқ. Саннан си­рақты кесіп алып тастау деген оңай емес. Тіпті, тікен кірсе де, жаның шығып кете жаз­дайды ғой. Ал Тойқожа батыр қай­раттылықты, шыдамдылықты осы арада көрсеткен ғой. Сосын Тойқожа батыр ақ­сақ бөрі атанған. «Қан мен терде» бас кейіпкер – балықшы Еламанның жетінші атасы – Тойқожа батыр, ақсақ бөрі атан­ған дегенді жапсыра салғанмын. Сол – ме­нің жетінші атам.

Ал менің әкем 1903 жылы туған. 1944 жы­лы 21 апрельде Чернобыльдің батыс жа­ғында 40 шақырым жерде түнгі сағат 2-де снаряд жарылған. Әкем сол арада қаза тауып, сол арада жерленді. Өзі соғыстың алдында Ақтөбе облысы, Шалқар ауданында меспромда директор болды. Етік тігеді, киім тігеді, сосын балық аулайтын. Судың жағасына бидай, тары егетін. Құмның жағасында құм талдар бар. Сол талдарды кесіп, өрілген корзинкалар жасайтын. «Красный восток» деген артель бол­ды, сонда асхана бар еді. Сонда әкемнің екі нағашысы бар. Екеуінің де есімі – Ахмет. Біреуі шешесінің (Перизат әжеміздің) інісі – қойшы Қара боз Ахмет. Екіншісі – са­рауыз Ахмет.

Алтыншы – Қалдан деген жуастау ата­мыз болыпты. Ал бесінші атамыз – Ар­ғын­бай деген кісі. Сол Арал теңізінің жа­ға­сын­да құлпытасы бар, өзіміздің ауылға бара жатқанда әр кезде соғам. Оның баласы – Сланбай, Сланбайдың баласы – Нұрпейіс. Нұр­пейістің баласы – Карим, сосын – мен. Ал енді менің туған жылым – 1924 жыл. Айын, күнін білмеймін.

– Осы мен қай күні, қай айда тудым? – деп әкемнен соғыстың алдында сұрадым.

– Оны қайтесің?

– Комсомолға өтейін деп едім.

Әкем қолын бір сілтеді.

– Ит білсін бе, сен туғанда біз қораға кі­рейік деп, жайлаудан көшіп келдік. Сосын жазда алып кеткен қазан-пешті орнатып, есік-терезені салдырып біткенше, қатындар үйдің жанындағы жардың басына, 2-3 керегеден күрке қос тігіп жатыр еді. Сол күні теңіз жағасына бірінші рет қар жауды. Кешкісін ауылдың сиырына қас­қыр тиіп, сиырлар құлады. Бағи атаң­ның қаралау өгізі қарны жарылып, ішегі сүй­ретіліп кеп жығылды. Сойып алдық, сол күні кешкісін сен тудың. Қасқыр алған өгіздің сол бүйір етін шешеңе қалжаға асып бердік.

Біздің жақта қар ноябрьде жауады. Туған күнімді неге 22 октябрь деп алғанын біл­меймін.

***

Нұрпейіс екі сайлауда болыс болып, соңғы сайлаудың ортасында қайтыс бол­ған. Байдың баласы, мырза. Сосын мешіт ұста­ған. Мешіттің имамы Бұхарды бітіріп кел­ген, өзінің інілері. Үмбет ақын 1937 жы­лы ұсталып кетті. Бұхарда бітірген, біз­дің жақтың сол кездегі жастары сонда оқы­ған. Ал тілін Нұрпейіс мешітте сын­дырған. Сол маңда біраз ауыл болады, кейін ауыл саны азайды. Оқу басталған кез­де Көлқара деген жерге барамыз. Ол – Бе­ларанның асты. Беларанды бізде тау дейді. Көктөбенің мұздарындай биіктігі. Бі­рақ Көктөбе көзге сондай сұлу ғой, ал біз­дікі қара қотыр тас, даланың шөбі өс­кен.

Сосын Алқабел ұзын, Беларан екеу. Жақ­сы және жаман. Біз жаман Беларанның ас­тында отырамыз, бір тұмсығы теңізге кіріп тұр. Тұмсықтың астынан ұзын тол­қындар гүрс-гүрс ұрып жатады. Содан 5-6 шақырымда Көлқора деген жер болды. Нұрпейістің қызы Сағира апамның семьясы Көлқорада тұрады. Мені оқуға соған апарды. Біз оқитын мектеп жоқ, 1931 жылы болу керек. Ашаршылық кезі. Бірақ бізде Арқаның еліндей аштық болған жоқ. Айтса да сол «Өзен жағалағанның өзегі тал­майды» деп, теңіз балығының арқа­сында, әйтеуір өлім-жітім аз болды. Бірақ халық аш болды. Сол ашаршылықтың кезі, Ұса апайдың үйіндемін, сонан 1-2 ша­қы­рым­дай жерде Зәт дегеннің бір бөлме үйі бар. Аузы пешкімен бөлінген, қазандық оты­ны болған. 11-12 бала ғой деймін. Ауыл совет Зәттің үйін жалдаған, сонда оқи­мыз. Кейде әйелі алдымыздан: «Балалар, бүгін оқу болмайды, үйдің қожайыны ауырып жатыр» деп шығады, кетіп қала­мыз. Кейде: «Балалар, бүгін оқу болмайды, үйде кісілер бар» дейді, тағы кетіп қаламыз. Жерде алашаның үстінде отырамыз. Шайдың үлкен жәшігі болатын, фанер тақтайдың бір беті – тақтамыз. Сосын бор, шүберек бар.

Ішімізде жігіт болған бала бар, біз кіш­кентаймыз. Ана жігіт қой бағады, балық аулайды. Оқытушымыз – Ақерке деген қыз. Әдемі қыз, сол өңірдегі сұлу, аппақ бетінде қап-қара меңі бар, тостағандай қара көз, қолаң шаш, айтулы сұлу болатын. Апайымыздың жаңағы ересек оқушы Әбілашқа құсы түсіп болды. Кілең доскаға соны шығарады. «А»-ны сал дейді, ана бейшара бір қолында бор, бір қолымен құйрығын сипап, қипалақтап тұрады, сала алмайды. Мен сізге айтайын, жаңағы бейшара қатты қиналады екен.

