Аз қаржымен де көп іс тындыруға болады
Аз қаржымен де көп іс тындыруға болады
Елордада Нұр-Сұлтан қаласының 2019 жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларына арналған баспасөз конференциясы өтті.
Шаһар басшысы бас қалада педагог саны аздық етіп отырғанын айтып, оның шешімін табу жолдары қалай жүргізіліп жатқанын, сондай-ақ жекеменшік балабақшалар туралы сөз қозғады. – Маман тапшылығы мәселесінің де бар екенін жасырмаймыз. Қазір елордамызда 17 мың педагог қызмет етеді, тағы 170 мұғалім жетіспейді. Ал педагогикалық мамандықтар бойынша әкімдік грантына ие болған 300 студент 3-4 жылдан кейін қала мектептерінде еңбек етеді. Оған қоса, мемлекеттік тапсырыспен Педагогикалық колледжде 800 бала оқиды, 90 пайыз түлегі өз мамандықтары бойынша жұмыс істейді, – деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов. Қала әкімі Нұр-Сұлтан қаласында 26 мың студент 32 колледжде білім алып жатқанын тілге тиек етті. Шаһар басшысының сөзінше, бұл колледждердің 23-і жекеменшік. Бас-аяғы 76 мамандық бойынша мамандар дайындалуда.
Әкім балабақшамен қамту ісіне тоқталды. «Мектепке дейінгі білім беру бойынша елордада 377 балабақшада 56 мың бала тәрбиеленіп жатыр. Ол балабақшалардың 2/3-і – жекеменшік. 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың қамтылуы қазір – 96 пайыз. Соның 42 пайызы жекеменшікпен серіктестік аясында жүзеге асырылуда. Балабақша кезегінде 42 мыңнан астам бала бар. Оның ішінде аса қажет деп мүдделілік танытып отырғаны – 14,5 мың», – дейді Алтай Көлгінов.
Жиын барысында 2021 жылдың соңына дейін 930 орындық 4 бірдей мектепке дейінгі білім беру нысанын іске қосу жоспарланғаны белгілі болды. «Мемлекеттік тапсырыстың нәтижесінде қаржы үнемделіп отырғанын айта кету керек. 96 млрд теңгеге 80 балабақша салудың орнына осы тапсырыстар арқасында жылына 18,5 мың бала үшін 6,5 млрд теңге қаражат кетеді. Яғни, 90 млрд теңге қаржы үнемделеді», – деді елорда басшысы.