Бізге парламенттік оппозиция институты қажет – Тоқаев

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ІІ отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев біздің қоғам партия құрылысының жаңа сапалық кезеңіне өтетіндей дәрежеге жеткенін айтты, – деп хабарлады «Қазақпарат».

«Бізге парламенттік оппозиция институты қажет. Біз жаңа қоғамдық парадигманың басты шарты балама көзқарастар мен пікірлер екенін түсінуіміз керек. Соңғы жылдары өз ұстанымдарын ашық білдіріп жүрген белсенді азаматтар бірқатар әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешуге атсалысты. Біз балама пікірлер мен қоғамдық талқылау тоқыраудың бастауы емес, керісінше, дамудың басты талаптарының бірі екеніне көз жеткіздік», – деді Тоқаев.

Оның айтуынша, «Парламент туралы» заңды саяси азшылыққа кепілдік беретін нормалармен толықтыру қажет.

«Сондықтан Парламенттегі саяси азшылықтың негізін заң жүзінде бекіту қажет. Бұл үшін «Парламент туралы» заңды саяси азшылыққа кепілдік беретін нормалармен толықтыру қажет. Мысалы, басқа да партиялардың өкілдері Парламенттегі кейбір комитеттердің төрағасы лауазымдарын иелене алатындай жағдай жасау керек. Бұл биліктің заң шығару тармағындағы баламалы қызметтің жүйелі жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Back to top button