Мұңайтып та, қуантып та барады...

Мұңайтып та, қуантып та барады...

Мұңайтып та, қуантып та барады...
ашық дереккөзі
Тағы бір жылды тарих қой­науы­на тапсырып, артта қал­дыр­ғалы тұрмыз. Санаулы күн­дер­ден соң күнтізбе жаңарып, 2020 жыл­ды қарсы аламыз. Халқымыз «ескі жыл есірке, жаңа жыл жарыл­қа» деп, келер жылдан үлкен үміт кү­тіп, жақсылықтар тілейді. Ескі жыл­ды шығарып салып, жаңа жылды қарсы алып тұрып әрбір адам ба­ласы өткеніне көз жүгіртіп, істеген ісіне баға береді. Сонымен, 2019 жыл еліміз үшін қандай болды? Өтіп бара жатқан доңыз жылы жұрт есін­де несімен қалды?

Ел өміріндегі тарихи сәт

2019 жыл еліміз үшін жаман болған жоқ. Қол жеткізген табыстарымыз, же­тістіктеріміз жетерлік. Елеулі оқиға­лар да аз болмады. Қазақстан үшін өтіп бара жатқан жылдың ең басты жаңалығы – биліктегі өзгеріс. 2019 жыл, 4 ақпан. Нұрсұлтан Назарбаев Консти­туция­лық кеңеске Президент өкілеттігін тоқтату туралы тармақ­ты ресми түсіндіру жөнінде өтініш біл­дірді. Бұл – Конституцияның 42-ба­бы 3-тармағы. Онда Президент өкілет­тігі жаңа сайланған Президент қызме­тіне кіріс­кенде, сондай-ақ мерзімінен бұрын орнын босатқанда және қызметі­нен өз еркімен кеткенде немесе қаза­сы­на орай тоқтатылатыны көрсетілген. 2019 жыл, 19 наурыз. Тарихи сәт. Сая­сат сахнасындағы күтпеген жаңалық. Қа­зақстан жұртшылығы еліміздің Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үндеуін тыңдады. Ұлт Көшбасшысы өз үндеуінде мерзімінен бұрын президенттік өкілеттігін тоқта­та­тынын мәлімдеді. Бұл – қазақстандық­тар үшін тарихи һәм тосын жайт еді. Мұ­ның оңай шешім болмағанын Елбасы да айтты. «Мен Қазақстан Республи­ка­сы­ның Президенті ретінде өкілеттігімді тоқ­тату жөнінде шешім қабылдадым. Әри­не, бұл оңай шешім емес. Биыл елі­міздің ең жоғары лауазымындағы қыз­метін атқарып келе жатқаныма отыз жыл толады. Халқым маған Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті болу мүм­кін­дігін берді», – деді Елбасы. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев – Орта Азиядағы өз еркімен биліктен кеткен бірінші Пре­зидент ретінде тарихта қалды. Ал Пре­зиденттің өкілеттігі сол кездегі Сенат Төра­ғасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бе­ріл­ді. 2019 жыл, 20 наурыз. Еліміздің жаңа бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев ант қа­былдап, өз қызметіне кірісті. Президент ретінде алғашқы мәлімдемесін жасады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айта отырып, өз ұсыныстарын айтты. Со­лардың алғашқысы – Астана қаласы мен Қазақстанның орталық көшелерінің атауын Нұрсұлтан Назарбаев етіп өз­герту. Сөйтіп, Парламент палаталарының бірлес­кен отырысында Астананың атауын Нұр-Сұлтан қаласына өзгерту туралы заң жобасы екі оқылымда қабылдан­ды. Осы күннен бастап Қазақстанның бас қаласы ресми түрде Нұр-Сұлтан атауын иемденді. 2019 жыл, 9 сәуір. Қазақстан Пре­зи­ден­ті Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жа­рия­­лап, 9 маусымда кезектен тыс Пре­зидент сайлауы өтетінін мәлім етті. Мемлекет басшысы өз үндеуінде бұл шешімнің оңайға түспегенін, саяси тараптармен жан-жақты талқылағанын атап өтті. 2019 жыл, 9 маусым. Кезектен тыс Пре­зидент сайлауы өтті. Бұл күні әр аза­мат өз таңдауын жасап, конститу­ция­лық құқығын жүзеге асырды. Елімізде кезектен тыс Президент сайлауына 11 млн 947 мың 995 адам қатысуға ниет білдірген. Сайлаудың ресми қорытындысы бойын­ша, 70,76 пайыз дауыс жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Прези­денті болып сайланды. 2019 жыл, 12 маусым. Елордадағы Тәуелсіздік сарайында жаңадан сай­лан­ған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтіп, Мем­лекет басшысы Қазақстан халқына ант беріп, ҚР Қарулы Күштері өкілдерінің салтанатты шеруін қабылдады.  Президентті ұлықтау рәсімінде Мемлекет бас­шысы елдегі экономикалық, әлеу­меттік, саяси мәселелерді шешу жолдарын айтты. Алдағы уақытта баса мән беретін 10 бағытты атап өтті. Ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылатынын, қыркүйек айына дейін сыбайлас жем­қорлықпен күресудің нақты жобалары дайындалатынын айтты. 2019 жыл, 2 қыркүйек. Қазақстан Пре­зиденті Қасым-Жомарт Тоқаев Мем­ле­кет басшысы ретінде өзінің алғашқы Жолдауын жариялады.

