Жаңалықтар

Рауан Кенжеханұлы: Білім беру саласы уақытпен бірге жылдам өзгеріп отыруы қажет

ашық дереккөзі

Рауан Кенжеханұлы: Білім беру саласы уақытпен бірге жылдам өзгеріп отыруы қажет

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алынған маңызды жобалардың бірі – «100 жаңа оқулық». Қазақ жастарына өз тілінде терең білім алуға жол ашуды көздеген жобаның арқасында еліміздің оқу орындары гуманитарлық білімнің түрлі бағыттары бойынша әлемнің ең үздік 47 оқулығына қол жеткізіп үлгерді. Бұдан бөлек, аталған жобаны жүзеге асырып жатқан «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры қазақ әдебиеті жауһарларын әлемнің негізгі 6 тіліне аудару ісін де зор жауапкершілікпен қолға алған. Алайда соңғы уақытта қордың жұмысына сын көбейіп, мемлекет бөлген қаражаттың мақсатты жұмсалғанына күмән келтіргендер болды.  Мәселенің мән-жайын «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенже­ханұлынан сұрап білген едік.  – Жуырда белгілі қоғам белсендісі Бақытжан Бұхарбай «Ұлттық ау­дарма бюросына» бөлінген қар­жы­ның есебін сұрап, сізді пікірталасқа ша­қырған еді.  Сол кездесуде сіз кел­тір­ген дерек пен дәйек күмәнді жұрт­ты қанағаттандырды  ма? Заңды жұ­мыс істеп жатқандарыңызға көп­шілік­тің көзін жеткізе алдыңыз ба? – Бұл ауқымды және маңызды қоғамдық жоба, сондықтан атқарылып жатқан жұмысқа қатысты жан-жақты және толық ақпарат беру – міндетіміз. Біз бірінші күннен жұмысымызды ашық жүргізіп келеміз. Қоғамдық ұйымның жетекшісі және кешегі журналист ретінде бұл мен үшін өте маңызды. Сұрағыңызға келер болсақ, сіз атаған кездесуді пікірталас деу артық болар. Ба­қытжан Бұхарбай біз өткізген баспасөз мәс­лихатынан кейін пайда болған қо­сымша сұрақтарға жауап беруді өтінді. Кез­дестік, барлық сұраққа жауап берілді. Жауап­сыз қалған сұрақ жоқ. Негізгі сұрақ оқулық аударуға бөлін­ген қаражат туралы болатын. Әр тиынның есе­бін беруге дайынбыз. Баршаға түсінікті болу үшін шығарылған әр кітапқа қанша қар­жы жұмсалғанын тағы бір атап өтейін. Оқулық авторларынан оны қазақ ті­лі­не аударуға рұқсатты сатып алу, ғы­лыми аударманы ұйымдастыру, кітапты басып шығару және 132 жоғары оқу орнына жеткізуді қоса санағанда бір кі­тап­тың құны – 3 860 теңге. Әр оқулық­тың орташа көлемі – 600 бет. Түпнұсқа тілінде бұл оқулықтардың орташа бағасы – 30 доллар. Арасында бір данасы 230 дол­лар­ға дейін баратын ерекше қымбат кітаптар да аз емес. Алайда осы жобаның арқасын­да әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері пайдаланатын осындай оқулық­тар біздің барлық оқу орындары мен сту­денттерге тегін жетті. Ал оны қазақ тіліне аударып, басып, таратуға кеткен қа­ра­жат бір данасына 10 доллардан тө­мен. Сондықтан біз бұл жұмысты және оның басы-қасында жүргенімізді мақтан тұ­тамыз. Біле білген адамға бұл біздің та­рих­та теңдесі жоқ білім мазмұнының жаңаруы. Шын мәніндегі рухани жаң­ғыру. – «100 жаңа оқулық» жобасы қол­ға алынғалы бері 47 кітап аударылып, еліміздің жоғары оқу орындарына таратылыпты. Аударманың са­пасына ұстаздар мен студенттердің көңілі тоқ па? – Бізге келіп жатқан пікірлер жақсы. Бі­рақ біз