Үнділерді үркіткен қандай заң?

Үндістан халқынан ты­ныштық кетті. Ел премьер-министрі Нарендра Мо­ди мұсылман емес иммиг­рант­тарға азаматтық беруге қатысты жаңа заңға наразы­лық білдірушілерді са­бырға шақыруда.

Үндістанның Дели, Мумбаи, Хайдарабад, Калькутта сынды ірі қалаларында кө­тері­ліс өтіп жатқанына бірнеше күн болды. Жек­сенбі күні ел астанасында по­лицейлер мен көтері­ліс­ші­лер­дің қақтығысынан 50 адам зардап шекті. Елдің солтүстік-шы­ғы­сындағы Ассам штатында басталған кө­тері­ліс салдарынан осы кезге дейін 6 адам ба­қи­лық бол­ды.

Десек те, көшеге шығып, на­разылық біл­дірушілердің себептері сан түрлі. Мә­се­лен, бір топ жаңа заң ислам дініне қарсы ба­­ғытталған десе, көтеріліс­ші­лер­дің екінші то­бы ауқымды им­миграциядан қауіптеніп отыр. Елдің үкімет басшысы На­рендра Моди болса әлеумет­тік желіде: «Үндістанның бір­де-бір тұрғыны жаңа заңға қатыс­ты алаң­да­май-ақ қойса болады. Бұл заң Үндістаннан бас­қа барар жері жоқ және жылдар бойы ел сыртында тентіреп жүрген­дер­ге арналады» деген жазба қал­дырды.

Айта кетейік, бұл заң Бангладеш, Пә­кістан және Ауғанс­тан­нан Үндістанға заңды түрде келген мұсылман емес жандар­дың азаматтық алуына мүм­кін­дік береді. Билікте­гілердің тү­сін­діруінше, заң жобасы діни қуғындаудан қашқан азаматтарды қолдауға бағытталған. Ал мұ­сылман­дар Үндістан тарапынан қорғауға мұқтаж емес деп отыр. Алайда заңды сынаушылар бұл құжаттың зайырлы мем­лекет принциптеріне қара­ма-қайшы екенін алға тартады. Көтеріліс басталған Ассам шта­тын­дағы тұр­ғындардың мұңы басқа. Олар Бангладештен келіп жатқан заңсыз мұсылман емес миг­ранттар нөпірінен қауіп­тену­де. Тұрғын­дардың айтуынша, сырттан келгендер олар­дың жерін, жұмысын тартып алып, ұлт­тық мәдениетіне нұқсан келтіруі ықтимал.

Әзірге Үндістандағы бұл жағ­дайдың қашан тұрақта­ла­тыны белгісіз. Тек полицейлер қазір Делидегі ахуалды реттеуге бар күшін салуда. Өйткені Ұлыбри­тания, АҚШ және Канада елдері қазірдің өзінде турис­терін Үндістанға бармауға ша­қыруда. Ал бұл өз кезегінде Үндіс­­танның ту­ризм саласына ай­тарлықтай ке­дергісін келтіретіні сөзсіз.

Back to top button