Бір күні «оқу болмайды» деп қайтарып жіберген. Оқудан шығып, Әбілаштың үйі­не барсам, төрде 3-4 кісі жатыр. Үлкен 2 ше­лек су кететін қара тайқазанда была­мық, бір құлаштай сабы бар, басы қара қаңылтырдан істелген бақыр. Сол бақыр­мен қазандағының түбі қатпасын деп бұлғап тұр, сосын толтырып алып жоғары көтеріп жіберіп, төңкергенде ана бақырға қадалып қарап тұрып қалды.

Төрде жатқан ана төрт кісі:

– Әй, Әбілаш, қайда қарап тұрсың?», – деді.

– Таптым, таптым, – деп, санын соғып қалды.

– Нені таптың?

– «А»-ны қалай салатынын.

– Қалай салады екен?

– Әуелі бақыр ұқсатып дөңгелек салам, сосын сап.

Ақерке доскаға шығарғанда шамасы ба­қырды іздеп тұрады ғой деймін. Сосын апайы­мыз «қайда қарап тұрсың, «А»-ны сал» деп ұрысады. «Қазір, апай, қазір» деп үлкен қылып тақтаға дөңгелек салады, жаңағы бір ұзынды тартып қалады. «Тоқта, болды» деп тоқтатып қояды. Сол бейшара март айында балық аулап жүріп, мұз босағанда Арқадан қатты қара дауыл соғып, мұз сындырып алып кетіп, сонда ық­қан мұздың үстінде өліп кетті.

Сонан Келімбеттің Құлжан деген аға­сы бірге тұрған өлеңші еді, сол өлең жаз­ды. Екі жолы есімде:

Айналайын, Әбілашым, қарғам-ай,

Уызыңнан өсіріп едім шайқап-ай.

Январь айында әжем, Нұрпейістің әйелі қайтыс болды. Нұрпейіс баяғыда қайтыс болған. Мен туғанда әжем «бұл – Нұрпейістің кенже баласы» деп бауырына басқан. Мен өз шешемді мойындағам жоқ. Әжемнің тәрбиесінде, Нұрпейістің кенжесі болып өстім. «Әжең қайтыс болды» деп алып кетті. Мұз қатқан, январь, мұздың үстімен бардық. Кешкісін барсақ, толған адам. Түйе, атты кісілер. Сонан оқуға барғаным жоқ. Келесі жылы мені мектепке апарғанда екінші сыныпқа түсірді. Бұған да мені күзді, қысты өткізіп, көктемнің басында апарды. Сосын үшіншіні Құландыда оқыдым. Бұл жақтан көктемде кетіп қалдым, ауылға бардым. Төртіншіні Көкорал деген Ленин колхозында, сосын қашық бір 70-80 шақырым жерде оқыдым.

***

Жасекең деген үлкендеу кісі болды. Әкемнен үлкендеу. Әкемнің Нәжім деген тетелес інісі ауылнайдың секретары болды. Соған жіберді. Сентябрьді өткізіп, октябрьдің басында бардым. Жасекең атпен барды, мені артына мінгестіріп жіберді. Бірден жету қайда, жол ұзақ, алдымен Ақбасты деген жерге тоқтадық. Бір ағайын шалдың үйіне, бұрын көрмеген адамым – Сүйеқұл деген шал. «Қан мен тердегі» Сүйеу қарт деген сол. Бір қондық сонда, есімде қатты қалды. Сақал, шашы, кірпігі – аппақ, көзінің жиегі – қызыл. Үстінде ақбоз дамбал, ақбоз киім, тіп-тік отырады. Даусы шаңқылдаған, үзіп-үзіп сөйлейді. Кәрімнің баласы екенімді естігенде: «Өзімнің балам болды ғой, онда алып қаламын, жібермеймін» деді. Зәрем кетті. Бір кеш сонда болдық.

Көкаралда оқыдық. Жаңағы көкем бір туыстардың үйінде жатады екен, мен де сонда жаттым. Ауыл советтің председателі Ақжаш деген кісі. Айқын деген сұлу келіншегі бар. Халықтың әлі тоймаған кезі, 1934 жыл, сол үйге барсам, қойныма ыстық күлше тығып жібереді. Сөйтсем ол менің ағаммен көңілдес болып жүр екен. Ноябрь айында әкемнің інісі алып қашты. Секретарлығын тастады.

Көптілеу деген ағайынымыз, өзі әнші, бірақ түрінен адам қорқатын. Көзі жыланның көзіндей. Ол әсіресе, көктемде мал төлдегенде кейбір қозы-лақты үйге алады ғой, сол кезде үйге келе жатса, хабар салады:

– Келін қарағым, үйде жас бала болса, жас төлі болса, былай алып кетші, мен кірейін деп тұрмын, – деп.

Көзі өткір, маңдайы екі елі, орақ тұмсық, бұжыр қара кісі, иықты. Бұл еш уақытта ауыл арасында ұрлық қылмайтын. Қарақалпақ асып аруна, Түрікмен асып, Түркіменнің саңлақ жүйріктерін алып келетін. Сосын ешкімді қасына алмайтын, жалғыз жүретін. Етік те тігетін. Сол ауыл­дың ұзатылатын қыз, түсіретін келіндеріне аяқкиім тігетін. Мен «Қан мен тердегі» Кәленді осы Көптілеу атамыздан алғам.

Ноябрьде алып қашты, сонда барып екі ай жаттық, мартқа дейін оқуға барғаным жоқ. Мартта біздің үй Шалқарға кеткен. Көкем әйелімен, Көптілеу атамыз бір ат, бір түйемен, түйені қалауыштап мені мін­гізіп, сосын өзі түйенің үстінде екі қонып Шалқарға барып, Шалқардың мектебіне 4-класқа апарды. Менің оқуым сондай ит талағандай, сосын 5-ші кластан бастап дұрыс оқыдым, грамматика дегенді біл­генім жоқ, өйткені өткеніміз жоқ.    5-клас­та қазақ тілі, орыс тілінен күзгі жазбаша сынға қалдым. Еш уақытта тапсыра алмайтынымды біліп, оқу басталғанда «Пионер» деген қайықпен Аралға келіп түстім. Аралда Шевченко атындағы орта мектеп бар, соған бардым. Завучы ұзын бойлы, ақ­құба сұлуша жігіт екен, сол кісіге:

– Ағай, мен Шалқарда 5-тен 6-ға көшіп едім, – дедім.

