Ресей спортындағы «көлеңкелі күндер»
Ресей спортындағы «көлеңкелі күндер»
Ресей спортында тағы да дау. Осыдан 4 жыл бұрын басталған допинг дауын Бүкіләлемдік допингке қарсы күрес агенттігі қайта қозғады. Осылайша, Ресей спортшыларының басына қара бұлт үйірілді. WADA ресми түрде Ресейдің халықаралық спорттық сайысқа қатысу құқығынан 4 жылға шеттетілетінін хабарлады.
WADA үстіміздегі жылдың қараша айында Ресейдің антидопингтік агенттігін Бүкіләлемдік допингке қарсы күрес кодексінің талаптарына сай келмейтінін мәлімдеп, Мәскеудегі зертхана жұмысына теріс баға берген болатын. WADA сарапшыларының мәлімдеуінше, зертханада жасалған тексерулер нәтижесі өзгертілген. Айта кетейік, 2015 жылдың қараша айында WADA Ресейді антидопингтік ережені бұзғаны үшін айыптап, Мәскеудегі зертхана жұмысын тоқтатқан болатын. Тіпті сол жылы «РУСАДА ұйымның кодексіне сай жұмыс жасамады» деген үкім шығарды.
Арада бір жыл өткенде, яғни 2016 жылы канадалық заңгер Ричард Макларенның Ресей спортындағы допинг туралы баяндамасының екі бөлімі жарияланып, күллі әлемнің назарын қайта Ресейге аудартты. Осыдан кейін WADA «РУСАДА» жұмысына күдіктене қарап, агенттік жұмыстарын зерттеп-зерделеуге шындап кірісті. Алайда 2018 жылдың қыркүйек айында Бүкіләлемдік допингке қарсы күрес агенттігі «РУСАДА»-ға бұрынғы статусын қайтарып берді. Бірақ Ресей антидопингтік агенттігінің қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Биыл «РУСАДА» жұмысы тағы да күдікке ілініп, WADA қайтадан тексеріс бастады.
Өткен аптаның басында WADA бірауыздан шешім шығарып, Мәскеудегі антидопингтік агенттіктің кодекс ережелерін сақтамағаны үшін Ресейді халықаралық додадан сырт қалдырды. Енді Ресей 4 жыл аралығында ешқандай халықаралық жарысты өз жерінде өткізе алмайды. Ал Ұлттық олимпиада комитетінің басшылығы Ресей командаларының ірі турнирде де бой көрсете алмайтынын хабарлады. Оның ішінде олимпиадалар мен паралимпиадалық ойындар да бар. Мұндай сайыстарға еш күдікке ілінбеген ресейлік атлеттер қатыстырылады. Бірақ олар Ресей туы астында өнер көрсете алмайды. Әрине, WADA-ның мұндай шешімімен Ресей тарапы келісуге құлықты емес. Ресей президенті Владимир Путин WADA-ның шешімінің тегін еместігін алға тартуда. Оның айтуынша, бүкіл спортшыларды жазалаудың түбінде әлемдік спорттағы тазалықты сақтау емес, спорт пен олимпиадалық жұмыстарға қатысы жоқ саяси астар жатыр. Ресей басшысы Мәскеудің WADA шығарған шешімге қарсы сотқа арыздануға құқылы екеніне сенімді. «Бүкіл спортшыларды жазалау дұрыс емес. Қабылданған шешім күдікке ілінбеген спортшыларға еш әсер етпеуі керек. Мұны бәрі де түсінеді. Менің ойымша, WADA мамандары да мұны жақсы түсініп отыр», – деді Владимир Путин.
Бұған дейін WADA Мәскеу зертханасында жасалған допинг сынамаларды қайта тексерген болатын. Ал сейсенбі күні сол тексеріс нәтижесіне сай 15 іс «РУСАДА»-ға жіберілді. Әзірге 15 іске қатысты спортшылардың есімі аталмады. Қайта тексеру жұмысынан кейін мұндай есімдер қатарының тіпті де арта түсетіні анық. Бірақ олардың қай спортшыға қатысты екенін жақын арада біле алмаймыз. «РУСАДА» басшылығы мұны ашып айтты. Тіпті қазіргі аталған 15 спортшының өзі 2020 жылдың басында ғана белгілі болмақ.
WADА таратқан ресми мәліметке сүйенсек, Мәскеу зертханасында жасалған тексерулер кезінде күдікке ілінген 145 спортшының нәтижелері өзгертілген, тіпті кейбірі жойылған екен. «РУСАДА» WADA-ның мұндай шешімімен келісіп отырған жоқ. Бүгін Ресей допингке қарсы күрес агенттігі бақылау кеңесінің отырысы өтеді. Дәл осы жиында Ресей агенттігінің WADA-ның шешімін қабылдайтыны, болмаса келіспейтіні нақты белгілі болуы тиіс. Алайда қазірдің өзінде «РУСАДА»-ның WADA шешімін қабылдаудан бас тартатыны анық аңғарылады. Өйткені Ресей президенті Владимир Путиннің өзі WADA шешімімен келіспейтінін айтып отыр.
Тіпті бақылау кеңесі бұл шешіммен келіскен күнде де Халықаралық олимпиада және паралимпиада комитеті, Ресейдің олимпиада және паралимпиадалық комитеті, сондай-ақ халықаралық федерациялар қарсы болуы мүмкін деген де пікір бар. Бірақ Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах WADA шешімін қолдап отырғанда, өзгелердің санкцияға қарсы шыға қоюы екіталай. Оның үстіне, Халықаралық олимпиада комитетіне қарасты спортшылар комиссиясының мәлімдемесі де бұл сөзімізге дәлел. «Біз Ресей билігінің допингке қатысты дауды жасырып-жабуға тырысқанын қатаң сынға алып отырмыз. Және WADA атқарушы комитетінің бірауыздан қабылдаған шешімін қолдаймыз. Оның ішінде осы мәселеге қатысы бар мемлекеттік шенеуніктер, атлеттер және олардың өкілдерін жазалау қажет» деп мәлімдеген еді Халықаралық олимпиада комитетінің спортшылар комиссиясы.
Сарапшылардың сөзіне сенсек, Ресей спортындағы допинг дауы бүгін-ертең аяқтала қоймасы анық. Тіпті бұл даудың Токиодағы Олимпиада ойындарына дейін де тамамдалмауы бек мүмкін.