Даудың басы – допинг: Қазақстан Ауыр атлетика федерациясы қиын түйінді тарқата алмай әлек
Даудың басы – допинг: Қазақстан Ауыр атлетика федерациясы қиын түйінді тарқата алмай әлек
Биылғы жылдың жазында көптен күткен Рио Олимпиадасы өтеді. Жазғы Олимпиада ойындарында спортшыларымыз байрағымызды көкке желбіретіп, талай жеңісті нәтижелер көрсетеді деп үміттеніп отырғанымыз да жасырын емес. Алайда ауыр атлетикадағы соңғы жаңалықтар спортсүйер қауымның төбесінен жай түсіргендей болды. Үш бірдей қазақ зілтеміршісінің допинг қолданды деген күдікке ілінуі біз күтпеген жайт еді.
Құрыққа ілінген зілтеміршілер
Халықаралық ауыр атлетика федерациясы желтоқсан айында қазақстандық ауыр атлетшілер Жасұлан Қыдырбаев, Алмас Өтешов, Ермек Өміртайдың допинг-сынағында тыйым салынған заттар табылғандығын мәлімдеген еді. Федерацияның мәлімдемесінде: «2015 жылы Хьюстонда өткен ауыр атлетикадан әлем чемпионатының қорытындысы бойынша допинг бақылауының «А» сынамаларында спортшылардың ағзасынан «анаболик андроген стероидтары» табылды», – деп жазылыпты. Халықаралық ауыр атлетика федерациясы допинг қабылдады деген күдікпен Ресей, Әзірбайжан, Беларусь, Грекия, Молдова және Солтүстік Кореяның 17 спортшысын уақытша спорттан шеттетті. Бұл тізімнен қазақстандық зілтеміршілер де тыс қалмады. Сынама қорытындысынан кейін Алмас Өтешов пен Ермек Өміртайды допинг қолданды деген күдікпен спорттан уақытша алыстатты. Ал 2014 жылғы әлем чемпионы, 2015 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Жасұлан Қыдырбаев допинг үшін өмір бойына дисквалификацияға ұшырауы мүмкін. Өйткені ауыр атлетикадан әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ спортшысы бұған дейін 2012 жылы да допингпен ұсталып, екі жылға спорттан қол үзген болатын. Аталған зілтеміршілермен қатар олардың жаттықтырушылары да уақытша қызметтерінен босатылды. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының өзі хабарлады. «Қазір осы үш спортшының аға жаттықтырушыларын жұмыстан шеттету мәселесін қарау үстіндеміз. Біз міндетті түрде шара қолданып, жұмыстан шектеуіміз керек. Спортшылармен кездесіп жатырмыз. Қай уақытта, кімнің көмегімен дәрілер қабылдағанын анықтаймыз. Бірақ бұл әлі аяғына дейін белгіленген дүние емес. Бұл анализдің алдын-ала берген көрсеткіші. Әлі де спортшылар сынама тапсырып, тексерістен өтеді. Анализ болғаннан кейін қателіктер кетуі мүмкін. Тексеріс көрсетеді бәрін», – деді министр мырза. Министр айтқандай, үш бірдей қазақ спортшысының алғашқы допинг сынамалары ашылды, енді екінші сынамалары сараптамаға беріліп, оның нәтижесі осы айда белгілі болуы тиіс еді. Бірақ допингке қатысты даулы мәселенің күрмеуі күрделеніп кетті. Әуелде Қазақстан Ауыр атлетика федерациясы екінші сараптаманы Германияда жасату туралы ұсыныс білдірген, алайда шұғыл түрде федерация басшылығы шешімдерін күрт өзгертті. Тіпті, Қазақстан федерациясы Монреал зертханасының шешіміне қарсы мәлімдеме жасаудан және нәтижесі маңызды деп күткен «Б» сынамасын өткізуден бас тартып отыр. Себебі «Б» сынамасы да сол Монреал зертханасында жасалады. Бұған дейін аталмыш зертханаға қатысты Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни: «Барлық сынама Америкада алынған, оларды