– Куәлігің қайда?

– Мен Балық колхозынан келе жатырмын, кейін Шалқарға барып әкелем.

– «А» класына бар, – деді.

Екі класс екен, «А» және «Б». Бірде Аме­риканы өтіп жаттық, Аралда ат қойған аудандар көп, Америка, Шанхай деген бар. Диірментөбе деген бар. Сосын кейін 1980-жылдары тағы бір төбелер шықты. Кемпір-шалдан қашқандардың төбесі дейді, ана балалар үйленіп, үйде әке-шешесін қалдырып, өздері бір район болғандар. Сосын Жебір төбе деген шықты. Әлгі Америка деген районда жатақханамыз болды. Жалғыз жатуға қорқатын едім. Сонан күзгіні тапсыра алмайтынымды біліп, осылай аттап кеттім. Келесі жылы жетіншіні Шалқарда оқыдым.

Менің әлгі сауатсыз болып жүргенім, «Курляндияны» жазған кезде соның бір беті сақталмапты. Осы күні көргім келеді. Соның қолжазбасын Алматыға келіп, машинисткаға басқызамын дегенде «Социалистік Қазақстанның» машбюросында Батырбекова деген жас ортасындағы әйел мені бір аққұба келіншекке жіберді. Сол мен келгенде күлетін, «қайын інім, қателеріңді жөндеп басып жатырмын, ренжімейсің бе?» деп. Мен қысыламын. Бірде сықылықтап күліп, ақ тер, көк тер боп қызарып тұрғанымда жаңағы Батырбекова ұрысты. Сөйтсем, переносым дұрыс болмапты. Мысалы «аман ба» деген сөз ғой, алғашқы екі әрпін жазып, ары қарай тасымалға бөліп тастаппын. Мен үшін Б және В әлі күнге дейін сол, әлі сауатсызбын. Осылай оқыдық. Бірақ тарихтан Сверлов университетінің 3-ші курсын бітіріп келген Меңдияров деген сабақ берді. Қазір қарап отырсам, бізді ЖОО бағдарламасымен оқытыпты. Ұлы Петр І, Напалеонның реформасы сынды сүбелі тарихты оқыдық. Мен 10-шы оқып жүріп, «повесть жазам» дедім. Үлкен бухгалтерский дәптер болды, соған Батақтың Сарысы жөнінде повесть жаздым.

Әскерден келсем 10-шыны бітірген аттестатым, жаңағы жазғаным, бәрі жоқ. Мен қуандым, балалық шытпай еді. Әлгі ауыл советке хатшы болатын әкемнің тетелес інісі, есімде 1938 не 1939 жылы жазғы каникулда келгем, мен көкемді, ол мені жақсы көретін. Екеуміз салып жіберген атпен кетіп барамыз. Қолтығында тер­лік тоқым, қолында жүген, қасында мен келе жатырмын. Маған «Ал бала, енді сен де біраз оқып тастадың. Көп ұзамай 10-шыны бітіресің. Анау сенен 3-4 жас үлкен Жұмағалидің Баязы 10-шыны бітіріп, Аралда Рыбгосстресте отдел кадр болып істеп жүр, сен кім боласың?» деді. Ұялшақ болатынмын, қызарып кеттім. «Жазушы болам» дедім. Үндемеді.

***

Амандық болса, октябрьдің 22-не 79-ға келем. Көп жасадық. Осы жасқа келем деп ойламаған едім, қазір ойлап қарасам орыстың ертегісінде «Кашшей бессмертный» бар ғой, кейде өзімді сондай көріп қаламын.

Бұл өмірге менің өкпем жоқ. Қиын­дығы да болды, қасіреті де, қызығы мен қуанышы да аз болған жоқ. Бірінші мектепте Көлқорада апайдың үйінде жатып оқыдым дедім ғой, Зәттің үйі – мектебіміз. Сабақ болса, үзілісте Зәттің әйелі 11-12 баланың ішінен жалғыз маған кесеге толар-толмас көксек салып сүт береді. Ашар­шылық кезі ғой. Бізде аштан өліп, көштен қырылып жатқан адам болмады. Бірақ өлгендер болды дейді, есектің етін жегендер болды дейді. Аш болды халық. Менің білуімше, Көшәлі деген атамыз да аштан өлді.

Әкем аңшы еді. Мен мектепке бармаған кезім, күзде екі қаз атып әкелді. Әкемде екі әйел болатын. Үлкен үй, бір бөлме. Көз алдымда кеше болған оқиға секілді. Екеуі жүресінен отырып, басын кесіп тастап, әкем, екі інісі, мені әжуа­лайтын ағам – Әрен ағай, сосын Әубәкір деген, бізді үлкен үй дейтін, әйелдер бай атамның үйі дейтін. Жалпы халық үлкен үй дейтін. Сол төңірек көп жиында біздің үйге жиналатын. Әжеміз кең адам болды. Аш, бәрінде үн жоқ. Намазшам кез ғой деймін. Көшәлі атамыз кірді, тапалтақ аласа келген кісі болатын. Кіріп келгеннен іштегілер сәлем берді, менімше есіткен жоқ, есітсе де миына жеткен жоқ. Екі көзі кіргеннен қазда. Отырып-отырып, бір кезде жаңағы кесіп тастаған қаздың біреуінің тұмсығынан ұстап, жүн-жүн, қан-қан аузына салып, көзін жұмып соны ұзақ шайнағанын білемін. Осы есімде, сол көз алдымда.

