Үнділерді үркіткен қандай заң?
Үнділерді үркіткен қандай заң?
Үндістан халқынан тыныштық кетті. Ел премьер-министрі Нарендра Моди мұсылман емес иммигранттарға азаматтық беруге қатысты жаңа заңға наразылық білдірушілерді сабырға шақыруда.
Үндістанның Дели, Мумбаи, Хайдарабад, Калькутта сынды ірі қалаларында көтеріліс өтіп жатқанына бірнеше күн болды. Жексенбі күні ел астанасында полицейлер мен көтерілісшілердің қақтығысынан 50 адам зардап шекті. Елдің солтүстік-шығысындағы Ассам штатында басталған көтеріліс салдарынан осы кезге дейін 6 адам бақилық болды.
Десек те, көшеге шығып, наразылық білдірушілердің себептері сан түрлі. Мәселен, бір топ жаңа заң ислам дініне қарсы бағытталған десе, көтерілісшілердің екінші тобы ауқымды иммиграциядан қауіптеніп отыр. Елдің үкімет басшысы Нарендра Моди болса әлеуметтік желіде: «Үндістанның бірде-бір тұрғыны жаңа заңға қатысты алаңдамай-ақ қойса болады. Бұл заң Үндістаннан басқа барар жері жоқ және жылдар бойы ел сыртында тентіреп жүргендерге арналады» деген жазба қалдырды.
Айта кетейік, бұл заң Бангладеш, Пәкістан және Ауғанстаннан Үндістанға заңды түрде келген мұсылман емес жандардың азаматтық алуына мүмкіндік береді. Биліктегілердің түсіндіруінше, заң жобасы діни қуғындаудан қашқан азаматтарды қолдауға бағытталған. Ал мұсылмандар Үндістан тарапынан қорғауға мұқтаж емес деп отыр. Алайда заңды сынаушылар бұл құжаттың зайырлы мемлекет принциптеріне қарама-қайшы екенін алға тартады. Көтеріліс басталған Ассам штатындағы тұрғындардың мұңы басқа. Олар Бангладештен келіп жатқан заңсыз мұсылман емес мигранттар нөпірінен қауіптенуде. Тұрғындардың айтуынша, сырттан келгендер олардың жерін, жұмысын тартып алып, ұлттық мәдениетіне нұқсан келтіруі ықтимал.
Әзірге Үндістандағы бұл жағдайдың қашан тұрақталатыны белгісіз. Тек полицейлер қазір Делидегі ахуалды реттеуге бар күшін салуда. Өйткені Ұлыбритания, АҚШ және Канада елдері қазірдің өзінде туристерін Үндістанға бармауға шақыруда. Ал бұл өз кезегінде Үндістанның туризм саласына айтарлықтай кедергісін келтіретіні сөзсіз.