Ұстаздықтан дипломатияға дейін…

Сыртқы саясат саласында мол тәжірибеге ие білікті дипломат Қайрат Әбдірахманов өзіне тән кәсібилігімен танымал тұлға және тарихшы ғалым. Ол 1964 жылы Талдықорған облысында дүние­ге келген. 1987 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тарих мамандығы бойынша тамамдап шығады.

Қайрат Әбдірахмановтың ал­ғашқы еңбек жолы ұстаздықтан басталған. 1987-1991 жылдары Ленин атындағы Қазақ по­литехникалық институтында сая­си тарих кафедрасында оқы­тушы болады. Педагогика сала­сы­н­ың өзі болашақ дипломатқа кә­сіби дағдыларын жинақтауда тың сер­пін болды десек, артық айтқан­дық емес. Ғылым жолына да бет бұрған Қайрат Құдайбергенұлы 1991-1993 жылдары Қазақ мемле­кет­тік университетінде аспирант болады.

Осылайша, ұстаздық пен ғы­лым жолында жүрген Қай­рат Құдайбергенұлының Сырт­қы істер министрлігіндегі ең­бек жолы дәл осы 1993 жылы бас­талады. Төрт жыл аралығында ол дипломатияда пісіп, жетіліп, қан­шама іс-тәжірибеден өтті. 1993-тен 1997-ге дейінгі төрт жыл­дың ішінде ІІІ, ІІ хатшы, бөлім бас­шысы, Сыртқы істер министрлігі Азия елдері басқарма бас­шы­сының орынбасары қызметтерін атқарады. Ал 1997 жылы Азия ел­дері басқарма департаменті бас­шысы лауазымына тағайындалып, бір жыл кө­ле­мінде Азия, Таяу Шығыс және Аф­рика басқармасы­ның басшысы – СІМ төртінші департаменті бас­шы­сының орынбасары болады.

Кейіннен 1998-1999 жылдар аралығында СІМ үшін­ші департамент басшысы атанады. Ал 1999 жылы СІМ екіжақты қа­рым-қатынас департаментінің бас­шысы болады. 1999 жылдан 2001 жылға дейін Қайрат Құдай­бергенұлы СІМ вице-министрі лауазымына тағайындалады. Вице-министр атану қызметіне ғана емес, жалпы өзін кәсіби тұрғыда да­мытуына зор мүмкіндіктерге жол ашады. Екі жыл аталған қыз­мет­те болып, оны табысты атқар­ған­нан кейін 2001-2003 жылдары Қазақстан елшілігінің Ұлыбри­та­ниядағы кеңесші-уәкілі болады.

2003 жылдан бастап Қайрат Әб­дірахмановтың  елші ретіндегі қызметі басталады. Дәл сол жылы Қазақстанның Израильдегі Төтен­ше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалады. Кез келген дипломат үшін елшілік үлкен салмағы мен жауапкершілігі бар қызмет. Бітім­дестіру, мәмілеге қабілетті болу, кез келген саяси жағдайда са­рабдал әрі көреген шешім қа­был­дау бірінші кезекте кәсіби дағ­дыға сүйенсе, екінші кезекте ма­манның бар қабілетін аша түсе­ді. Қайрат Әбдірахманов елшілік қызметте өзін жан-жақты көр­сете білді.

2006 жылы елге қайта оралып, бір жыл көлемінде Сыртқы істер министрінің орынбасары болады. 2007 жылы елшілік қызметін қай­та жалғап, 2008 жылға дейін Қа­зақстанның Австриядағы Төтенше және өкілетті елшісі, сондай-ақ Вена қаласындағы Қазақстанның ха­лықаралық ұйымдардағы тұ­рақ­ты өкілі болады. 2013 жылдан бастап Қазақстанның БҰҰ-дағы тұрақты өкілі атанады.

Қайрат Әбдірахманов 2016 жыл­дың 28 желтоқ­саны­нан бастап Қазақстанның Сыртқы істер министрі лауазымына та­ғайындалады. Бұған дейін сыртқы саясат саласында хатшылық, елші­лік, вице-министр т.б лауазымдарды алып жүрген Қайрат Құдай­бер­ген­ұлы Сыртқы істер министрі бол­ған сәттен бастап сол уақытқа дейін жинақталған тәжірибесін сәтті қолдана білді. Сыртқы саясат саласының білікті басшысы имиджін қалыптастыра алды. Қайрат Құдайбергенұлы сыртқы ве­домство­ға басшылық еткен жылдары Қазақстан халықаралық аре­надағы бірқатар ірі маңызды шараларға алаң ұсынып, өзі төра­ғалық еткен сәттері болды. Мә­се­лен, Сирия Араб Республика­сын­дағы жағдай бойынша Сирия дағ­дарысын шешуде Астана (қа­зір­гі Нұр-Сұлтан қаласы) бітімгерлік алаң ұсынғаны баршаға мәлім. Бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, оның сыртқы саясатты қадаға­лай­тын ведомствосы үшін де өте жауап­ты процесс екені онсыз да тү­сі­нікті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен Сирия дағда­ры­сын шешуде Астана процесі Сыртқы істер министрлігіне зор жауапкершілік артты. Қайрат Әбдірахманов аталған келіссөз­дердің әр раундында Қазақстан тарабының ұстанымын жеткізіп, кепілгер ел өкілдері делегациясымен бір үстел басына жайғасып, мәселенің оң шешім табуына кеңі­нен үлес қосты. Сирия бойынша Астана процесі әлі күнге дейін жалғасып келеді және бітімгер­лік­тің ең тартымды алаңы­на айналды. Бүгінде Сирия Араб Респуб­ликасындағы жағдай тұрақталып, Астана процесі алаңын­да кепілгер мемлекеттер өз міндеттерін орындауда. Әрине саяси шиеленістер болмай тұр­майды. Дегенмен елордада өткен әр келіссөз белгілі бір жетіс­тік­терге қол жеткізіп ке­леді.

Қайрат Әбдірахманов Сырт­қы істер министрі болған­да Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйы­мына төрағалық етті, әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыла­ры­ның кезекті алтыншы съезі өтті, Қазақстан Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының кезекті отырысын өткізді, ғылым мен техника бойынша Ислам ынтымақтастық ұйымының саммиті өтті. Аталған халықаралық маңызы зор іс-шаралардың басы-қасында министрлік басшысы ретінде Қайрат Әбдірахманов жүрді. Сыртқы істер министрі ре­тіндегі миссиясын 2019 жылы сәтті аяқтаған Әбдірахманов 2019 жыл­дың 18 наурызынан Қазақ­станның Швеция Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі лауазымына тағайындалды.

Өте байсалды әрі өз сала­сы­ның білгір маманы бола біл­ген Қайрат Құдайбергенұлы «Құр­мет», «Парасат» ордендерінің ие­гері атанып, мерейтойлық медаль­дерге ие болған. Қазақстан Пре­зидентінің алғысхатымен, «Қазақстан Республикасы туризмін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталған.

Төтенше жә­не Өкілетті Елші диплома­тия­лық рангы бар Қайрат Әбдірах­манов бүгінде елдің сыртқы саясаты бойынша жемісті де білікті қызметін жалғастырып келеді.

 

Олжас БЕРКІНБАЕВ,

саяси ғылымдар магистрі

Back to top button