Екінші қазы пісті, бәрі келді табаққа. Бәрі жабыла, бәрі екі қолдап, көп жеуге тырысты. Жаңағы әкемнің өзіне тете інісі әкесі бай болса да, байдың мырзасы есебінде сол қалпында сақтаған кісі еді. Қиындықта да киімі таза, қырын жықпай киетін, өзі сұлу кісі болды. Оқтаудай, орта бойлыдан жоғары. Күрең қасқа аты болатын. Тек сол ғана тіп-тік болып отыр. «Қан мен тердегі» Тәңірбергеннің прототипі – сол ағай. Сол Тәңірберген ең соңында проводник болып ақ әскерге, оның орнына адам беретін болып, келісіп алып қаламыз дегенде қалмай кетіп қалады. Ақырзаман бастарына төнген кезде мынадай жағдай, екі аяқ бір етікке тығылып, тірлік әбден тығырыққа таянған кезде ойладым. Көкем Сталинградта қайтыс болмағанда не істер еді деп.

***

1942 жылы мектеп бітірген баламын, әкемнің үш немере інісі, өзінің екі інісі және мені әскерге алып кетті, Сталинградқа 1 ай дайындық болды. Оларды бірден Сталинградқа жіберді. Кейін білдім. Мені маршовый полк құрамында Астраханға жіберді. Менде бір оқ қағар болды. Қалмақ даласында бірінші линияда жаттық, Астраханның ар жағында. Күз, немістер күшін жиып алған, біздікілер де соған қорғанып жатыр. Ертең шабуыл басталады деп жатқанда, Жолстан деген шөбере ағамыз бар еді, қазір тірі, сол аяғы мен қолынан жараланып, екеуміз бір бөлімшеде болдық. Мені екі күн қалғанда тылға алып кетті. Мен Ордада бітірдім. 1943 жылы мартта лейтенант болдым. Сосын южный фронт Новошахтинскийде назначение күтіп, орыс капитан екеуміз бір кемпірдің үйінде 4-5 күн жаттық. «Война и мирдің» І томы, анау капитан қолына алып оқып, ұйықтап кеткенде қолынан түседі, мен алып оқимын. Екі күн оқып, мүлгіп отырып, үшінші күні жастықтан басын көтеріп алып, «О чем он только пишет?» деп осы үйдің бұрышына қарай лақтырды. Сонан қайтып алған жоқ, мен оқып шығып түгіне түсінгем жоқ. Орысша жақсы түсінген жоқпын, ағылшынша, французша, немісше, бірдеңкелерді ғана түсіндім. Мені «замес­титель командира по военному частью» етіп тағайындады да, 1 ай жаттым. Анда-санда снаряд жарылады. Мина жарылады, әлгі снайперлердің оғы жік-жік етіп, екі жағы да шабуылға дайындалып жатты. Сол кезде Сталиннің приказы болды. «Сталинский набор» деп бір полковник келіп, біреуін танкінің училищесіне, біреуін морской флот, біреуін стрельбитный, біреуін авиация деп бөлді. Мен стрельбитная авиационная школаға кеттім.

10 класс деген ол кезде академик дегенмен бірдей болатын. Маған «бомбордировшикқа бар» деді. Мен бармадым. Өйткені маған ол ұнамайды. Қара қарға ұқсап ақырын ұшып бара жатады. Анау ерттеулі ат секілді, өлсең де бірің-біріңді қуып жүріп өлесің. Қайтпай Чувашияның Кандашия деген қаласына «стрельбитный обьектке» бардым. Жарты жылдан соң бітіріп, шығарып жіберді. Содан Москва түбінде Кучня деген станцияда резервный офицерский полкке күзде барғаннан майға дейін болдым. Мамандық жоқ, полит работник қайда жіберерін білмейді, сонан мені штаб басшысының 3-ші көмекшісі, офицер полка деп штабқа алды. Қыс бойы мұнда сабақ өткізеді, толып жатқан қарауылдық қызмет. Қалған кезде саптық сабақтар, әдіс-тәсіл сабақтары. Сол жерде бір роман қолыма түсті. «Батый». Соны артта тығылып отырып оқып, қабырға газетіне тағы шықты. «На огневой и тактике пропан на занятиях читает роман» деп жазыпты. Оны да түсіндім, ең түсінген романым сол еді. Курляндияда соғыс бітті. «Тукемус» деген уездік қалашықта пәтерде тұрдым. Сол үйге Мадам Роза деген келіп жүрді. Латыш қызы, күйеуі теміржолшы, орысша керемет сөйлейтін. Французша да керемет сөйлейді дейді, үйі толған кітап­хана. Буддист философтың «Культура и жизнь» деген брошюра кітабын сұрап алдым. Эмиль Золяның «Разгромын» да алдым. Менің бірінші түсініп оқыған романым – «Разгром». Маған керемет әсер етті. Мен «Курляндияны» жазғанда сюжеттік желіні осы «Разгромның» әсерімен құрастырдым. Мұны ешкім білмейді, онша айтып жүргенім жоқ.

Енді әдебиетке келу, сонан кейін Сәбит Мұқанов, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Ілияс Омаров, Бауыржан Момышұлы солармен аяқтасақ. Менің жалпы әдебиеттік жолым мен үшін сәтті жол болды, өйткені мені жаңағы кісілер, сол кездегі партия да мені қайда қоярын білмеді. Оны өзім жазам дедім, қазір қолым тимей жүр. Асықпай түсіремін. Құдай сақтасын, бар әкенің бәрі балаға ондай жағдай жасамайды, олардың маған істеген жақсылығы. Қазақша айтқанда «Жерден жеті қоян тапқандай болдым».

