Boeing-тың болашағы беймәлім
Boeing-тың болашағы беймәлім
Әлемге аты әйгілі Boeing әуекомпаниясы келер жылдың қаңтар айынан бастап 737 Мах сериялы әуелайнерін шығаруды тоқтатпақ. Бұған соңғы уақытта орын алған әуе апаттары себеп болып отыр.
Өткен аптада АҚШ конгресінде тыңдалым өтті. Жиында 2018 жылдың қазан айында Индонезияда орын алған әуе апаты сөз болып, қайғылы оқиға тағы да қайталануы мүмкін деген тоқтамға келді. Естеріңізде болса, осы бір әуе апаты 189 адамның өмірін жалмаған еді. Апатқа ұшыраған ұшақ – Lion Air авиакомпаниясына тиесілі 737 Мах сериялы лайнері болатын. Дәл осы әуекөлігі 2019 жылдың наурыз айында Эфиопиядағы 157 адам қаза тапқан апатқа да себепкер болған. Осы апаттан кейін Boeing аталмыш үлгідегі ұшақты эксплуатациялауды тоқтату туралы шешім қабылдады. Арада көп уақыт өтпей компания 737 Мах сериялы әуелайнерін қазан айынан бастап қайта шығаратынын мәлімдеген. Алайда өткен аптада АҚШ-тың Азаматтық авиация федералдық басқармасы әуекемесін қайта шығаруға 2020 жылға дейін рұқсат берілмейтінін кесіп айтты.
Осыдан кейін Boeing компаниясына деген сенім азая бастағандай. Өйткені дүйсенбіден бері компанияның акциясы 4,5 пайызға дейін төмендеді. 737 Мах сериялы ұшағының жұмысы тоқтатылғалы Boeing компаниясы айтарлықтай қаржылық қиындықтарға тап болған. 2019 жылдың 9 айындағы қорытындыға сәйкес, әуекомпаниясының табыс көлемі екі есе азайып, 895 млн долларды құраған.
Дегенмен әуекомпания өздерінде бұрынғысынша 737 Мах сериялы 400 ұшақтың бар екенін хабарлады. Компанияның мәлімдеуінше, аталған үлгідегі ұшақты әзірлеуге қатысқан мамандар уақытша өзге жобалармен айналысуда. Бірақ мамандардың біраз бөлігі бұрынғы жұмыстарын жалғастырып жатыр. «737 Мах сериялы ұшақтарын қайта жасап шығару – басты мақсатымыз. Қазіргі уақытта оны қайта шығару үшін біздің өте сақ болуымыз қажет. Тапсырыс берушілер, қадағалаушылар мен жолаушылар өздерін сенімді сезінуі үшін біз тыңғылықты жұмыс істеуге міндеттіміз. Біз мұны жақсы түсініп отырмыз» делінген компания таратқан ресми мәлімдемеде.