Көкшетауда Тұғырыл ханға арналған жиын өтті

Өткен апта соңында Көкшетау қаласында  «Отан тарихындағы тұлғалардың рөлі» деп аталатын ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференцияны ҚР Білім және Ғылым минстрлігі Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты, ҚР Мемлекет тарихы институты, Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университетінің ғалымдары бірігіп ұйымдастырды.

Конференцияға қоғам қайраткерлері мен зерттеуші ғалымдардан – Зиябек Қабулдин, Бүркітбай Аяған, Қаржаубай Сартқожа, Жандарбек Мәлібеков, Серік Негимов, Ғосман Төрекелді, Қадыржан Абуов, Еркін Аманжолұлы, Бекжан Әбдуәлиұлы, Жәди Шәкенұлы, Дәулеткерей Кәпұлы және БАҚ өкілдері қатысты.

Ғалымдар бас қосқан жиында Шыңғысхан және одан кейінгі қазақ хандары дәуірінің қалыптасуына ықпал еткен  тұлға Тұғырылханның өмір жолы мен ерлік іздері жайлы баяндамалар оқылды. Тұғырыл хан жайлы деректер моңғол, парсы, түрік, қытай, орыс, жапон жазбаларында және  Марко Поло,  А.Андреев, Н.А.Аристов, Г.Ф.Миллер қатарлы шетелдік зерттеушілердің еңбектерінде де кездесетін көрінеді. Тұғырыл хан –Шыңғыс хан дәуірінде өмір сүрген керей хандығының ханы.

Жиын барысында «Тұғырыл хан» кітабының тұсаукесер рәсімі жасалып,  «Тұғырылхан-Оң хан» корпоративтік қоры бекіткен шәкіртақы Ш.Уалиханов атындағы Көкшетау университетінің екі студентіне табысталды.

Жиынды ұйымдастырушылар тарихи тұлға – Тұғырыл хан есімін көтеру Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани Жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы мен президентіміз Қ.Тоқаевтың «Алтын орданың 750 жылдығын мерекелеу» аясындағы үндеуіне сай қолға алынып отырғандығын атап өтті.

Back to top button