***

Ақселеу Сейдімбек:

– Әбеке, өмірде адам өміріне тигізетін ықпал мың сан ғой. Адамның тіршілікте көретіні бар. Солардың бәрін сараптап, саралап отырғанда сол адам ұшырасатын, тап болатын жеке тұлғалардың рөлі ерек­ше болады. Ол тұлға дегенде әрине, үлкен суреткер не мемлекет қайраткері болуы міндетті емес, адам өміріне ықпал ететін тұлғалар жастық шақта да болады, айналадағы ауылда, төңіректе, есейген шақта болады. Одан кейін мына өзіңіздің өмірлік жолыңыз біржолата сараланып, жазушылық жолға түскенде тікелей араласатын кәсіби саладағы адамдардың ықпалы ерекше болады. Ол ықпалды, әрине сан сала – кісілік парасат жолымен бір бөлек ықпал, таза кәсіби біліктілік жөнінен бір бөлек ықпал, тіпті тікелей сізге ақыл-кеңес бермесе де, өзінің жүріс-тұрысымен-ақ сіздің кейбір өмірлік позицияларыңызға ықпал ететін тұлғалар болады. Әңгіменің бір парасын осы төңірекке бұрып көрсек. Соны асықпай бір ортаға салсаңыз.

Әбдіжәміл Нұрпейісов:

– Оның рас, Ақселеу. Мен де солай ойлаймын. Менің өмірімде, тірлігімде ықпалы тиген жандар аз болған жоқ. Өзіміздің ағайын-туған болсын, жекжат болсын, ауыл-аймақ болсын, оның бер жағында қоғамдық-әлеуметтік қайрат­керлер болсын, шығармашылыққа келген кезде мұның төңірегіндегі бәріміз жақсы білетін бүгінде дүние ауып кеткен үлкен ақын-жазушыларымыз, осылардың бәрі­нің де өзің айтқандай тәрбиелік жөні болды. Енді соның бәріне бірдей тоқтай бермей әдебиет төңірегіндегі тірлігімізде мен білетін, ал сен кейбірінің ғана шет пұшпағын көрген тұлғалар жайында айтайын.

Өзің жақсы білесің, соғыстың алдында да, соғыстан кейін де, әсіресе соғыстан кейінгі кезде біздің әдебиетімізде бір-біріне текетіресе кететін пікір қайшылығы, әдебиеттік көзқарас қайшылығы жағынан халыққа белгілі бір-екі ағым болды. Екі ағымның басында екі үлкен жазушы тұрды. Бірі – Мұхтар Әуезов, екіншісі – Сәбит Мұқанов. Екеуінің көзқарасы көбіне бір-біріне қайшы келіп жатты. Әдебиет бұл күнгідей емес, қызықтау еді. Қолжазбаға, жаңа дүниеге немкетті қарамайтын, жанын салатын. Одақ іргесінде талқылау қызу жүріп жататын. Пьеса, поэма, роман болсын, я Одақта, я бір үйге жиналып алып оқып, дуылдасып талқылап жатушы едік. Айтыс қызу жүретін. Ресейде, өткен ғасырда «литературный салон» деген болды. Біздің бас қосуымыз соған ұқсайтын. Кешегі күні ПЕН-клубты сондай қызу талқылау үшін ұйымдастырған едім, жылы пейілмен ұшырасатын дастарқан басын, пікірталас үстелін құрғым келді. Сәбең «Шоқан Уәлиханов» пьесасын үйіне кісілерді жинап, дастарқан басында отырып талқылаған еді. Жиында Шыңғыс Айтматов болды. Сызданып отырып Ғабит Мүсірепов соңынан сөйледі. Әлі есімде: «Ақылдың қасіреті» пьесасында Чацкий Петербордан кететін кезде – азып-тозып бара жатқан қоғамға, надан қауымға, тоғышарларға қаратып айтпаушы ма еді: «Маған күйме! Әкеліңдер күймені!» – деп. Шоқан да сол Грибоедов кейіпкері секілді бір сілкініп алып, тоғышар, тымырсық қауымнан кетуі керек қой», – деп көсілген еді ол кісі. Содан кейін Одақта талқыланды. Ол талқылауда Мұхаң ұзақ төгіліп сөйлеген еді. Бізге қазір ең жетпейтін нәрсе – осы. Интеллигенцияның бір-бірімен кездесуі, пікірлесуі жетіспейді. Ал ол кезде ағыл-тегіл болатын. Қазір қарасам, ондай талқылаудың аты да, заты да жоқ. Жазушыға бір сын пікір айтсаң, өмір бойы көрместей болып кетеді. Баяғы ағаларымыз әлгіндей жиын үстінде жүз шайысып кетіп, артынан сүйісіп, қоштасып жатушы еді. Жеке басын сыйлауға келгенде ауызбірлігі басым түсіп жататын. Бір-бірінің қадір-қасиетін қатты түсінуші еді, бағалай білетін.

Мәскеуде оқып жүрген кезім. Ғали Орманов «Анна Каренинаны» аударыпты, соған 1948 жылы 25 бет пікір жазған едім. Рецензияны журналдан оқыған Сәбең: «Әрине, ол аудара алмайды. Қарымы жететін Әуезов қана», – деді. Екінші бір жолы Сәбең: «Қазақ жазушыларының ішінде Мұхтардай тілі бай шебер жоқ», – деген еді. Көріп отырсыз, бір-бірін сыйлауға келгенде ылғи биіктеп сөйлейтін, азаматтық тұлғасы әлдеқайда жоғары еді. Әдебиетке келуіме әрқайсысының орны, ықпалы болды. Қырқыншы жылы «Ботагөзді» оқыдым, әдебиетші болуға, көзқарасымның қалыптасуына осы роман үлкен ықпал етті.

Әйтсе де, неге екенін білмеймін, тікелей жауап бере алмаймын: жазушылық ішкі сезім дейсіз бе, инстинкт дейсіз бе – Мұхаңа іштей жақын болдым, тәнті едім. Әдебиеттегі академигім, ұстазым, әйтсе де жан-тәніммен жақындасып кете алмадым. Шынымды айтсам, күркіреп, дөңбекшіп жатқан теңіз жағасында тұрған кісінің бойын әлдеқандай үрей билейді емес пе? Теңіздің түпсіз тереңдігінен бе, әлде арсы-гүрсі жағаны ұрған толқыннан ба, әйтеуір, кісіні үрей сезімі тұсап тастайды. Мен үшін Әуезов те сондай болатын. Қорқатын едім дегенді ауызға алмай-ақ қояйын, Мұхаңнан жүрексінетін едім. Шыным осы!

