Әлеуметтік жәр­­­де­мақы үшін өтірік ажырасып жатыр

Әлеуметтік жәр­­­де­мақы үшін өтірік ажырасып жатыр

Әлеуметтік жәр­­­де­мақы үшін өтірік ажырасып жатыр
ашық дереккөзі
Көпбалалы аналар үшін 2019 жыл 21 мың теңгемен есте қалатын болды. Осынау әлеуметтік көмектің дауы талай әлеуметтік қызметкерді тәлтіректетіп, талай отбасының тағдырын шешті.

Отағасы мен отанасының та­бысы отбасындағы әр адамға шаққанда 21 мың теңгеге жетпесе, әр адамға мемлекеттен осынша ақша төленеді дегенді естіген жұрт халыққа қызмет көрсету орта­­лығына қарай ағылды. Кей­бірі­нің табысы шын мәнінде жетпесе, кейбірінде сәл-пәл асып кетіп жатты. Не керек, ілін­­­гендер қарық болып, ал қол жет­кізе алмағандардың кейбірі түрлі қитұрқылыққа барудан да тайынбады. Иә, ақша адамға не істет­пейді? Қажеттілік адамды пен­­дешілікке де жетелейді екен. Жал­ған құжат өткізу былай тұрсын, отбасылық табыс мекенжай құ­жа­тына тіркелген адамның бәрін қосып есептелетін болған соң зейнетақы табысқа кіріп кетеді деп, ХҚК орталығынан ме­кен­жайын ауыстырту үшін бүк­шең­деген, таяқ ұстаған талай қа­рияны жетектегендерді де кез­­­­­дестірдік-ау. Ана баласынан мына баласының үйіне немесе қы­зының, ағайынының үйіне тіркеліп жатқандардан аяқ алып жүре алмайсыз. Бір-бірімен жан­жал­­дасу, кезекке талас, бәрі-бәрі бол­ды. Ол кездегі әлеу­мет­тік қызметкерлердің жүй­кесін де түсінуге болады. Қара­пайым ха­лыққа түсіндіру де қиын, бір сұра­­ғанын тағы келіп сұрайды. Міне, жарты жыл бойы халыққа қыз­мет көрсету орталығы осындай дүрбелеңге ұласты.

Ең сорақысы, әлеуметтік жәр­­­де­мақы үшін құжат жүзінде не­кесін бұзып жатқандар да кез­десті. Әй­­теуір, жәрдемақыны алудың не­бір айла-әрекеті көз алды­мыз­да қа­лыпты жағдай сияқты өтіп жатыр. Жуырда ақпараттық коммуни­ка­циялар орталығында өткен брифингте Шымкент қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Нұрғали Егембердиев жыл басынан бері мегаполисте 7 437 жұп неке қидырса, 2 605 ажы­расу тіркелгенін атап өтті.

Ал негізінен судьялықпен қатар медиаторлықты да қоса атқаратын Шымкент қаласы Еңбекші аудан­дық сотының судьясы Қайрат Ізба­саров сотқа келіп түскен неке бұзу туралы талап-арызда түрлі себептердің болатынын және биыл әлеуметтік жәрдемақы алу үшін де ажы­расуға бел буған жағдай­лар­дың да жиі орын алғанын жасырмады. «Жыл басынан бері неке бұзуға арыз берген тараптарды талдағанымызда істің 35 пайызы татуластыру бойынша аяқталды. Яғни, ажырасамын деп ниеттеніп келгендердің біраз бөлігін қайта татуластырып, отбасын сақтап қалдық. Жұбайлардың арасында түрлі жағдай бойынша жараспай қалғандар бар. Неке бұзу бойынша келіп түскен талап-арыздың биылғы ерекшелігі де арнайы әлеуметтік көмекке қол жеткізу үшін деген сылтаулар кездесті. Оларға «не үшін ажырасасыз?» деп сұрақ қой­ға­ны­мызда, «жалғызбасты ана неме­се асыраушысынан айырылған деген мәртебе алсақ мемлекеттен көбірек қолдау көреміз бе деп отырмыз» деген жауапты да естідік. Тіпті, бірге тұрамыз, бірақ некелікті бұзыңыз деп те жатады. Біз оларға мемлекеттен берілетін жәрдемақының ондай мәртебеге ешқандай қатысы жоқ екенін, бастысы, табыс деңгейі екенін айтып түсіндірдік. Кейбірі оны түсініп, талап-арыздарын қайтарып алды», – дейді Қайрат Ізбасаров.

Иә, қарапайым халық үшін осындай шулы жыл болған биылғы жыл, сірә, ұмытыла қоймас. Шым­кент­те атаулы әлеуметтік көмек алу барысында кірісін жасырған 3 030 отбасыға төлем тоқтатылып, 4 521 отбасыға қайта есеп­теулер жүргізілген. Сонда қазақ қоғамындағы отбасы құндылықтарының құлды­рау­ға ұшырап бара жатқаны ащы да болса шындық болғаны ғой... aikyn.kz