Экспорт үшін «жан пида»
Еліміз ет экспортын арттыруды жолға қойғаны рас. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, өткен жылы Қазақстанда 16 мың тонна сиыр етін, 60 тоннадан астам жылқы етін, 3 800 тоннадан астам қой етін экспорттаған. Ал биылғы жылдың алғашқы 3 айының өзінде шетелге 5,4 мың тоннадан астам сиыр еті, 604 тонна қой еті жөнелтілген. Қазақстандық етке негізінен Ресей, Армения, Өзбекстан, Иран, Украина мен Қырғызстан нарығынан сұраныс көп. Алайда ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етпей тұрып, мал етін шекара асырудан ең әуелі қарапайым халық зардап шегіп отырғаны алаңдатады. Осы мәселені жуырда Сауда және интеграция вице-министрі Азамат Асқарұлы көтеріп, Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі әріптестерін түйткілді бірлесе шешуге шақырған еді. «Ауыл шаруашылығы министрлігі экспортқа нақты шектеу қоюы керек. Егер бізге ұсыныс жасаса, біз тиісті шараларды қолға аламыз. Халықтың қажеттілігін нақты есептеп, ең алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етуге жағдай жасау керек», – деген еді министрдің орынбасары. Экспорттың ұлғаюы ішкі нарықтағы өнім бағасын көтеріп жібергенін Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мойындайды. Қарашада Қауіпсіздік кеңесі жанындағы Сарапшылық кеңесінің отырысында Қазақстан Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымов министрден: «Қазақстан экспортты ұлғайтуда. Бұл жақсы әрі дұрыс. Дегенмен көптеген сарапшының, оның ішінде Ұлттық банк мамандарының пікірінше, азық-түлікті сыртқа шығару ішкі нарықтағы бағаның көтерілуіне түрткі болады екен. Мәселен, ет, ұн, жарма… Сіздің ойыңызша, экспорт ішкі нарық бағасына әсер ете ме?» деп сұраған еді. Сапархан Омаров азық-түлік экспорты мен ішкі нарықтағы бағаның арасында байланыс бар екенін жасырған жоқ. «Әрине, ішкі нарыққа экспорттың әсері бар. Мәселен, қазір біз ет экспортын жақсы жолға қойдық. Бұл ретте жасыратын ештеңе жоқ, Өзбекстан біздің етімізді алып жатыр. Сол себепті елде ет бағасы көтеріліп келеді. Бірақ екінші жағынан біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына шектеу қоятын болсақ, мәселен, ет пен ұнға, онда сыртқы нарықты жоғалтып аламыз», – деді министр. Оның алға тартқан дерегіне қарағанда, Қазақстан астық экспортына шектеу қойған кезде сыртқы нарықтың басым бөлігінен айырылып қалған. Демек, министрлік экспорттың екпінін жоғалтпау үшін ішкі нарықтың тұрақтылығын жығып беруді қалыпты құбылыс санайды. Тіпті, мал шаруашылығын ата кәсібі санайтын қазаққа өз өнімін емес, жатжұрттың етін жегізіп, сүтін ішкізуді де әбестік көрмейтін тәрізді. Соңғы 10 жыл бедерінде құрым, жүн өнімдері, ет пен ет өнімдері сынды төрт түлік малдан алынатын өнімдерді шетелден импорттау күшейіп барады. Басқасын айтпағанда, соңғы 3 жылда шетелден әкелінетін жылқы етінің көлемі айтарлықтай көбейген. 