С.Мұқановтың алты баласы болды. Мен әскерден келген кезде соның жетінші баласы есебінде болдым. Алматыға келетін болсам, үйінде жататынмын, шопыры күтіп алып, шығарып салатын. Сосын бір таңғаларлық жағдай: мен ауылдың баласымын, оны-мұны біле бермеймін, оның ішінде мына жазушылардың ішкі өмір жағынан тіпті хабарым жоқ қой. Елден келіп, Сәбеңе барған бойда, амандықтан кейін: «Ал бала, қағаз-қарындаш ал, союздың бастығы менен үш мың сұрап, арыз жаз» дейді. Ал мен арыз жаза алмайтынмын. Сосын өзі айтып отырады да, жазғызады. Әр келген сайын солай арыз жазғызып, үш мың сом береді. Бұл қайдан шығып жатыр, неге береді, онысын білмейтінмін, кейінірек білдім ғой. Сөйтсем, литфондыда жас жазушыға арналған қайтарымсыз жәрдем болады екен.

Мен М.Әуезовті керемет жақсы көрдім. Көрмей тұрып жақсы көрдім. Менің бас алмай қызығып оқыған бір шығармам «Ботагөз» болды. Абайды да керемет оқыдым, бірақ анадай бас алмай оқығаным жоқ. Неге екенін білмеймін, шығар­ма­шылық жолдағы өмірімде Мұхаңа іш­тей жақын болдым. Мұхаңның жазушылық шеберлігіне, өнеріне, оның сөз саптауына дейін тәнті болдым. Былайша айтқан кез­де мен үшін әдебиетте ықпал еткен адам кім десе, Мұхаңды айтар едім. Ал Мұхаң дегенде өзімде өмір бойы үрей болатын.

Мен өзім теңіздің жағасында туып-өскеніммен, қорқатыным – теңіз. Әсіресе, түбін көрсетпей қап-қара болып жатқан теңізден жүрексінемін. Мұхаңды да сол түпсіз теңіздей көремін, сосын оның көзіне түсуге қорашсынатынмын. Онымен сөйлесуге жүрексінетінмін. Мен әлі қорқу дегенді әдейі айтпай отырмын.

– Иә.

– Жаңа сөз сұрай қалдың ғой … Мен Мұхаң жөнінде біраз әңгіме айтайын.

А.С.: – Әбеке, жаңа екі ағым дедіңіз ғой, ағым деген үлкен сөз, бірі – Сәбең, бірі – Мұхаң. Айтылмаған сөзді айтып отырсыз және осы айтқаныңызға қосыламын, шынында да солай ғой деймін. Сәбең болса халықтық таза фольклорлық, Мұхаң бұл үлкен әлемдік әдебиеттің тәжірибесімен келген леп қой. Осы тұрғыда ғой?!.

Ә.Н.: – Иә. Сосын әрбірден кейін идеологиялық жағынан да солай. Тағы бір әңгіме есіме түсіп тұр. Сәбеңнің «Өмір өткелдеріне» рецензия жазғам. Соған қатты ренжіп жүрді біразға дейін. Өзі қызық адам еді жарықтық. Сәбеңнің кіші қызы Жанна мен әскерден келгенде 3-4 жас шамасында болатын, тілі әлі дұрыс шыға қоймаған кезі. Сол Әбдіжәміл дегенге тілі келмей «Әби-Жәми» дейтін. Содан Сәбең де жақсы көрген кезінде хат жазса да, «Әби-Жәми» деп жазатын. Іш тартып жақсы көріп отырған кезде «әй, Әби-Жәми» деп сөйлейтін. Әлгі рецензиядан кейін маған қатты ренжіп, біраз көрмей кетті. Бір күні Герольд Карлович Бельгер екеуміз бардық. Үйінің алдында отыр екен. Қасында бір кісі бар. «Ә, жолдас, аман-сау барсың ба?» деді. Өзінің әдеті бойынша ұнатпай тұрса «жолдас-с» деп атайтын да, «с»-ны созып айтатын. Күн батып, әлі жұлдыз туа қоймаған. Бірақ сөйлесіп тұрған кезде бір жұлдыз көк аспанның қия шетінен жылт етіп туа қалды. Сол кезде қолындағы таяғын шошайтып: «Әй, жолдас, сен білгіш болсаң, айтшы, мына жұлдыздың аты не?» деді. Жауап бере алмадым. Ренжіп жүргенін білдім.

Содан Сәбеңді үйге шақырып, алдына бас тартып, кешірім сұрадым. Енді кешірім сөзімді айтамын дегенде сөзімді бөліп: «Әй, Әби-Жәми, осы сөзіңді маған берші» деп алдында тұрған ыстық асты тоқтатып қойып, жиырма минут шешіліп, көсіліп сөйлегені бар. Әттең-ай, осы күні соның көп сөзі есімде жоқ. Сонда ол кісі: «Кәрі орыс мұсылман болмайды деген. Біз әдебиетке келгенде тап тартысы өртше қаулап тұрған. Мен Маркс, Ленин идеясына құлай берілдім, кедей таптың сойылын соқтым, сол таптың сөзін сөйледім. Бәлкім, өзім кінәлі шығармын. Біздер сол тап тартысымен бұрылмай кеттік қой. Әлеуметтік қалыптасқан көзқарас та Мұхтармен ара-жігімізді ажырата түсті», – деген еді.

Ал енді жаңа айттым ғой Мұхаңнан кілең үрей, үрейленіп, кездеспеуге тырысып, кездесе қалсам шеттеп, алыстан қарап тұратынмын жаңағы жұрттың арасында.

Өз басым Мұхаңды 1948 жылы сәуірде алғаш рет көрдім. Одаққа келгенде алдымнан Әуезов шыға келді. Зәрем ұшып кетті. Деңгейіме келе бергенде: «Сәлеметсіз бе?» деп сәлем бердім. Ол кісі кілт қайырылды, кідірді. Жүзіме қарап тұрды.

– Роман жазып жүрген сен баласың ба?

– Иә, мен едім.

– Оперный театрдың қарсысындағы сары үйде тұрамын. Ертең сағат он кезінде үйге келші. Жазып жүрген романыңнан таңдап үш үзінді алып кел, – деді.

