Ұлттық музейге – 5 жыл

Ұлттық музейге – 5 жыл

Ұлттық музейге – 5 жыл
ашық дереккөзі
Елордада Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің 5 жылдығына арналған «Қазақстан музейлері: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халықаралық форум өтті. Жиын барысында қазіргі заманғы музейдің әлемдік өзгермелі жағдайларға бейімделуі мен музейлер әлеуетін тиімді пайдалану жолдарын қарастыру жағдайлары сөз болды. Сонымен қатар музейлер мен көрме кеңістіктерін цифрлы форматта дамыту саласындағы үздік тәжірибелерді көрсету, қазіргі заманға сай музей менеджментін дамыту, музей заттары мен коллекцияларын сақтау проблемаларын шешу сияқты өзекті тақырыптар ортаға салынды. Мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков Ұлттық музей қызметкерлерін 5 жылдық мерейтоймен құттықтап: «Бұл музейді қалыптастыру оңай болған жоқ. Алғаш концепциясын дайындау қажет болған кезде мен комиссияның төрағасы болдым. Елімізде музейтанушы, музей мамандары тапшы болды. Бірақ көпшіліктің арқасында, ардақты азаматтардың арқасында концепцияны бекіттік. Қазіргі кезде Ұлттық музей жолға қойылып, Қазақстанның бетке ұстар тарихи-ғылыми орталығына айналды. Сол үшін қуаныштымын. Ұлттық музей ашылған кезде Президенттік мәдениет орталығында тұрған тарихи экспонаттар және ондағы барлық ғылыми қызметкерлер осында көшіп келді. Бүгінде барлығы осы музейде жұмыс істеп жүр деп ойлаймын, оларға ағалық алғысымды білдіргім келеді», – деді. Форум аясында «Қазақ Алтайының қазынасы» көрмесі ашылды. Көрмеде Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданында археолог-ғалым З.Самашевтың жетекшілігімен 2018-2019 жылдары жүргізілген археологиялық экспедиция барысында «Елеке Сазы» қорғанынан табылған байырғы сақ мәдениетінің бірегей алтын бұйымдары ұсынылды. Сондай-ақ жетінші «Алтын адамның» т.ғ.д., профессор З.Самашев жасаған ғылыми реконструкциясы алғаш рет таныстырылды. Сонымен қатар  «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» атты халықаралық көрме жобасының қорытынды баспасөз мәслихаты өтті.