Адам ағзасын шетелге сатуға қарсы петиция – мәжіліс депутаты жауап берді

Әлеуметтік желі мен мессенджерлерде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау» туралы кодекске қарсы петиция тарап кетті. Жұмыс тобының басшысы, ҚР парламент мәжілісі депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Зәуреш Аманжолова аталмыш петицияға қатысты пікір білдірді.

Петицияны ұйымдастырушылар қайтыс болған қазақстандықтардың органдарын шетелге сатуға рұқсат беретін донорлықты реттеуші пунктерге қарсы. Олардың пікірінше, марқұм көзі тірісінде рұқсат бергенде ғана мәйіттің органдары алынуы керек.

Қазақстанда қазір келісім презумпциясы жұмыс істеп тұр. Оған сәйкес, адам тірі кезінде донорлықтан бас тартпаса, өлім тіркелген соң оның органдары туысқандарының рұқсатынсыз алынуы мүмкін.

Сондай-ақ петиция авторлары «шетелде тұратын трансплантация кезегіндегі реципиенттерге де» медициналық көмек қажет болғанда органдарды Қазақстан аумағынан сыртқа шығаруға рұқсат беретін ықтимал өзгертулерге тыйым салуды ұсынады. Авторлар донорлық органдарды шетелге шығаруға рұқсат беру қылмыс жасауға түрткі болады деген пікірде.

«Бұл дегеніміз Қазақстан трансплантология әлеміндегі фабрикаға айналады деген сөз. Бізде органдарды алуға келісім презумпциясы бар! Яғни тірі күнімізде донорлықтан бас тартпаған жағдайда, қайтыс болған соң біз бәріміз органымызды алуға келістік деген сөз. Жобаның 215 бабының 8 бөлімі  туысқандарыңызды сіздің қазаңыздан кейін органыңызды алуға тосқауыл болу құқынан айырып отыр. Өйткені, бұл заң бойынша донорлықтан адамның өзі тірі кезінде ғана бас тарта алады», – деп жазылған мәтінде. Жұмыс тобының басшысы, ҚР парламент мәжілісінің депутаты, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Зәуреш Аманжолова аталмыш петицияға қатысты өз пікірін білдірді.

«ҚР «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексі жобасы мәжілісте 2019 жылдың 3 қазанында тіркеліп, 9 қазанда жұмысқа қабылданды.

Биыл 17 қазанда мәжілісте Кодекс пен тиісті заң жобасы таныстырылды. 22 қазанда әлеуметтік-мәдени даму комитеті 53 адамнан тұратын жұмыс тобын бектітіп, жұмысқа қатысатын сарапшылардың тізімін құрастырды», – деді Аманжолова.

«Олардың құрамына депутаттар мен мемлекеттік орган өкілдерінен бөлек қоғамдық ұйымдар, денсаулық сақтау саласы қауымдастықтары сияқты мемлекеттік емес мекеме өкілдері, дәрігерлер, Қазақстан медициналық ғылымдарының және ғылыми ұйымдарының, медициналық білім беру мекемелерінің өкілдері, басшылары мен мамандары бар. Жасалып жатқан жұмыстың ашықтығын қамтамасыз ету үшін талқылаулардың басым бөлігі ҚР парламентінің сайтында тікелей эфирде өтеді», – деді депутат.

«Бүгінде 678 позицияның 367-сі мақұлданған, 2 қабылданбады, қайта түзетуге 255 жіберілді», – деп нақтылады Аманжолова.

«Түзетуге жіберілген 255 позицияның ішінде транслантологиялық органдарды шетелге тек Қазақстан азаматтарының қажеттіліктері үшін ғана шығару, жеке ақпараттардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мәйіттердің жеке басы анықталмаған немесе жақындары жоқ деп тану уақытын ұзарту, алдын алу екпелерінеқатысты мәселелер, темекі өнімдерін тұтынуды шектеу мен алдын алу мәселелері, медициналық қызметтердің және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің сапасын жақсарту, дәрі-дәрмектердің бағасына қойылатын шек, дәрі-дәрмектердің тіркеу куәліктері, әскери-медициналық қамтамасыз ету сияқты өзекті мәселелер бар», – деп жазды жұмыс тобының басшысы.

«Барлық нормалар мемлекеттік, мемлекеттік емес және қоғамдық ұйымдар мен халықтың ескертулерін ескере отырып қарастырылуда.

Жұмыс тобы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр және аптасына екі рет отырыс өтеді. Келіп түскен барлық ұсыныстар қаралады және нормаларды толықтыру кезінде ескеріледі. Сондай-ақ жоба бойынша қорытындыны 2020 жылдың сәуірінде өткізуіміз керек екенін атап өткен жөн», – деп атап өтті депутат.

«Осылайша мемлекеттің ең асыл қазынасы – Қазақстан халқының денсаулығын қадағалайтын кодекс нормаларын қайта қарап талқылау үшін депутаттардың бірнеше айы қалды», – деп қорытындылады Аманжолова.

Back to top button