Корпоративтің орнына мүгедек балаларға ертеңгілік өткізетін министрлік жұртты сүйсінтті

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жаңа жылдық корпоративтің орнына балаларға арналған қайырымдылық шарасын өткізеді. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі хабарлады. 

«ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қызметкерлері мерекелік корпоративті шараның орнына табысы аз және көпбалалы отбасылардан шыққан 300 балаға, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларға арналған қайырымдылық жаңа жылдық таңертеңгілік өткізуге шешім қабылдады», делінген хабарламада.

Министрлік ұжымы мұқтаж отбасылардың балаларына таңертеңгілікті және сыйлықтарды ұйымдастыруға ерікті түрде қаражат жинады. «Біз Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде жұмыс істейміз. Біздің ұжымның әрбір қызметкері көмекке және әлеуметтік қолдауға мұқтаж қазақстандықтардың өмірін жақсартуға өз үлесін қосады. Бұл қайырымдылық акциясы биылғы жылы жұмысымыздың жақсы аяқталуы болады деп есептеймін! Ал, балаларға мереке сыйлау – игі іс», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Жаңа жылдық ертеңгілікке шақырылатын балалардың тізімін министрлік қызметкерлері елордалық әкімдіктің мамандарымен бірлесіп жасады. Оған табысы аз, көпбалалы отбасылардан шыққан 300 бала, сондай-ақ мүгедек балалар кірді. Мерекелік шара 29 желтоқсанда әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайында өтеді. Балалар Аяз ата мен Ақшақармен бірге шыршаның айналасында билеп, «Ақ патшайым» театрландырылған қойылымын тамашалап, сыйлықтар алады.

 

Back to top button