Ертесіне Мұхаңның үйіне келдім. Кабинеті қора жақта екен, кішілеу, үстелінде мәрмәр қаршыға. Бөлмесіне бастап келді. Қолымнан үзіндіні алды. Өзі оқып шықты. Не дер екен деп. жүрегім лүпілдей соғады. «Оқтың тілі шолақ, сен бала майданға барып тіл тапқан екенсің!..» деді біраздан соң барып. Жалғыз ауыз айтқан сөзі осы болды. Бұл сөз менің өмір бойы жадымда қалды.

Содан Валентина Николаевнадан бізге ас беруін өтінді. Ас бөлменің терезесі оперный театр жаққа қарайды екен. Сонда отырып салқын ет жеп, шай іштік. Шай ішіп бола берген кезде Мұхаң:

– Әбдіжәміл, бүгін сағат 12:00-де Мәс­кеуде болатын концертті Үкімет қабыл­дайтын еді. Сен оған баратын ба едің?

– Жоқ.

– Егер қолың бос болса, бірге барайық.

Сонымен Мұхаңа ілесіп, театрға келдім. Келсек театрдың партерінде оң жағында 30-40 адам отыр, сол жағында 3 адам отыр: Шаяхметов, Омаров, Күләш Байсейітова. Біз ілгері жүріп бардық, ең бірінші қатарда екі орын бос, ар жағында Сәбит Мұқанов, Мүсіреповтер отыр екен. Мұхаң Сәбит Мұқановқа жалғас орында отырды. Мен ең шетінде отырдым.

Қарасам сахнада 60-70 адам, ішінде мен білетін домбыраны құшақтаған, сырнай құшақтаған, сыбызғы ұстаған өнерпаздар отыр. Мен білмейтін аспап ұстағандар да бар. Мен оның не екенін, неге отырғанын білмедім. Сосын бір кезде сахнаның оң жағынан қаншырдай қатқан бұйра шаш, қолында шыбығы бар кішілеу бір кісі шықты да, сахнада иіріліп отырған 60-70 адамның алдына барып, бізге қарай бұрылып, басын бір иіп, әлгі шыбығын жоғары көтеріп, сілтеп қалған кезде, арқыратып-сарқыратып ала жөнелді.

Мен енді Мұхаңның алдында қысылып отыратын адаммын ғой. Бірақ бұл жолы орнымнан қалай тұрып кеткенімді білмеймін. Аузым ашылып, еңсемді салып, әлгі орға құлап түсетін кісідей емініп тұрып қалыппын. Бір кезде алдындағы кісі шыбығын төмен бір сілкіп қалған кезде әуен сап тыйыла қалды. Ал мен сол әлі ауыз ашқан қалпымда отырып қалдым. Бір кезде көзімнің қиығы маған қарап отырған Мұхаңа түсіп қалды да, аузымды жаба сала, бойымды жиып ала қойдым. Сонан Мұхаң маған бұрылып:

– Әй, Әбдіжәміл, сен бұрын мына оркестрді тыңдамап па едің?! – деді.

Мен:

– Жоқ, – дедім.

Сол кездегі Мұхаңның түрін көрсеңіз, қара сүргісі түсіп кетті. Өзі жаңа зәрдей бірдеңені аузына алғандай тыжырынып, ары қарап, Сәбит Мұқановқа қарап:

– Пәлі, өзі роман жазып жүр. Ал өзі нетронутый мальчишка! – деді.

Мен жер жарық болса, кіріп кететін едім, қатты қысылдым. Қазір ойлап қарасам, қазақ қазақ болғалы маңдайына біткен жалғыз оркестрін тыңдамау, соны білмеу және роман жазу… Міне, менің Мұхаңмен бірінші кездескендегі бір ыңғайсыз жағдайда қалғаным осы.

Сонан тағы бір рет көзіне түскен кезім болды. 1955 жыл. Литинститутта оқып жүрмін. Оны 1956-да бітірдім, мынау 1 жыл бұрын болған. Апрельдің аяқ кезі.

Үш кісі институт алдындағы жайдақ орындықта күншуақта отырғанбыз. Бір қарасам, Мұхаң оқу орнының аудиториясынан шығып келе жатыр екен. Мені көріп:

– Қолың бос па? – деді. – Біраз кітап алып едім, орталық дүкеннен сол кітаптарды салатын саквояж алуым керек. Жолға шығамын, менімен жүресің бе? – деді.

Тіркесіп, ұшқасып көшеге шықтық. Соболевпен аралары суып жүрген кезі екен.

Маған бұрылып сауал қойды:

– Әбдіжәми, Соболев сендерге барыпты ғой, кім болып істейді ол? – деп сұрады.

– Кафедра меңгерушісі болып келді, – дедім.

– Бәлі, кілең оңай ақша іздеп жүретін адам еді, жылы жерді тапқан екен, – деді басын шайқап.

Сонымен орталық әмбебап дүкеніне соғып, Мұхаңа саквояж алдық, өзім қырынатын оны-мұны нәрселер сатып алдым. Көшеге шығып қош айтыстық. Қоштасарда Мұхаң маған бұрылып:

– «Мәскеу» қонақүйінде жатырмын, қазір Одаққа барып қайтам, соңыра кел, отырып ас-ауқат ішейік, – деді.

Неге екені есімде жоқ, сол жолы Мұхаңды іздеп қонақ үйіне бара алмадым. Әлде ұялдым, әлде қысылдым, анық-қанығы есімде қалмапты.

Осы кезде Сәбит Мұқанов та жатқан сол қонақүйде. Сонан бір күні Сәбеңе қоңырау шалам десем, нөмірі жоқ, Одаққа барсам, жоқ екен, есесіне Мұхаң кездесіп қалды, амандасып, сосын кетерінде:

– Әбдіжәмил, сен келмей жүрсің ғой, келмей кеттің ғой, – деді.

– Жақсы, Мұха, барармын, – дедім.

Тағы барғаным жоқ.