Жастар жылы

2019 жыл, 23 қаңтар. Елорда тө­рінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қа­тысуы­мен «Жастар жылының» ресми ашылуы өтті. Сөйтіп, 2019 жыл талабы зор, талғамы биік жастардың жылы болып бекітілді. Жастарды қолдау мақ­са­тында бұл жылдың «Жастар жылы» деп бе­кітілуі маңызды оқиға болғаны сөзсіз. Се­бебі экономиканы ілгерілетіп, ин­новациялық жобаларды дамыту да, келе­шектің кілті, елдің болашағы да жас­тар­дың қолында. Ал бұл жыл жастардың есінде несімен сақталмақ? «Жастар жылында» жүзеге асырылған жобалардың арасынан үшеуін айрықша атап айтқан жөн. Біріншісі – «Жас кәсіпкер» бағ­дарламасы. Екіншісі – елордадағы «Жас педагогтер» орталығының ашылуы. Ең бас­тысы, жас отбасыларға пәтерді 12 мың теңгеге жалға беру. «Жас кәсіпкер» жобасы кәсіппен ай­налысып, табысты болуды қалайтын жастарды қолдап, оларға мүмкіндік беруді мақсат етті. Жобаға 18 бен 29 жас аралығындағы кез келген жұмыссыз адам қатысуға мүмкіндік алды. Өтініш берген жастар арнайы тестіден өтсе ғана, 15 күн кәсіпкерлік негіздерін оқиды. Тренингке қатысушыларға 19 273 теңге көлемінде стипендия да тағайындалған. Ал Нұр-Сұлтан қаласынан ашылған «Жас педагогтер» орталығы еліміз үшін шын мәнінде де жақсы жаңалық болды. Өйткені елорда тарихында бұрын-соң­ды мұндай орталық болмаған. Қыркүйек айында орталықтың ашылу рәсімі салтанатты түрде өтті. Шара барысында 200-ден аса елордалық мұғалімге жалдамалы пәтер кілті табысталды. Айта кетейік, жаңа орталық – жас ұстаздардың тә­жірибе алмасып, инновациялық білім жобасы жайлы талқылайтын диалог алаңы. Еліміздегі ірі мегаполистерде жұмыс істеп жүрген жастар үшін ең жағымды жаңалық – жалдамалы пәтерлер. Жалдау ақысы – айына 12-15 мың теңге көле­мінде. Бағдарламаның шарты бойынша өтініш беруші 29 жастан аспауы тиіс. Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қа­ла­ларынан барлығы 3 мың пәтер жал­ға берілді. Оған жоғары балл жинаған кандидаттар ғана ие болды. Ал балл үміткердің отбасы мен балаларының санына қарай және жетістіктеріне байланысты жиналды. Бұл – жастардың өз бас­панасына қаржы жинауына жол ашу мақ­сатында қолға алынған игі жоба.

Биыл қандай заңдар күшіне енді?

