Қазақ ет жемейтін болған ба?

Қазақ ет жемейтін болған ба?

Қазақ ет жемейтін болған ба?
ашық дереккөзі
Ежелден жылқының етін жеп, қымызын ішпесе бойына қуат дарымайтын елдің бүгінгі ұрпағы да дастарқаннан әуелі ет іздейді. Бірақ нарық билеген қазіргі заманда қызылды күнде жеуге көптің қалтасы жұқа. Статистика комитетінің дерегіне сүйенсек, елімізде соңғы 1 жылда ет бағасы 15 пайызға қымбаттаған. Бағаның күрт көтерілуі Қазақстанда ет жейтіндердің қатарын азайтты. Айталық, биылғы жылдың екінші тоқсанында жан басына шаққанда желінген еттің көлемі 2 пайызға құлдыраған. Орта есеппен бір қазақстандық 19,1 келі ет тұтыныпты.  Жан басына шаққандағы ет және ет өнімдерінің көп бөлігін Қарағанды облысының тұрғындары (22,8 келі) жесе, екінші орында – Алматы (22,5 келі), үшінші орында — Атырау облысының тұрғындары (22,4 келі). Мамандардың айтуынша, шаңырақта адамдар саны көбейген сайын ет тұтыну көлемі соғұрлым азаятын көрінеді. Мәселен, екі мүшесі бар отбасыларда әр адам орта есеппен 27 келі ет тұтынса, үш адам – 21,6 келі, төрт адам – 17,5 келі, бес және одан көп мүшесі бар отбасыларда жан басына шаққанда 14,6 келі ет және ет өнімдері желінген. Сарапшылардың пікірінше, көпбалалы шаңырақтар басқа шы­ғындардың көптігіне байланысты етті үнемдеп жеуге тырысады. Отба­сы­ның өзге қажеттілігіне қаржы жету үшін мал етінің орнына құс етін тұтынатындар, еттен мүлдем бас тар­туға мәжбүр болғандар да көп. Әлем­дегі етті көп тұтынатын мемле­кет­тер тізімінде жыл өткен сайын төмен түсіп бара жатқанымыз сон­дық­тан. Бүгінде бұл тізімде Люксембург көш бастап тұр. Бұл елдің халқы жылына жан басына шаққанда 125 келі мал етін жейді екен. Одан кейін­гі орында АҚШ – 123 келі. Үштікті 122 келі көрсеткішпен Австралия түйін­дейді. Демек, қазақтардың ет жеу жөнінен қасқырдан кейінгі екінші орын алатыны туралы әзіл әңгі­ме­нің шындыққа қатысы аздау. Жаңа Зе­ландияның төртінші орын алуы заң­дылық, мал шаруашылығы жақсы да­мыған, жері кең, жайылымы жеткі­лікті, импортты жолға қойған. Ха­лық саны 5 миллионға жетпейтін ел­де 40 миллионнан астам қой, 9 мил­лион бастан асатын сиыр бағы­лады екен. Испания, Израиль, Франция аядай аумақта орналасқан мемлекеттер де біздің алдымызда. Оның үстіне бұл елдер мал етінен бөлек құс етін, теңіз өнімдерін ең көп тұты­на­тындар тізімінде жоғары орында. Қазақстан халқы етсүйер ел­дер­­дің алғашқы ондығына енеді. Статистика комитетінің хабарлауынша, біз­дің халық жылына жан басына шақ­қанда орта есеппен 78 келі мал еті мен ет өнімдерін тұтына­ды. Бұл – Люк­сембург, АҚШ, Жаңа Зеландияда желінетін ет көлемінен екі еседей төмен көрсеткіш. Қалта көтерсе, қол жетсе, қазақ ет жеуден бас тартсын ба? Зама­нында Абайдың өзі: «Аш қарын