федерация Монреал зертханасына жіберген. Жігіттер бұл бақылаудан әрдайым өтіп жүрді. Тіпті, Қыдырбаевқа таңғы жетіде келіп, сынақ алып кеткен. Біз, тіпті, әлемдегі ең үздігі саналатын Кельн зертханасында тексерілдік. Монреалдағы зертхананы білмеймін, бірақ Кельн әлі күнге ең мықтысы болып саналады. Адами факторды да есепке алу қажет әрі сынақ алатын мамандардың білімін қарау керек. Сондықтан мүмкіндігінше ресурстарды, заңдарды қолдануымыз қажет», – деген пікірін білдірген. Сонымен қатар, бас бапкер қол қусырып қарап отырмай, Қазақстан ауыр атлетика федерациясы тарапынан белгілі бір қадамдар жасалуы қажеттігін тілге тиек етті. Қазақстан Ауыр атлетика федерациясы енді өзімізде комиссия тағайындап, жасалған сараптама нәтижесін халықаралық федерацияға жіберіп, нақты шешімін күтпек. Сонымен бірге, федерация басшылығы атлеттердің қанына допинг басқа жолдармен де түсуі мүмкін екендігін алға тартуда. ҚР Ауыр атлетика федерациясы басшылығының мәлімдеуінше, атлеттердің ағзасына допинг кейбір рұқсат етілген тағамдар мен дәрі-дәрмектер арқылы түсуі мүмкін. Егер бұл нақтыланса, спортшылардың кінәсі болмайды. Тек минималды көлемде айыппұл салынады. Айта кетейік, қазірдің өзінде Қазақстанға спортшылардан допинг табылғаны үшін 50 мың доллар айыппұл салынып отыр. Ал Халықаралық Ауыр атлетика федерациясы атлеттердің допингті арнайы қабылдағанын нақты дәлелдесе, онда үміт артқан Жасұлан Қыдырбаев пен Алмас Өтешов Рио-де-Жанейрода өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысу құқығынан айрылады. 94 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңісті қолдан бермейді деп сенген спортшыларымыз Олимпиадаға бармаса, еліміздің спорттағы беделіне нұқсан келуі бек мүмкін. Қазақстан құрамасының бас бапкері Алексей Ни Жасұлан Қыдырбаев пен Алмас Өтешовтің әлемдік деңгейдегі спортшылар екендігін айтуда. «Бұл жігіттер кешегі балалар емес, Қыдырбаев – әлем чемпионы, Өтешов – екі-үш рет күміс жүлдегер атанды. Олардың деңгейі жоғары. Біз оларды Хьюстондағы жарысқа алтын мен күміс медальдар алады деп дайындадық. Спортшыларымызды допингсіз және осындай даусыз дайындауға миымыз жетпей ме сонда? Логика болуы керек қой. Сонда Разимов пен Зайчиков неге ұсталмады? Біз бір командамыз, бірге дайындалдық. Сондықтан, сұрақ көп. Үштікке кіре алмаған қатардағы спортшылар ұсталды десе бір жөн, ал бұл жігіттер медаль алуға дайын», – депті өзінің сұхбатында Алексей Ни. Халықаралық Ауыр атлетика федерациясы спортшыларымыздың допинг қолданғанын дәлелдесе, олар Хьюстондағы жүлдесінен айрылады. Ал допинг байқаусызда ішіп-жеген тағамдармен қанда пайда болғаны анықталса, жаза мерзімін қысқартуға мүмкіндік бар. Өкінішке қарай, бұл да жігіттердің Риоға алған жолдамасын сақтап қалуға көмектесе алмайды. Егер Жасұлан Қыдырбаев пен Алмас Өтешов Риодағы Олимпиадаға қатысса, жеңісті қолдан бермейтіні анық. Тіпті, көпшілік 94 келіге дейінгі салмақтағы ауыр атлеттер арасынан алтынды қазақтар алатынын сенімді түрде айтқан. Оның үстіне, Олимпиадада ауыр атлетикадан алтын медаль алған тұңғыш қазақ атанар еді. Айта кетейік, бұған дейін Олимпиада тарихында ауыр атлетикадан чемпион атанған қазақ азаматы болмаған.Допингтің дауы біте ме?
