«Кассирдің мойнына пышақ тығып алған»: Алматыда жанармай құю бекеті тоналды

Алматыда жанармай құю бекеттерінің біріндегі күзетші-кассирге қарақшылық шабуыл жасалды, деп хабарлайды Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Кезекшілікте отырған кассирге «жағдайын білу үшін» досы келген. Дегенмен, бірнеше минуттан кейін АЖҚБ қызметшісі қан-жоса күйінде жерде құлап жатты.

«Бұрыннан таныс азаматтар жұмыс уақытында үнемі кездесіп, жасырын түрде ащы судан татып жүрген. Сол күні 1980 жылы дүниеге келген азамат әдеттегідей досының жұмыс орнына келіп, екеуі ішкен. Кейін АЖҚБ-гі досынан ақша сұраған, ол бермеген. 54 жастағы зардап шегуші бұрылған кезде «серіктесі» нан турайтын пышақты мойнына қадайды. Автожанармай бекетінің қызметкері жұмысшыларға арналған төсекке құлап түскен соң серіктесі ақшаның қай жерде тұрғанын айтуды талап еткен. Қарақшы кассадан 40 мың теңгені алып, досын қан-жоса күйінде тастап кеткен», – деп мәлімдеді Жетісу аудандық Полиция басқармасының полиция полковнигі Дархан Мұсанов.

Жамбыл облыстық департаментіндегі әріптестермен бірлесе жұмыс істеу барысында күдікті ұсталды. Қазіргі уақытта ұсталған азамат уақытша қамау изоляторына тоғытылды.

ҚР ҚК 192-бабы 2-тармағына (қарақшылық) сәйкес, сотқа дейінгі тергеу жұмысы басталды.

Back to top button