жұбана ма майлы ас жемей, тоқ тұра алмас дәм­діден дәмді іздемей. «Бір тойған – ша­ла байлық» деген қазақ, ет көрінсе қай­теді күйсей бермей» де­меп пе еді? Өз­герген қазақтың тә­беті емес, на­рығы. Жалақысы түссе, базарға жү­гі­ре­тін халықтың қалтасы­на бір асым ет алудың өзі айтарлық­тай салмақ түсіреді. Былтыр сиыр еті­нің келісі 1 520 теңгенің төңіре­гін­де болса, биыл 175 теңгеге қым­бат­таған. Жылқы еті был­тырғы 1 800 тең­геден 2 000 тең­геге көтерілген. Қой­дың еті де 1 450 теңгеден 1 680 тең­геге жеткен. Тіпті, тауық­тың си­ра­ғы да 1 жылда 18,6 пайыз­ға қым­бат­тап, 900 теңгеге же­тіп жығыл- ды. Ет бағасының өсуі, әсіресе елі­міз­дің ірі қалаларының тұр­ғындарына қиындық тудырды. Алматыда сиыр етінің құны 25,8%-ға, Шым­кентте – 24%-ға, Түркістанда – 23,4%-ға, Нұр-Сұл­танда 13,4%-ға қым­баттады. Елор­да базарларына жыл­қы етін өт­кізетін Ақмола облы­сының тумасы Тимур Айшуақовтың айтуынша, ет бағасының өсуіне жол шығынының көбеюі және жемшөп құнының қым­баттауы әсер еткен. «Қызылту ауы­лы­нан мал бордақылап, Нұр-Сұл­танға әкеліп өткіземін. Тап­сы­рыс­қа қарай аптасына бір-екі рет келемін. Жылқы етінің келісін саудагерлерге 1 800 тең­геден өткіземін. Бұл – көтерме баға. Салмағын өл­шейміз де, тұтастай сатамыз. Мә­селен, тайлар 320 000-360 000 тең­ге болса, байталдар 400 000 теңге, тіпті 420 000 теңгеге дейін шығып жатады. Бағаны өсіріп жі­бердіңдер деп ренжитіндер көп. Қа­зір мал байлау оңай емес. Жем қым­баттады. Тоннасына 60-80 мың тең­геге дейін сұрайды. Малды алып ке­ле­тін көлігіміз сумен жүрмейді, жа­нармай бағасы да ар­зан­дап жат­қан жоқ. Бұдан бөлек, зертханадан анықтама алу үшін де қал­тадан шы­ғын шығады. Осыдан кейін бағаны көтермегенде қай­теміз?», – дейді Ти­мур Айшуақов. – Шаруалар өз бағасын түсірме­ген соң шығынға батпас үшін біз де ет бағасын қымбаттатуға мәжбүр бол­дық, – дейді елордалық саудагерлер. Олар жылқы етінің келісін 1 800-1 900 теңгеден қабылдап алады да, 2 300-2 500 теңгеден сатады. 10 жылдан бері ет саудасымен айналысып жүр­­ген Мейрам Ақшаловтың сөзін­ше, баға қаншалықты өссе де сауда азай­маған. «Қазақ ет жемесе қазақ бола ма?! Қа­­рызданып-қауғаланса да, басқа қа­­жеттіліктерін ысырып қойса да, ет­­сіз отырмайды. Сондықтан сауда сая­бырсыған емес. Мамыр айында шаруаларда соятын мал қат болып, на­рықта ет азайып кеткен еді. Сұ­ра­ныс жоғары болғасын баға көте­ріл­ді. Со­дан бері арзандамай келеді. Елорда ба­зарларында сатылатын еттің басым бөлігі – «шымкентский». Ол жақ­та Қарабұлақ деген жер бар. Олар малды көп байлайды. Қазақстанның жар­тысы Қарабұлақтың етін жейді. Жал­пы, елде ет бұрынғыдай көп емес. Сапалы еттің бәрі экспортқа ке­тіп жатыр деп естиміз», – дейді сату­шы.