Допингке қатысты даулы жайттар қазақ спортында алғаш рет орын алып отырмағаны бесенеден белгілі. Ауыр атлеттер арасындағы допинг дауы да бірінші рет тіркелмеді. 2006 жылы Халықаралық ауыр атлетика федерациясы еліміздің 5 спортшысын екі жылға спорттан аластатты. Азия чемпионаты мен әлем чемпионатында Ирина Гереева, Владимир Седов, Станислав Копутов, Сергей Истомин, Игорь Башановқа «қанынан допинг табылды» деген айып тағылды. Ал 2007 жылы дәл осындай айыппен Камилла Багаудинова, Мұхит Үсенбаев, Вячеслав Ершов екі жылға спорттан қол үзді. 2008 жылы Дмитрий Стрига, 2009 жылы Александра Дзюба мен Игорь Ким допинг дауы бойынша спорттан екі жылға шеттетілді. 2012 жылы жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Семен Линдер, ересектер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері Нұрсұлтан Рахатов, Қазақстан қыздар құрамасының мүшесі Фаина Сыбанбаева допинг қолданғаны үшін спорттан шеттетілген. Ал 2013 жылы қазақстандық 9 ауыр атлетке допинг қолданды деген айып тағылып, 2 жыл спорт әлемінен қол үзді. Бұл жолғы зілтеміршілердің қатарында Александра Аборнева, Фархад Харки, Айдар Қазов, Ғалымбек Жұбатқанов, Ерболат Жоламанов, Аят Әмірбеков секілді жас спортшылар бар еді. 2013 жылғы допинг дауына байланысты Халықаралық ауыр атлетика федерациясы Қазақстан құрамасына 500 мың доллар айыппұл салды. 2014 жылдың ресми мәліметтері бойынша, Қазақстан ауыр атлетика спорты бойынша допингпен ұсталған спортшыларының көрсеткіші бойынша екінші орынға шығыпты. Алғашқы орында 18 ауыр атлеті тыйым салынған препараттарды пайдаланған Әзірбайжан құрамасы тұрса, допингпен ұсталған 7 спортшысы бар Армения мен Өзбекстан үшінші орынға жайғасқан. Бұдан өзге де елімізде допинг қолданғаны үшін спорттан шеттетіліп жатқандар қаншама. Мысалы, жеңіл атлет Ольга Шишигинаға 1996 жылы «қанынан станозолол табылды» деген айып тағылып, ол спорттан екі жылға шеттетілген болатын. 1996 жылғы Атланта олимпиадасына қатысу құқығынан айрылды. Бірақ бұл Шишигинаның шыңға шығуына кедергі келтірген жоқ. Спортқа 1998 жылы қайта оралған жеңіл атлетика шебері Бангкокта өткен Азия ойындарының алтын медалін иеленді, ал 2000 жылы Сидней олимпиадасының чемпионы мәртебесіне қол жеткізді. 1998 жылы Сидней олимпиадасына қатысу үшін әзірленіп жүрген жүзуден Азия чемпионатының күміс жүлдегері Евгения Ермакова олимпиадаға қатысу құқығынан айрылды. Спортшы «қанынан допинг табылды» деп айыпталды. Сөйтіп Евгения Ермакова спортпен біржола қоштасты. Ал 2008 жылы қазақстандық триатлоншы, 1999 жылғы әлем чемпионы, 1998 жылғы әлем кубогының иегері Дмитрий Гааг та «допинг қолданды» деген айыппен екі жылға спорттан қуылды. Сөйтіп Гааг Азия чемпионы атағынан айрылып, оның Пекин олимпиадасындағы нәтижесі де жойылды. Ольга Терешковаға да дәл осындай айып тағылып, ол да екі жылға спорттан шеттетілді. Айыпталар алдындағы Жапонияның Кобе қаласында өткен Азия чемпионатында қол жеткізген Терешкованың алтын медалі жоққа шығарылған болатын. 2007 жылы велоспортшы Александр Винокуровтың басына да осындай күн туды. Ол «гемотрансфузия препаратын қолданды» деген айыппен екі жылға спорттан қол үзуге мәжбүр болды. Франциядағы «Тур-де Франс» көпкүндігіне қатысып жатқанда халықаралық антидопинг қауымдастығы мен халықаралық велоспорт федерациясы қазақстандық велошабандоздың допинг қолданғанын растайтын құжаттарды әзірледі. Винокуровты айыптағаннан кейін «Астана» велокомандасы да 2007 жылы «Тур-де Франс» көпкүндігіне қатысудан бас тартты. 