Алматылық дәрігерлер 7 жасар баланың денесіне біткен егізін алып тастады

Алматы қалалық №2 клиникалық балалар ауруханасының хирургтары күрделі ота жасады.

Аlmaty.tv телеарнасының хабарында, Қазақстанда тұңғыш рет дәрігерлер адамнан егіз паразитті алып тастағаны туралы айтылды. Ота жасалған жеті жасар қыздың диагнозы алдын ала белгісіз болған. Ата-анасының айтуынша, баланың туғаннан омыртқасы ауырып, дәрігерлер «омыртқа ісігі» деген диагноз қойған.

«Біз тілгеннен кейін мұның тератома екенін анықтадық. Дене бөліктерін көрдік. Яғни, ұрық болған», – дейді №2 қалалық клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Әлібек Жарасов.

Жылдар бойы ол қыздың денесінде өскен. Мұндай жағдайлар әлемде аса сирек кездеседі. Десек те, операция сәтті аяқталды.

Аурухана басшылығы келесі жылы хирургия бөлімін кеңейтіп, жаңа медициналық аппарат алуды жоспарлап отыр.

«Біз бұрын Алматыда жасалмаған оталарды жасау үшін операциялық макроскоп, нейрохирургиялық навигация алуды жоспарлап отырмыз», – деді №2 қалалық балалар ауруханасының бас дәрігері Марат Рабандияров.

Айта кетейік, биыл қазан айында №2 қалалық ауруханада жаңа хирургиялық бөлім ашылды. Содан бері 150-ден аса күрделі ота жасалған. Ал қыздың омыртқасындағы егіз паразитті алып тастау Қазақстан медицинасы үшін тың жаңалық болды.

 

 

Back to top button