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап бір­қа­тар заң жобалары күшіне еніп, ай­тар­лықтай өзгерістер болды. Мәселен, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап ең тө­менгі жалақы 28 мың теңгеден 42 мың тең­геге көтерілді. Сондай-ақ зейне­тақы­ның ең төменгі және жоғарғы көлемі белгіленді. 1 қаңтардан бастап ең төменгі зейнетақы 52 145 теңге болды, ал жоғар­ғы зейне­тақы көлемі – 116 811 теңге. 2019 жылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет өтеді. Бұл тесттерді түлектер қаңтар, нау­рыз, маусым, тамыз айларында тапсырады. Қаңтардағы, наурыздағы және та­мыздағы ҰБТ-ға қатысқан талапкерге сер­тификатпен ЖОО-ның тек ақылы бө­лімдеріне ғана түсуге құқық береді, ал тес­тіге қатысу ақылы (2 241 теңге) болады. 2019 жылғы 8 қаңтарда дәрі-дәр­мек ба­ғасына қатысты заңға қол қойыл­ды. Ен­ді дәрілердің бағасы көтерме және бөл­­шек сауда бағаларына сай белгіленіп оты­­рады. Сондай-ақ емханалар ме­ди­ци­налық құжаттаманы электронды фор­мат­та жүргізеді. Енді өзін-өзі жұмыспен қамтып жүр­гендер, яғни өз бетімен табыс тауып жат­қан азаматтар бірыңғай жиынтық тө­лемді аудара алады. Сөйтіп, жеңіл­детілген төлем арқылы барлық әлеу­мет­тік көмек алуға мүмкіндігі бар. Респуб­ликалық және облыстық маңызы бар қалаларда бірыңғай жиынтық төлемі 1 АЕК (2 525 теңге), ал басқа елді мекендерде 0,5 АЕК (1 263 теңге) көлемінде бел­гіленіп отыр. Аталған соманың 10 пайы­зы жеке табыс салығына, 20 пайызы Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына,  30 пайызы Бірыңғай жи­нақ­таушы зейнетақы қорына,  40 пайызы Мін­детті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорына автоматты түрде түседі. Осылайша, бір төлеммен төрт бірдей жарна аударылады.

Көпбалалы отбасыларға көрсетілген көмек

2019 жыл көлеңкелі сәттерден де ада бол­мады. Ақпан айында жалдамалы үйде тұратын бір отбасының 5 бірдей баласы өрт салдарынан қайтыс болғаны ел есін­де. Доңыз жылының есте қалар ауыр жағ­дайларының бірі де осы оқиға екені анық. Бұл оқиға қоғамдағы талай түйт­­кілдің бетін ашқандай болды. Үкі­мет көп­балалы отбасылардың жағ­дайы­на ерек­ше назар салып, қара халықтың мұңы­на құлақ түрді. Елдің барлық өңі­рінде көпбалалы отбасылардың жағ­дайын анықтау үшін жедел штабтар құрыл­ды. Үкімет әкімдіктерге түскен халықтың ұсыныс-тілектерін де қарас­тыруға бел шеше кірісті. Нәтижесі жаман бол­мады. Көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға ар­налған атаулы әлеуметтік көмек бе­кі­тілді. Жаңа ұстанымдар көпбалалы ана­­ларды қолдауды, жаңартылған атаулы әлеуметтік көмекті, кепілді әлеуметтік топ­таманы қамтитын болады. Жаңа атаулы әлеуметтік көмек от­басылық кіріске қарамастан барлық көп­балалы, яғни 4 және одан да көп кә­мелет жасына толмаған, орта арнаулы не­месе жоғары оқу орындарында білім алып жатқан жасы 23-ке толмаған балалары бар аналарға беріледі. Егер бұл отбасы табысы бойынша аз қамтылған отбасы санатына жататын болса, онда бұл отбасыға жаңа жәрдемақыдан бөлек атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Бұған қоса, кепілдікті әлеуметтік топтама ұсынылады. Сондықтан аз қамтылған, көпбалалы отбасы болса, аталмыш көмектің барлық үш түрін алады. Сонымен бірге 2019 жылдың 1 қаң­тарынан бастап елімізде электронды сақтандыру жүйесі енгізілді. Нәти­же­сінде, қазақстандықтар өзімен бірге сақтандыру қағазын үнемі алып жүрмесе де болады. Оны бірыңғай қордан тексеруге мүмкіндік туды. Қазақстандықтар жаңа жылдан бастап еңбек шартын онлайн-режимде жасайды, енді жұмысқа қа­былдану үшін жеке куәлік қана жеткі­лікті.  Тағы бір айта кететін жайт, мемле­кет екінші деңгейдегі барлық банктерге ақшаны сақтағаны үшін берілетін бонус беруге тыйым салды.

