«Әділет басқармасы кінәлі» – бойжеткен ем іздеп барып, өлілер тізімінде екенін білген (видео)

Батыс Қазақстан облысының 22 жастағы тұрғыны ауырып, жедел-жәрдем шақырған. Мемлекеттік емханаға барған ол өзінің тірілердің тізімінде жоқ екенін білген. «Еуразия бірінші арнасының» хабарлауынша, бойжеткен өзінің тірі екенін дәлелдеу үшін әлі сабалып жүр.

«Олар маған компьютерді көрсеткен кезде, онда «Туккужинова Анаргуль Сатыбалдиновна», менің туған күнім мен қайтыс болған күнім – 2014 жылдың 20 шілдесінде деп жазылған. Мен 2014 жылдан кейін бірнеше рет ол жерге тексерілгенмін, бірақ ешқандай мәселе байқалмаған. Емханадағылар барлығына Әділет басқармасы кінәлі деді. Бірақ біріншіден олар маған кем дегенде қандай да бір көмек көрсетуі керек еді, екіншіден, мұның бәрін маған дұрыс түсіндіруі керек еді», – дейді Анаргүл телеарнаға берген сұхбатында.

Оның айтуынша, жұмыста ауырған ол жеделжәрдеммен ауруханаға барғанда өзінің өлілердің тізімінде екенін білген. Амалы таусылған ол ақылы емханаға барып қаралуға мәжбүр болған.

Телеарнаның мәліметінше, оның өлілердің тізімінде екеніне аурухана қызметкерлері де білмеген.

«Бұл негізі біздің кінәміз емес. Бағдарлама компьютерге орнатылған. Біз оған өзгеріс енгізе алмаймыз. «Біреуді өлді» деп жазбақ түгілі, мекенжайын да өзгерте алмаймыз. Өзімізде қорқып кеттік… Оның әділет органдарына баруы керек», – дейді тіркеу бөлімінің қызметкер Гүлдана Есқалиева.

Бір анығы, қайтыс болғандардың тізіміндегі бойжеткен жұмыс істеп, салық төлеп отыр.

Back to top button