Экспорт үшін «жан пида»

Еліміз ет экспортын арттыруды жол­ға қойғаны рас. Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің мәлі­метін­ше, өткен жылы Қазақстанда 16 мың тонна сиыр етін, 60 тоннадан астам жылқы етін, 3 800 тоннадан ас­там қой етін экспорттаған. Ал биыл­ғы жылдың алғашқы 3 айы­ның өзінде шетелге 5,4 мың тоннадан астам сиыр еті, 604 тонна қой еті жөнелтілген. Қазақстандық етке негізінен Ресей, Армения, Өзбекстан, Иран, Украина мен Қырғызстан нары­ғынан сұраныс көп. Алайда ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етпей тұрып, мал етін шекара асырудан ең әуелі қарапайым халық зардап шегіп отырғаны алаңдатады. Осы мәселені жуырда Сауда және интеграция вице-министрі Азамат Ас­қарұлы көтеріп, Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі әріптестерін түйт­кілді бірлесе шешуге шақырған еді. «Ауыл шаруашылығы министрлігі экспортқа нақты шектеу қоюы керек. Егер бізге ұсыныс жасаса, біз тиісті ша­раларды қолға аламыз. Халықтың қа­жеттілігін нақты есептеп, ең алдымен ішкі нарықты қамтамасыз етуге жағдай жасау керек», – деген еді ми­нистрдің орынбасары. Экспорттың ұлғаюы ішкі на­рық­тағы өнім бағасын көте­ріп жібергенін Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров мойындайды. Қарашада Қауіпсіздік кеңесі жанындағы Сарапшылық кеңесінің оты­рысында Қазақстан Президен­ті­нің көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Қалмұханбет Қасымов министрден: «Қазақстан экспортты ұлғайтуда. Бұл жақсы әрі дұрыс. Дегенмен көптеген сарапшының, оның ішінде Ұлттық банк мамандарының пікірінше, азық-түлікті сыртқа шы­ғару ішкі нарықтағы бағаның көте­рілуіне түрткі болады екен. Мәселен, ет, ұн, жарма… Сіздің ойыңызша, экс­порт ішкі нарық бағасына әсер ете ме?» деп сұраған еді. Сапархан Омаров азық-түлік экспорты мен ішкі нарықтағы бағаның арасында байланыс бар екенін жасырған жоқ. «Әрине, ішкі нарыққа экспорттың әсері бар. Мәселен, қазір біз ет экс­пор­тын жақсы жолға қойдық. Бұл рет­те жасыратын ештеңе жоқ, Өз­бекстан біздің етімізді алып жатыр. Сол себепті елде ет бағасы көтеріліп келеді. Бірақ екінші жағынан біз ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортына шектеу қоятын болсақ, мәселен, ет пен ұнға, онда сыртқы на­рықты жоғалтып аламыз», – деді министр. Оның алға тартқан дерегіне қарағанда, Қазақстан астық экспортына шектеу қойған кезде сырт­қы нарықтың басым бөлігінен айы­рылып қалған. Демек, министрлік экс­­порт­тың ек­пінін жо­ғалтпау үшін ішкі нарық­тың тұрақ­ты­лы­ғын жы­ғып беруді қалыпты құ­бы­­лыс санайды. Тіп­ті, мал шаруа­­шы­лығын ата кәсібі санай­тын қазаққа өз өнімін емес, жат­жұрттың етін жегізіп, сүтін іш­кізуді де әбестік көрмейтін тәрізді. Соң­ғы 10 жыл бе­дерінде құрым, жүн өнім­дері, ет пен ет өнім­дері сынды төрт түлік малдан алынатын өнім­дерді шетелден импорттау күшейіп барады. Басқасын айтпағанда, соңғы 3 жылда шетелден әкелінетін жылқы етінің көлемі айтарлықтай көбейген. 