Сонан бір күні кешкісін Сәбеңе хабарлассам:

– Әй, Әби-Жәми, мен бүгін кешкісін анау түнгі самолетпен ұшайын деп отырмын. Сен тура ресторанға кел үшінші этаждағы, сонда кешкі ас ішейік, – деді.

Барсам үстел басында Мұхаң, Сәбең, сосын суретші Сахи Романов үшеуі отыр екен. Мұхаңды көріп қысылып қалдым. Сонан тамақ ішілді. Мен жұмған аузымды ашқаным жоқ. Екеуі сөйлесіп отыр, арасында Сахи Романов сөйлеп қалады. Сонымен ымырт үйіріле Сәбеңнің үйіне келдік, Сәбең өзі батыр тұлғалы, қайратты болғанмен, кешкі ұйқыға осал болатын. Орындықта сөйлесіп отырып, қалғып кетіп, оянып кете берді. Бір кезде Мұхаң айтты:

– Сәбит, сен кеш ұшасың ғой, мына балалар шығарып салады, ел-жұртқа сәлем айт, мен пойызбен барамын, – деп екеуі құшақтасып ажырасты.

Сахимен қол алысып қоштасты. Мен мықшиып келіп қолымды ұсына беріп едім, қабағын түйіп, «Сен бері шық» деп, есікке қарай жүрді, мен де жүрдім, шыққан бойда: «Сен неге сырғаяқтап келмей жүрсің, кел дедім ғой, кел», – деді де, жүріп кетті. Мен сонан кейін де барғаным жоқ.

Ішімнен ойлаймын, менің неге бармай жүргенімді білсе, жер бетінде ең жақсы көретін адамы мен болар едім. Ол бір дария, мұхит секілді, мен болсам аузыма сөз түспей, бүгежектеп, сөйлей алмай қаламын. Осыдан қорланып, бара алмадым.

1956 жылы оқу бітті. Алматыға келдім. 1957 жылы күздің басында Мұхаң 60-қа келді. Той болды. Мерейтойға барлық жазушыларды шақырды, бірақ мені шақырған жоқ. Банкет өтіп жатқанын Зейнолладан, Тахауидан естідім.

1957 жылдың күзінде бұрынғы өртеніп кететін «Алатау» мейрамханасы­ның алдында Мұхаңмен кездейсоқ ұшы­расып қалдым. Ол кісі әйелімен қол­тық­тасып төмен түсіп келе жатыр екен. Көрген бойда басымды изеп сәлемдесіп, жазушының зайыбына бетімді түзеп:

– Здравствуйте, Валентина, – деппін әкесінің аты есіме түспей қалып.

Сол кезде Мұхаң жұлып алғандай:

– Для тебя не Валентина, а Валентина Николаевна, – деп өтіп жүре берді тұсымнан.

Тағы бір шала-жансар болып қалып қойдым.

1960 жылы Карл Маркс пен Калинин көшесінің қиылысқан тұсына Үкімет 127 пәтерлік үй салды. Араға адамдарды салып жүріп үш бөлмелі үй алдым. Үйді негізінен Тәшенов бөлді. Басым тұрғындары қазақ болғандықтан, бұл үйді «казахский ауыл» деп атайтын еді. Ажар жұмыста, жеңгей дүкенге кеткен, үйде отыр едім телефон зың ете қалды. Телефон құлағын көтердім. Бірден таныдым – Мұхаңның дауысы. Сәлем жоқ, саулық жоқ, ә дегеннен:

– Әй, Әбдіжәми, сен Мұхтар Жан­ғалинге қиянат жасапсың. Ол Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романын аударған. Авторы Толстой болса, аудармашысы Жанғалин болса – төрт том аудар­маға теріс пікір жазып, төрт рет қайтарып­сың, ол неғылғаның? Төрелік айтуға жарап қапсың! Пішту! Қайдан шық­қан біл­гіш­сің?! – деп төбемнен төндіре сөйлегені.

– Мұха, аударма нашар.

– Әй, сен сөзді қой. Сен қазылыққа жарасаң, жетіскен екенбіз! Төрелікке жарыған екенбіз! Әдебиеттің білгіші шығыпты! Тез алып кел аударманы үйге, – деді тықсыра түсіп.

Үнінде зіл жатыр. Жеделдетіп үйіне бардым. Мені жұмыс бөлмесінде қабылдады. Аударманы қолына алып қарай бастады. Ашуы тарқамаған секілді.

– Жанғалин біздегі мәдениетті, талантты аудармашы. Төрт томды аудару қыруар бейнет. Сол қыруар еңбекті аударып шыққан аудармашыдан гөрі қала­ма­қыны құйтақандай рецензия жазған сен көп алыпсың! Әр баспа табағына 40 сомнан алыпсың, – деп мені біраз жерге апарып кейіді.

Қолжазбаны қолыма қайырып беріп:

– Оқы, – деді.

Орындыққа отырды. Тыңдай бастады. Бетін маған бұрмастан құбылаға қарап отыр. Үстінде үй пижама. 25 беттей қолжазбаны судыратып оқып шықтым. Бір кезде қолын көтерді.

– Дұрыс, бәлі, өзім де ойлаған едім, Жанғалин Толстойдың тобығынан келе ме деп. Әншейін сөзбе-сөз сыдыртпалай беріпті, – деп баяғы пікірінен күрт өзгер­гені.

Көңіл-күйі тез өзгеретін, тез қатайып, жылдам жайылып түсетін кісі еді.

Сол мезетте Ғайса Сармурзин кіріп келді.

– Жақсы келдің, мына аударма нашар шығыпты, Жанғалиннің шамасы жетпепті. Қиын асуды ала алмапты, – деді қабағы жазылып.

Ас үйге шығып шай іштік. Сармурзин екеуі ұзақ әңгімелесіп отырып қалды. Мұхаң табиғатында байтақ мінездің иесі еді. Тез ренжіп, тез қуанатын кездерін жиі көрдім.

 

Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ,

Мемлекет және қоғам қайраткері

(Әңгімені 2003 жылдың шілде айында Мырзатай Жолдасбеков бейнетаспаға жаздырған)

 

 

Жалғасы келесі санда

 

Back to top button