Спорт: жеңісті күндер аз емес

Тарих қойнауына енгелі тұрған доңыз жылы спорт саласы үшін де жаңа­лық­­тарға толы болды. Мәселен, Қазақ­стан биыл алғаш рет күрес түрлерінен әлем чемпионатын қабылдады. Қыр­күйек айының 14-і мен 22-сі аралығында Нұр-Сұлтан қаласында өткен біріншілікке әлемнің 100 елінен 1 002 балуан қа­ты­­сып, 30 медальді сарапқа салды. Өкі­ніш­ке қарай, бұл сында қазақ балуандары алтыннан алқа таға алмады. Әлем чем­пионатында Дәулет Ниязбеков (еркін күрес, 65 келі), Нұрқожа Қайпанов (ер­кін күрес, 70 келі), Қорлан Жақанша (грек-рим күресі, 55 келі) күміс медальға қол жеткізсе, Нұрислам Санаев (еркін күрес, 57 келі), Мейрамбек Айнақұлов (грек-рим күресі, 60 келі), Алмат Кебіспаев (грек-рим күресі, 63 келі), Валентина Исламова (әйелдер күресі, 50 келі) қола жүлдеге қол жеткізді. Денис Теннің қазасынан кейін «мә­нер­леп сырғанаудан қазақтың намысын кім қорғайды?» деген сауал әр қазақты мазалап жүрген еді. Бірақ биыл жаңа жұлдыздың есімі әлемді шарлай бастады. Ол – Элизабет Тұрсынбаева. Қазақтың қаршадай қызы Сайтамада (Жапония) өткен әлем чемпионатында әйелдер арасындағы жарыста күміс медаль иеленді. Тұрсынбаева әлем чемпионатында тек күміс медаль алып қойған жоқ, ол негізгі бағдарламада 4 айналым сальхов (4S) элементімен секірді. Ол төрт айналым элемент секірген алғашқы мәнерлеп сырғанаушы қыз ретінде тарихқа есімін жазып қалдырды. Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен бокстан әлем чемпионатында 21 жас­тағы қазақ боксшысы Бекзат Нұр­дәу­летов жеңіс тұғырынан көрінді. Жартылай финалда төрт дүркін әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының жеңімпазы Ла Крузды жеңгенде барша қазақ ерекше тамсанып, Бекзат Саттархановтың ізін жалғар жастардың барына тағы бір мәрте көз жеткізгендей болды. Өкініш­тісі, Бекзаттың медалі – биылғы әлем чем­пионатынан бұйырған жалғыз алтын. 2013 жылы Алматы қаласында өткен әлем чемпионатында 4 алтын алған жерлестеріміз одан кейінгі сәт­терде 1 алтыннан ары асыра алмай келеді. 2 жыл бұрын Гамбургте қола медаль алған Василий Левит пен Абылайхан Жү­сіпов бұл жолы да 3-орын, күміс ал­ған Қамшыбек Қоңқабаев тағы да 2-орын­ды місе тұтты. Есесіне, 2019 жыл қазақстандық кә­сіп­қой боксшылар үшін табысты өтті. Қазақстандық кәсіпқой боксшылардың көбі алғашқы титулдарын иеленсе, Қанат Ислам екі жылдық үзілістен соң рингке жеңіспен оралды. Ал Геннадий Головкин былтырғы жеңілісінен кейін жеңістер сериясын қайта бастап, кейін белбеуін қайтарып алды. Футболда да жеңісті күндер көп бол­ды. Әсіресе, «Астана» мен «Манчестер Юнай­тед» арасындағы ойын көпке дейін жұрт есінде сақталары сөзсіз. Еуропа лигасының топтық кезеңі аясында атақ­ты «Манчестер Юнайтед» клубы елордаға келіп, «Астана» өз алаңында әдемі ойын өр­негін көрсетті. Ағылшындар негізгі құрам­дағы ойыншыларын емес, жастарды әкелсе де, қазақстандық клубтың жеңісіне барша қазақ қуанды. «Астана­ның» бұл жеңісін жоғары бағалау айып емес болар. Әлемдік спорттағы допинг дауы биыл да басылмады. Кей спортшылардың басына қара бұлт боп үйірілген допинг дауы­нан кейін қуанышы еселенгендер де бар. 2008 жылғы Олимпиада ойын­дары­ның нәтижелері қайта қаралып, ауыр және жеңіл атлетикадағы Қазақ­стан­ның көрсеткіштері өзгерген болатын. Нәтижесінде,  Алла Важенина 75 келіде 2008 жылғы Олимпиада ойында­ры­ның алтын жүлдегері атанды. Ал Ольга Рыпакова Олимпиада ойындарын­дағы жүлделер жиынтығын толық еншіледі. Ол 2008 жылғы Бейжің Олимпиа­да­сының күміс, 2012 жылғы Лондон Олим­пиадасының алтын және 2016 жыл­ғы Рио Олимпиадасының қола жүл­дегері атанды.