2010 жылы «Астана» велоклубы тағы да допинг дауына шырмалды. Бұл жолы кезек «Тур-де Франс» додасында топ жарған Альберто Контадорға келді. «Жарыс кезінде допинг тұтынды» деген ақпарат шығысымен халықаралық велоспорт одағы бұл мәселені зерттеуге бірден кірісті. «Тур-де Франс» көпкүндігі кезінде қан сараптамасы жасалып, спортшының ағзасынан кленбутерол табылған. Контадордың қанынан табылған кленбутанол қауіпті нормадан 400 есе аз екен. Яғни, оны допинг деп айтуға ол кезде ерте еді. Жалпы, елімізде допинг орталығы жұмыс істейді. Ал спортшылар бұл допинг орталығында бір апта бұрын тексеруден өтеді. Ал одан кейінгі бір аптаның ішінде спортшылардың ішіп-жеген тағамдарын ешкім де қадағаламайды. Сол себептен, спортшылардың да жарыс алдында өз жауапкершіліктерін сезінгені жөн секілді. АППАҚ ҚАР, САҢЛАҚ СПОРТШЫЛАР Өткен аптада Италияның Валь де Фьемме мекенінде шаңғы жарысынан «Тур де Ски» көпкүндігінің нүктесі қойылды. Бұл сайыста Қазақстан намысын Әлем чемпионатының 2013 жылғы қола жүлдегері, Азия ойындарының 4 дүркін жеңімпазы Алексей Полторанин қорғаған болатын. Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық шаңғышы Әлем кубогы есебінде 8-орынға тұрақтады. Сегіз күнге созылған жарыстың алғашқы кезеңдерінен-ақ Алексей Полторанин үздік нәтижелер көрсете бастады. Швейцарияның Ленцерхайде мекеніндегі «Тур де Ски» көпкүндігінің екінші кезеңінде ерлер арасындағы классикалық стильмен 30 шақырым қашықтықта қазақстанның маңдайалды спортшысы Алексей Полторанин бесінші орынға тұрақтаған болатын. Бұл кезеңнің жеңімпазы норвегиялық шаңғышы Мартин Йонсруд Сундбю болды. жарыстың келесі кезеңінде ерлер арасындағы еркін стильмен ізге түсіп жарысуда 10 шақырым қашықтықта жерлесіміз жетінші орыннан көрінді. Бұл жолы да жеңіс жалауы норвегиялық спортшыға бұйырды. Көпкүндік сайыстың төртінші кезеңі Германияның Оберстдорф қалашығында жалғасын тапты. Бұл жолы классикалық спринтте Қазақстан шаңғышысы жүлделі үшінші орынға табан тіреді. Норвегиялық Эмиль Иверсен төртінші кезеңнің жеңімпазы атанса, екінші орын ресейлік Сергей Устюговқа бұйырды. Алексей Полторанин бұл жолы екінші, үшінші кезеңдерде жеңіс төрінен көрінген Мартин Йонсруд Сундбюді, сонымен қатар атынан ат үркетін Петтер Нортуг пен Себастьян Айзенлауэрді артта қалдырды. Оберстдорф қалашығында жалғасқан бесінші кезең қазақстандық спортшы үшін сәтті болды. «Тур де Ски» көпкүндік жарысының бұл сынында классикалық стильмен 15 шақырым қашықтықта жерлесіміз алтыннан алқа тақты. Ерлер арасындағы аталмыш жарыста Алексей Полторанин атақты швейцариялық Дарио Колоньядан 0,01 секундқа ғана озып, 35 минут 35,9 секундта мәре сызығын кесті. Айта кетейік, бұл – Полтораниннің Әлем кубогы кезеңдеріндегі тоғызыншы жеңісі және 22-ші жүлдесі. Бесінші кезеңдегі жеңісінен кейін Алексей Полторанин «Тур де Ски» жарысының жалпы есебінде төртінші орынға жайғасты. Алексей Полторанин жетінші кезеңді де жақсы нәтижемен аяқтады. Италияның Валь де Фьемме мекенінде өткен ерлер арасындағы классикалық стильдегі масс-стартта қазақстандық спортшы үшінші орынды еншіледі. Алғашқы екі орын норвегиялық шаңғышылардың қанжығасына тиді. Ал Италияның Валь ди Фиемме мекеніндегі Альпе де Чермис тауында шаңғы спортынан «Тур де Ски» көпкүндік жарысының қорытынды