2018 жылы елімізге Украина, Парагвай және Беларусь елдерінен – 12 мың тонна сиыр еті, Аргентина мен Уругвайдан – 17 мың тонна жылқы еті, Ресей мен АҚШ-тан 132 мың тон­на тауық еті жеткізіліпті. Ресей мен Моңғолиядан 8 мың тоннаға жуық қой етін сатып алдық. Отандық дү­кен­дердің сөресінде самсап тұрған шұжық пен ет өнімдерінің 30 мың тоннасы Ресей мен Беларусьтен әкелінген. Сүт өнімдерінің қорабына үңілсең де, жатжұрттық затбелгілерден көз сүрінеді. Сонда өзгеден ет пен сүт сұрау сайын далада кәсібін дөң­гелетіп, төрт түліктен нәсібін тап­қан аграрлық елдің абыройына сын болмағаны ма? Кезінде Қазақстанның Кеңес құрамындағы одақтас рес­пуб­ликаларға астықпен қоса ет экс­порттағаны белгілі. Қойдың саны 36 миллионнан асқан кезең мен қазіргі көр­сеткіштің арасы жер мен көктей. Қазір Қазақстандағы қой-ешкінің жалпы саны 20 миллионға жетпейді. Ста­тистика мамандарының дерегіне сүйенсек, елде 8 миллион 200 мың сиыр бар. Қазақ киелі жануар деп жо­ғары бағалайтын жылқы жануа­рының саны 3 миллионға да жетпейді. Мал басын көбейтуге күш салмай тұрып Еуразия құрлығының азық-түлік себетіне айналуды жоспарлаға­нымыз айға қол созумен бірдей емес пе? Тәуелсіздік алған 28 жылда 18 ми­нистр ауыстырған аграрлық сала өз қажетімізді өтеуге қауқарсыз болып тұрғанда, өзгенің керегін күйт­теуге кірісу асығыс.   Жарғанғазы Жаңабеков, кәсіпкер: – Алматы облысының Сарқан қа­ласында ет саудасын кәсіп қыл­ғаныма 15 жылдың жүзі болды. Осы уақыт ішінде тұрақты тұтынушы­мыз­ды жинап үлгердік. Олардың көңі­лін қалдырмау үшін үнемі сапалы ет ұсы­нуға тырысамыз. Алайда соң­ғы уақытта жемшөптің қымбат­тауына байланысты байланған мал бағасы да қымбаттап кетті. Бұрын сиыр етінің келісін 1 300-1 400 теңге­ден алсақ, қазір 1 600-1 700 теңгеге көтерілді. Жақ­сы байланған, семіз малын ешкім арзан бағаға өткізгісі келмейді. Қаншама уақыт бойы төк­кен тері, мал күтіміне жұмсаған күші мен қаржысы өтелсе дейді. Қымбатқа алған соң біз де етті арзан бағаға сата алмасымыз анық. Сиыр етін 1 800-1 900 теңгеден, жылқы етін семіздігіне қарай 2 100-2 200 теңгеден сатып жа­тыр­мыз. Бағаны негізсіз көтеріп жібер­дің деп ренжіп жатқандар көп. Көтер­меске шара бар ма? Таңнан қара кешке дейін суық жерде тұра­мыз. Сауда бірде бар, бірде жоқ. Кей­де сататын мал таппай, қол қусырып отырып қалатынымыз бар. Бала-шағаның несібесі үшін жүргендіктен еңбегіміз ақталса дейміз.   Ғайни Әбдікәрімқызы, Алматы тұрғыны: – Шыны керек, қазір жалақымыздың жартысынан көбі етке жұм­салады. Көбіне сиыр етін аламыз. Бұрын 15-20 мың теңгеге біраз ет алуға болатын еді. Қазір бір жапырақ еттің өзі 4-5 мың теңгеге шығып кетеді. Оны үнемдеп жегеннің өзінде екі-ақ күнде тауысасың. Қазақпыз ғой, тамақтың ішінде қызыл жүрмесе, ішкеніміз бойға сіңбейтіндей көрінеді. Етсіз ас істесек, үйдегі ер адамдар сүйсініп ішпейді. Үнем болсын деп ара­сында тауық етін алушы едік, қазір оның өзі 900 теңгеге жетіп жығылды. Бір-екі сирағын алсаң, 2 000 теңгеге барады. Сатушылардан бағаның неге сонша көтеріліп кеткенін сұрасаң, «өзіміз де қымбатқа алып отырмыз, доллар бағасы көтеріліп кетті» деп байбалам салып шығады. «Құдай-ау, етке доллардың не қатысы бар?!» деп біз күңкілдейміз. Үйге келіп, әлгі тауықтың қаптамасына қарасаң, сырттан әкелінген өнім екенін көресің. Қу долларға телінген заман-ай...