Қазақтың мерейін өсірген таланттар

Тәуелсіз Қазақстан тарихында өне­рімен әлемді мойындатып, ел абыройын асқақтатқан өнерпаздар көп-ақ. 2019 жылы да мұндай жетістіктерден құр қалған жоқпыз. Биыл қазақ атын алты құрлыққа таратқан таланттар арасынан әнші Димаш Құдайберген көш бастады. Ерекше дауысымен күллі әлемді өзіне қаратқан қазақ баласы таяуда АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында жеке ән кешін өт­кізіп, тыңдармандарын тағы да тәнті етті. Димаш бүгінде Ресейден басқа АҚШ, Қытай сияқты әлемнің алпауыт елдері мен бірқатар Еуропа елдеріне кеңінен танымал. Тіпті, желтоқсан айының басында Ресейде «Жыл әншісі» атанды. Оған дейін Димаш Ресейдің ұлттық музыкалық «Виктория» сыйлығында екі номинацияны («Жыл жаңалығы» және «Классикалық музыка бойынша жыл вокалисі») жеңіп алған болатын. Әншілер арасынан биыл еліміздің мерейін үстем еткендердің қатарында жас әнші Ержан Максим де бар. Ол Польшада өткен балалар арасындағы Junior Eurovision байқауында 2-орын иеленді. «Голос. Дети» байқауында топ жарып, осы байқауда да  өнерсүйер қауымды әде­мі дауысымен тамсандырған Ержан Мак­сим үшін 2019 жылдың табысты бол­ғаны сөзсіз. Ал Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясының студенті Әділхан Макин «Славян базары-2019» халықаралық фестивалінде Гран-приге ие болды. Осыдан дәл төрт жыл бұрын «Славян базары–2015» халықаралық фестивалінде Димаш Құдайберген тұңғыш рет Гран-приді жеңіп алса, 2017 жылы Ернар Садырбай бірінші жүлдеге ие болған еді. Витебскіде Димаш Құдайберген бағындырған биік биыл Әділxан Макиннің жеңісімен жаңғырды. Екі күн бойы ерекше таланты мен вокалдық мүмкіндіктері үйлесіп, кәсіби орындаушылық деңгейі мен актерлік шеберлігі жарасым тапқан Әділxан Макин қазылар алқасы мен алты мыңнан астам көрерменнің, оның сыртында тікелей эфирді тамашалаған миллион­даған фестиваль жанкүйерлерінің таң­дайын қақтырып, ыстық ықыласына бө­ленді. Өнерпаз «Славян базары» фес­тивалінің үлкен саxнасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев баста­ған Абай атамыздың 175 жылдығына арналған өлең оқу эстафетасы туралы көрермендерге қазақ тілінде xабарлап, Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін арнайы шырқады. Жалпы, 2019 жыл – еліміз үшін жаңа­лыққа толы жыл болды. Оның бәрін бірдей тізбелеп шығу мүмкін емес. Десек те, аса маңызды оқиғаларды жыл соңында бір мәрте еске түсірдік. Бұл жылы мерейтойлар мен атаулы даталар да аз болған жоқ. Халықаралық Túrkіstan газеті де 25 жылдық мерейтойын атап өткені оқырмандарымызға мәлім. Келер 2020 жыл да еліміз үшін жағымды ақпараттарға толы жыл болғай!