2018 жылы елімізге Украина, Парагвай және Беларусь елдерінен – 12 мың тонна сиыр еті, Аргентина мен Уругвайдан – 17 мың тонна жылқы еті, Ресей мен АҚШ-тан 132 мың тонна тауық еті жеткізіліпті. Ресей мен Моңғолиядан 8 мың тоннаға жуық қой етін сатып алдық. Отандық дүкендердің сөресінде самсап тұрған шұжық пен ет өнімдерінің 30 мың тоннасы Ресей мен Беларусьтен әкелінген. Сүт өнімдерінің қорабына үңілсең де, жатжұрттық затбелгілерден көз сүрінеді. Сонда өзгеден ет пен сүт сұрау сайын далада кәсібін дөңгелетіп, төрт түліктен нәсібін тапқан аграрлық елдің абыройына сын болмағаны ма? Кезінде Қазақстанның Кеңес құрамындағы одақтас республикаларға астықпен қоса ет экспорттағаны белгілі. Қойдың саны 36 миллионнан асқан кезең мен қазіргі көрсеткіштің арасы жер мен көктей. Қазір Қазақстандағы қой-ешкінің жалпы саны 20 миллионға жетпейді. Статистика мамандарының дерегіне сүйенсек, елде 8 миллион 200 мың сиыр бар. Қазақ киелі жануар деп жоғары бағалайтын жылқы жануарының саны 3 миллионға да жетпейді. Мал басын көбейтуге күш салмай тұрып Еуразия құрлығының азық-түлік себетіне айналуды жоспарлағанымыз айға қол созумен бірдей емес пе? Тәуелсіздік алған 28 жылда 18 министр ауыстырған аграрлық сала өз қажетімізді өтеуге қауқарсыз болып тұрғанда, өзгенің керегін күйттеуге кірісу асығыс. Жарғанғазы Жаңабеков, кәсіпкер: – Алматы облысының Сарқан қаласында ет саудасын кәсіп қылғаныма 15 жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде тұрақты тұтынушымызды жинап үлгердік. Олардың көңілін қалдырмау үшін үнемі сапалы ет ұсынуға тырысамыз. Алайда соңғы уақытта жемшөптің қымбаттауына байланысты байланған мал бағасы да қымбаттап кетті. Бұрын сиыр етінің келісін 1 300-1 400 теңгеден алсақ, қазір 1 600-1 700 теңгеге көтерілді. Жақсы байланған, семіз малын ешкім арзан бағаға өткізгісі келмейді. Қаншама уақыт бойы төккен тері, мал күтіміне жұмсаған күші мен қаржысы өтелсе дейді. Қымбатқа алған соң біз де етті арзан бағаға сата алмасымыз анық. Сиыр етін 1 800-1 900 теңгеден, жылқы етін семіздігіне қарай 2 100-2 200 теңгеден сатып жатырмыз. Бағаны негізсіз көтеріп жібердің деп ренжіп жатқандар көп. Көтермеске шара бар ма? Таңнан қара кешке дейін суық жерде тұрамыз. Сауда бірде бар, бірде жоқ. Кейде сататын мал таппай, қол қусырып отырып қалатынымыз бар. Бала-шағаның несібесі үшін жүргендіктен еңбегіміз ақталса дейміз. Ғайни Әбдікәрімқызы, Алматы тұрғыны: – Шыны керек, қазір жалақымыздың жартысынан көбі етке жұмсалады. Көбіне сиыр етін аламыз. Бұрын 15-20 мың теңгеге біраз ет алуға болатын еді. Қазір бір жапырақ еттің өзі 4-5 мың теңгеге шығып кетеді. Оны үнемдеп жегеннің өзінде екі-ақ күнде тауысасың. Қазақпыз ғой, тамақтың ішінде қызыл жүрмесе, ішкеніміз бойға сіңбейтіндей көрінеді. Етсіз ас істесек, үйдегі ер адамдар сүйсініп ішпейді. Үнем болсын деп арасында тауық етін алушы едік, қазір оның өзі 900 теңгеге жетіп жығылды. Бір-екі сирағын алсаң, 2 000 теңгеге барады. Сатушылардан бағаның неге сонша көтеріліп кеткенін сұрасаң, «өзіміз де қымбатқа алып отырмыз, доллар бағасы көтеріліп кетті» деп байбалам салып шығады. «Құдай-ау, етке доллардың не қатысы бар?!» деп біз күңкілдейміз. Үйге келіп, әлгі тауықтың қаптамасына қарасаң, сырттан әкелінген өнім екенін көресің. Қу долларға телінген заман-ай...