сегізінші кезеңінде Алексей Полторанин бесінші орынға тұрақтады. Еркін әдіспен 9 шақырымдық жарыста норвегиялық Мартин Йонсруд Сундбю бірінші орынды ешкімге бермеді. Ал күміс және қола жүлдені Норвегия спортшылары Петтер Нортуг, Финн Хаген, қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин және ресейлік Сергей Устюгов сарапқа салды. Бұл сында шаңғышыларға тауға қарай өрлеу оңай тиген жоқ. Алдымен қазақстандық шаңғышы төрттікті бастап, алға шықты. Бірақ көп ұзамай ресейлік Сергей Устюгов пен норвегиялық Финн Хаген Крог мықтылық танытып, Алексей Полторанин мен Петтер Нортугтан ұзап кетті. Сөйтіп қорытындыда Мартин Йонсруд Сундбю өз спорттық жолында үшінші мәрте қатарынан бас жүлдені жеңіп алса, Финн Хаген Крог екінші, Сергей Устюгов үшінші орынды иеленді. Мәреге жақындағанда ұшқырлық танытқан Петтер Нортуг төртінші, Алексей Полторанин бесінші келді. Бұл – қазақстандық шаңғышы үшін жақсы көрсеткіш. Бұған дейін «Тур де Ски» жарысында Алексей мұндай жоғары орынға көтерілмеген. Сондықтан алдағы Әлем кубогы жарыстарынан Алексей Полтораниннен тағы да жүлде күтуге болатын тәрізді. Жалпы, шаңғышының жыл сайынғы Әлем кубогындағы көрсеткіштері жоғарылап келеді. Мәселен, 2007 жылы 150-орынға тұрақтаған Алексей араға бір жыл салып 107-орынға жақындады. Ал 2009 жылы 82-орыннан көрінді. 2010 жылы 69-орынға жайғасқан шаңғышы 2011 жылы 34-орынға дейін көтерілсе, одан кейінгі жылы 26-орынға жайғасты. 2013 жыл Алексей Полтораниннің Әлем кубогындағы үздік көрсеткіші болды. Бұл жылы жерлесіміз 4-орыннан бір-ақ шықты. Алайда 2014 жылы Полторанин қайтадан төмен сырғып, 12-орынды қанағат тұтқан болатын. Әлемнің үздік шаңғышыларымен қатар сынға түсіп жүрген 28 жастағы Алексей Полторанин соңғы «Тур де Ски» жарысында бір кезең жеңімпазы атанса, енді бірінде күміс жүлдегер атанған болатын. Сондай-ақ, 2013 жылы екі рет кезең жеңімпазы атанды. Алексейдің ендігі мақсаты – осы көрсеткішті жақсарту.КӨП ЖОЛДАМАДАН ҮМІТТІМІЗ
Өткен жылы еліміздің спорт саласында жалауымызды көкте желбіреткендер аз болмады. Қой жылында қазақстандық спортшылар олимпиадаға енетін барлық спорт түрлерінен әлем чемпионаттарының жалпы есебінде 12 медаль иеленіп, әлем елдері арасынан 24-орынға жайғасты. Биылғы жыл да спортшылар үшін дүбірлі додаларға толы болмақ. 2016 жылдың жазында басталатын Рио олимпиадасын дүниежүзінің халқы тағатсыздана күтіп отырғаны жасырын емес. Төрткүл дүние асыға күткен байрақты бәсеке 5-21 тамыз аралығында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтеді. Спорт сынына әлемнің 205 елінен 12 500 спортшы қатысады деп жоспарлануда. Олар спорттың 42 түрі бойынша 306 медальдар жиынтығын сарапқа салады. Олимпиаданың 43 жолдамасы қазір қазақстандық спортшылардың еншісінде. Ал Қазақстан құрамасы Рио-де-Жанейро олимпиадасында спорттың 27 түрі бойынша 100-ден астам лицензия ұтып алуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, 2012 жылы өткен Лондон олимпиадасында қазақстандық спортшылар спорттың 25 түрінен 105 лицензия ұтып алған болатын. Лондондағы дүбірлі додада Қазақстан спортшылары 7 алтын, 1 күміс, 5 қола медальді қанжығасына байлап, жалпы есеп бойынша 204 ел арасынан 12-орынға тұрақтаған. Өткен жылы Рио-де-Жанейро олимпиадасына дайындық барысын пысықтаған Мәдениет және спорт министрлігі арнайы брифинг өткізді. Брифинг барысында Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков олимпиадаға дейін жолдамаларды сарапқа салатын 70 халықаралық жарыс өтетіндігін тілге тиек етті. Вице-министр спортшылардың әлі де 60-қа жуық лицензияны ұтып алуға мүмкіндігі бар екендігін нақты айтып отыр. Ұлттық құрама командалар биыл 40-тан аса Азия чемпионатына, 29 лицензиялық әлем біріншілігіне және 140 Әлем кубогының кезеңіне қатысып, қажет ұпайларға қол жеткізген. Сонымен қатар, 2016 жылы 70 құрлықтық және әлемдік жарыс пен 52 Әлем кубогы кезеңіне қатысу жоспарлануда. Бұл сайыстарда да олимпиада жолдамасы сарапқа салынатынын атап өткен жөн. Осы додалардан кейін ұлттық құрама еншілеген лицензиялар саны нақты белгілі болады. Сондай-ақ, 26-30 қаңтарда Жапонияда велоспорттан Азия чемпионатының жалауы желбіремек. Дүбірлі додада үздік өнер көрсеткендер Рио-де-Жанейро олимпиадасының жолдамасына ие болады. Бұл сынға Қазақстан әйелдер құрамасы толық құрамда қатысып, олимпиада лицензиясы үшін сынға түседі. 2016 жылы футзалдан Қазақстан құрамасы үшін де табысты жыл болғалы тұр. Қазақстан құрамасы футзалдан Еуропа чемпионатына алғаш рет қатыспақ. 2-13 ақпан аралығында Сербияда өтетін бұл сында қазақстандық құрама Ресей және Хорватия командаларымен бір топта өнер көрсетеді. Мешін жылында өтетін спорттық додалардың тағы бірі – Норвегияның Лиллехамер қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы Қысқы олимпиада ойындары. 12-21 ақпан аралығына жоспарланған олимпиадада жас мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева мен конькиден жасөспірімдер арасындағы Әлем кубогы кезеңдерінің жүлдегері Станислав Палкин ел намысын қорғайды. Ал 16-21 ақпан аралығында Тайпейде мәнерлеп сырғанаудан «Төрт құрлық чемпионаты» өтеді. Бұл чемпионатқа Қазақстаннан Денис Тен қатыспақ. Ақпанның 17-cі мен 21-і аралығында Таиландта күрестен Азия чемпионаты өтсе, 18-20 наурыз күндері Астанада өтетін азиялық олимпиадаға іріктеу турнирінде Рио жолдамасы сарапқа салынады. 11-15 наурызда Оңтүстік Кореяның Сеул қаласында шорт-тректен әлем чемпионаты өтеді деп жоспарланған. Әлем біріншілігіне Қазақстан сапынан 4 ер, 2 әйел спортшы бақ сынайды. Сонымен бірге, 13-18 сәуірде Қытайдың Уси қаласында семсерлесуден Азия біріншілігі өтіп, спортшылар олимпиада жолдамасы үшін таласады. 19-20 сәуірде Филиппин елінің Манила қаласында Азия құрлығының таэквондошылары олимпиада жолдамасы таратылатын жарысқа қатысады. Бұл жарысқа Қазақстан толық құрамда барады деп күтілуде. Ал 6-22 мамыр аралығында Ресейде шайбалы хоккейден әлем чемпионаты өтеді. Бұл сында Қазақстанның ерлер құрамасы өнер көрсететіндігін айта кетейік. Қазақстан топтық кезеңде Ресей, Швеция, Чехия, Швейцария, Латвия, Норвегия және Дания мемлекеттеріне қарсы ойнайды. 19-27 мамыр күндері биылғы жылдың маңызды спорттық додаларының бірі біздің елімізде өтпек. Ол – Астана қаласында өтетін бокстан әйелдер арасында әлем біріншілігі. Айта кетейік, біріншілікте Рио-де-Жанейро олимпиадасының жолдамалары сарапқа салынады. Жазғы олимпиада ойындарының жолдамасын сарапқа салатын доданың бірі 22-29 мамыр аралығында Мәскеу қаласында өтеді деп жоспарланған. Бұл жолы қазіргі бессайыстан әлем біріншілігі өтеді. Бұл байрақты бәсекеде де Қазақстан құрамасы бақ сынайды. Қазақстан құрамасы мамырдың 28-і мен маусымның 1-і аралығында Жапонияда өтетін триатлоннан құрлық біріншілігінде де олимпиада жолдамасына ие болу үшін бақ сынайтын болады.