Жаңалықтар

Қазақстандық түлектер бұдан былай ҰБТ-ны электронды түрде тапсырады

ашық дереккөзі

Қазақстандық түлектер бұдан былай ҰБТ-ны электронды түрде тапсырады

Елімізде білім гранты орташа алғанда 340-420 мыңнан 900 мың теңгеге дейін өсіріледі. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.  «Жас маман» жобасы бойынша 180 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылады. Ол үшін бюджеттен 58 млрд теңге қарастырылды. Тегін кәсіби техникалық білім бағдарламасымен жыл сайын 100 мың студентті қамтитын боламыз. Ал дуалды оқумен қамтылған студенттердің саны 35 пайызға жетеді. Колледж студенттерін жұмысқа орналастыру көрсеткіші 60-тан 75 пайызға дейін жететін болады. Жоғары білім бағдарламаларын кәсіби стандарттарға негіздеп, 100 пайыз жаңарту міндеті тұр. Шетел студенттерінің саны жалпы контигенттің 10 пайызын құрайтын болады. Білім гранттарын орташа алғанда 340-420 мыңнан 900 мың теңгеге дейін өсіру арқылы профессорлық-оқытушылық құрамның еңбекақысын көтеру, университеттердің материалдық базасын жақсарту қарастырылып отыр. Бұл көптен күткен жаңалық. Шыны керек 2011 жылдан бастап грант құны жалпы өзгермеген. Осыған бюджеттен 244 млн теңге қарастырылды«, - деді 2025 жылға дейін Қазақстанда білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын таныстырған Асхат Аймағамбетов. Министрдің айтуынша, 10 университетте академиялық басымдық орталықтарын құру үшін 21 млрд теңге бөлініп, 10 университет әлемнің үздік 500 университетінің қатарына кіретін болады. «Бұған қоса ҰБТ тапсыру электронды форматқа көшіріледі. Гранттардың бірнеше түрі енгізіліп, жоғары оқу орнының қолжетімділігі, ашықтығы қамтамасыз етілді. Сонымен қатар 2025 жылға дейін 90 мың орынға арналған жатақхана алынады. Педагогика мамандарын дайындайтын университеттер саны бүгінгі күні - 85. Осы университеттер бойынша біз қосымша талап қойып, оның санын әлдеқайда азайтып, материалдық базасын нығайтамыз. Бізге педагогтерді дайындау өте маңызды мәселе», - деді министр.