26 Желтоқсан 2019, 08:45 953 0 Қоғам Túrkistan Gazeti

Тоғыз айдағы  толымды істер

112 796 шақырым. 181 сағат 36 минут. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 9 айда жүрген жолы мен сол жолға жұмсаған уақыты. Ақордада өткен брифингте Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли Мемлекет басшысының 9 айда атқарған жұмысы туралы осылай деп есеп берді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы ел Президенті ретінде 20 наурыздан бастап республиканың әр аймағына арнайы барды. Мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту үшін шетелдерге шығып, 100-ге жуық халықаралық кездесу өткізді.

Баспасөз хатшысы ұсынған мәліметтерге сүйенсек, 20 наурыздан бері Мемлекет басшысының қатысуымен 463 іс-шара өтіп, Президент қатысқан жиындар бойынша 49 хаттама толтырылыпты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы 45 заңға, 226 Жарлыққа, 68 Өкімге қол қойған.

Президент халықаралық байланысты жандандыруды да назардан тыс қалдырған жоқ. Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 12 елге сапармен барып қайтты. Өзбекстан, Қытай және Қырғыз елдеріне мемлекеттік сапармен, Ресей және Германияға ресми сапармен ат басын тіреді. Сондай-ақ тап сол Ресейге 3 рет, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Арменияға жұмыс сапармен барған. Еуразия құрлығының түкпір-түкпірін былай қойғанда, Солтүстік Аме­риканың ғана емес, дүниежүзінің алпауыты АҚШ-қа да барып қайтты. Бір ғана осы сапар үшін Президент борты 20 мың шақырым қашықтықты еңсерді. Одан бөлек Қасым-Жомарт Кемелұлы 31 елдің басшысымен телефон арқылы сөйлесті.

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының орындалып жатқанын тілге тиек етті. Айта кетейік, Қазақстан Президенті Әкімшілігі Өтініштерді қарауды бақылау бөліміне тамыз айының басынан бері 15 669 өтініш келіп түссе, соның 4 025-і  виртуалды қабылдау арқылы жүзеге асқан. Осылардың бәріне уақытылы әрі тиісті жауап берілген. Сонымен бірге Мемлекет басшысы қызметіне кіріскелі бері 249 мемлекеттік орган басшыларын, Парламент депутаттарын, саяси партиялар мен қауымдастық өкілдерін және жеке тұлғаларды қабылдады.

Қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған алғашқы Жолдауы арқылы еліміз қоғамдық-саяси тұрғыда жаңғыруға бет бұрды. Пре­зиденттің қатысуымен өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде көтерілген мәселелер мен қабылданған шешім­дер бұқара тарапынан оң бағасын алды. Биыл жастарды баспанамен қамту мәселесі де шешімін тапты. Қазірдің өзінде мыңдаған жас жалдамалы пәтерге қол жеткізді. Ал келер жылы студенттердің шәкіртақысы өседі. Сондай-ақ «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулы қабылданды. Мұғалімдер мен оқушылардың жағдайы жақсарады. Ұстаздардың жалақысы өседі. Бұл дегеніміз – Президенттің 9 айда атқарған жұмысының нә­тижелі әрі ел дамуы үшін аса маңызды болғанын біл­діреді.

Брифинг соңында мемлекет саясатын насихаттауға үлес қосқаны үшін бірқатар журналистер Президент «Алғысхатымен» марапатталды.

 

 

Соңғы жаңалықтар