Ресей спортындағы  «көлеңкелі күндер»

Ресей спортындағы  «көлеңкелі күндер»

Ресей спортындағы  «көлеңкелі күндер»
ашық дереккөзі
Ресей спортында тағы да дау. Осыдан 4 жыл бұрын басталған допинг дауын Бүкіләлемдік допингке қарсы күрес агенттігі қайта қозғады. Осылайша, Ресей спортшыларының басына қара бұлт үйірілді. WADA ресми түрде Ресейдің халықаралық спорттық сайысқа қатысу құқығынан 4 жылға шеттетілетінін хабарлады. WADA үстіміздегі жылдың қа­ра­ша айында Ресейдің анти­до­пингтік агенттігін Бүкілә­лемдік допингке қарсы күрес кодексінің талаптарына сай келмейтінін мәлімдеп, Мәс­кеудегі зертхана жұмысына теріс баға берген бо­латын. WADA сарапшылары­ның мәлімдеуінше, зертханада жа­салған тексерулер нәтижесі өз­гертілген. Айта кетейік, 2015 жыл­дың қараша айында WADA Ре­сейді антидопингтік ережені бұз­ғаны үшін айыптап, Мәс­кеу­дегі зертхана жұмысын тоқ­татқан болатын. Тіпті сол жылы «РУСАДА ұйымның кодексі­не сай жұмыс жасамады» деген үкім шы­ғарды. Арада бір жыл өткенде, яғни 2016 жылы канадалық заңгер Ричард Макларенның Ресей спор­тындағы допинг туралы баяндамасының екі бөлімі жарияланып, күллі әлемнің назарын қайта Ресейге аудартты. Осыдан кейін WADA «РУСАДА» жұмысына күдіктене қарап, агенттік жұмыстарын зерттеп-зерделеуге шындап кірісті. Алайда 2018 жылдың қыркүйек айын­­да Бүкіләлемдік допингке қарсы күрес агенттігі «РУСАДА»-ға бұрынғы статусын қайтарып берді. Бірақ Ресей антидопингтік агенттігінің қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Биыл «РУСАДА» жұ­мысы тағы да күдікке ілініп, WADA қайтадан тексеріс бастады. Өткен аптаның басында WADA бірауыздан шешім шығарып, Мәскеудегі антидопингтік агенттіктің кодекс ережелерін сақтамағаны үшін Ресейді халықаралық додадан сырт қалдырды. Енді Ресей 4 жыл аралығында ешқандай ха­лықаралық жарысты өз жерінде өткізе алмайды. Ал Ұлттық олим­пиада комитетінің басшы­лығы Ресей командаларының ірі турнирде де бой көрсете алмайтынын хабарлады. Оның ішінде олимпиадалар мен паралимпиа­далық ойындар да бар. Мұндай сайыстарға еш күдікке ілінбеген ресейлік атлеттер қатыстырыла­ды. Бірақ олар Ресей туы астында өнер көрсете алмайды. Әрине, WADA-ның мұндай шешімімен Ре­сей тарапы келісуге құлықты емес. Ресей президенті Владимир Путин WADA-ның шеші­мі­нің тегін еместігін алға тартуда. Оның айтуынша, бүкіл спорт­шы­ларды жазалаудың түбінде әлемдік спорттағы тазалықты сақтау емес, спорт пен олимпиа­далық жұмыстарға қатысы жоқ саяси астар жатыр. Ресей басшысы Мәскеудің WADA шығарған шешімге қарсы сотқа арыздануға құқылы екеніне сенімді.  «Бүкіл спортшыларды жазалау дұрыс емес. Қабылданған шешім күдік­ке ілінбеген спортшыларға еш әсер етпеуі керек. Мұны бәрі де тү­сінеді. Менің ойымша, WADA мамандары да мұны жақсы түсі­ніп отыр», – деді Владимир Путин. Бұған дейін WADA Мәскеу зерт­ханасында жасалған допинг сынамаларды қайта тексерген болатын. Ал сейсенбі күні сол тек­серіс нәтижесіне сай 15 іс «РУСАДА»-ға жіберілді. Әзірге 15 іске қатыс­ты спортшылардың есімі аталмады. Қайта тексеру жұмысынан кейін мұндай есімдер қатары­ның тіпті де арта тү­сетіні анық. Бірақ олардың қай спортшыға қа­тысты екенін жақын арада бі­ле алмаймыз. «РУСАДА» бас­шы­лығы мұны ашып айтты. Тіп­ті қазіргі атал­ған 15 спорт­шы­ның өзі 2020 жыл­дың басында ғана белгілі бол­мақ. WADА таратқан ресми мәлі­метке сүйенсек, Мәскеу зертханасында жасалған тексерулер ке­зінде күдікке ілінген 145 спорт­­шының нәтижелері өзгер­тілген, тіпті кейбірі жойылған екен. «РУСАДА» WADA-ның мұн­дай шешімімен келісіп отырған жоқ. Бүгін Ресей допингке қарсы күрес агенттігі бақылау кеңе­сінің отырысы өтеді. Дәл осы жиын­да Ресей агенттігінің WADA-ның шешімін қабылдай­ты­ны, болмаса келіспейтіні нақ­ты белгілі болуы тиіс. Алайда қазір­дің өзінде «РУСАДА»-ның WADA шешімін қабылдаудан бас тартатыны анық аңғарыла­ды. Өйткені Ресей президенті Владимир Путиннің өзі WADA ше­ші­мі­мен келіспейтінін  айтып отыр. Тіпті бақылау кеңесі бұл ше­шіммен келіскен күнде де Ха­лық­аралық олимпиада және пара­лимпиада комитеті, Ресей­дің олимпиада және пара­лим­пиадалық комитеті, сондай-ақ халықаралық федерациялар қарсы болуы мүмкін деген де пікір бар. Бірақ Халықаралық олимпиада комитетінің президенті Томас Бах WADA шешімін қолдап отырғанда, өзгелердің санкцияға қарсы шыға қоюы екі­талай. Оның үстіне, Халық­аралық олимпиада комитетіне қарасты спортшылар комиссия­сының мәлімдемесі де бұл сөзімізге дәлел. «Біз Ресей билігі­нің допингке қатысты дауды жасырып-жабуға тырысқанын қатаң сынға алып отырмыз. Және WADA атқарушы коми­те­тінің бірауыздан қабылдаған шешімін қолдаймыз. Оның ішінде осы мәселеге қатысы бар мем­ле­кеттік шенеуніктер, атлеттер және олардың өкілдерін жа­залау қажет» деп мәлімде­ген еді Халықаралық олимпиада комитетінің спортшылар комиссиясы. Сарапшылардың сөзіне сенсек, Ресей спортындағы допинг дауы бүгін-ертең аяқтала қой­ма­сы анық. Тіпті бұл даудың То­кио­дағы Олимпиада ойындарына дейін де тамамдалмауы бек мүм­кін.