оған тоқмейілсімейміз. Ұдайы ау­дарма сапасын арттыруға, кітапты жақ­сартуға тырысамыз. Бұл жұмысқа қазір 300-ден аса маман атсалысуда. Аударылып жатқан әр оқулыққа тиісті сала бойын­ша ең тәжірибелі әрі беделді ға­лым-мамандарды шақырамыз. Кез келген аудармаға объективті баға беру қиын. Ол талғам мәселесі. Аударма са­пасы негізінен сол аударманы жасаған, ғы­лыми және әдеби редакцияға қатысқан ма­мандардың деңгейімен анықталады. Әр оқулықты аударып, баспаға дайын­дауға бірнеше адам қатысады. Олар бірін-бірі тексеріп, мәтінді жетілдіреді. Жекелеген, мәселен «Экономикс» секілді кө­лемді, күрделі оқулықтарды дайындауға 20 адамға дейін қатысты. Олардың дені ға­лым-ұстаздар. Басуға жіберердің алдын­да әр оқулық тиісті оқу орнының маман­данған кафедрасында талқылаудан өтеді. Ал Өзбекстанға келер болсақ, біз был­тыр­дан бері осы елдің білім министрлігі­нің қолдауымен Ташкент қаласының мектептерінде пилоттық жоба жүргізіп келеміз. Олар біздің мазмұнды қазақ, орыс және ағылшын тілінде пайдаланып отыр. Ұстаздар мен оқушылардың және ата-аналардың біздің контент жайлы пікірлері өте жақсы. Енді оны өзбек тіліне аударуға кірісеміз. Нақты қай өнім екенін көргілеріңіз келсе, BilimLand.kz сайтын қарауға болады. Мұнда 40 мың­нан аса электронды оқыту ресурстары жасалып, жинақталған. Экспортқа шық­қан өнім – білім беру мен технологияларды ұштастыра отырып дайындалған білімнің жаңа мазмұны. – «100 жаңа оқулық» жобасы аясында қолға алынған үлкен жобалар­дың бірі – онлайн курстар. Сол курстармен танысқан ұстаздардың бірі Фейсбукта жобаның кемшіліктерін көр­сетіп, оларды жоюға қатысты тұ­шым­ды ұсыныстар айтқан екен. Мұн­дай пікірлер ескеріле ме? – Қоғамдық жоба болғаннан кейін түрлі пікір айтылуы да заңды. Алайда әлеуметтік желі арқылы пікір айту қиын емес, ал ол пікірді мамандармен бірге оты­рып талқылауға дайын болу басқа. Біз ондай талқыға дайынбыз. Әлемнің ең жақсы оқулықтарының негізінде, елі­міздің ең мықты деген оқытушы­лары­ның қатысуымен видео лекциялар жасалып, оларды қашықтан оқыту курстарына айналдыратын қосымша әдістемелік материалдар дайындалып жатыр. Студенттер сапалы курстар тыңдай алады, өз бетімен оқығысы келетін адамдар да аз емес. Оларға да білім алуға жол ашылады. Бұл бастаманың мақсаты – білімнің са­пасы мен қолжетімдігін арттыру. Онлайн курстар негізінде Қазақстанның ашық университеті жасалады. Бұл неге қажет? Қазір 30 мыңға тарта қазақ­стан­дық жас шетелдік онлайн университетке тіркеліп, қашықтан білім алуда. Олардың білім сапасын, жұмыс істеу тетіктерін тексеріп жатқан ешкім жоқ. Мұндай оқу орнын бітірген кез келген адам қолына тиген шетелдік онлайн университеттің дипломын заңға сәйкес қазақстандық дипломға теңестіріп алады. Яғни, онлайн оқуға деген сұраныс бар, ол артып келеді. Бірақ біз ел ретінде соған лайықты ұсы­ныс бере алмай отырымыз. Біздің ойымызша, мұндай жаңа үлгідегі оқу орындарына бөлек рұқсат беріліп, олардың қызметі бөлек талаптармен реттелуі тиіс. Ондай талаптар қазір жоқ. Бұл сала өз бетімен дамып жатыр. Онда он мыңдаған қазақстандық жас білім алып жатыр. Бізге сын айтушылар мұны тоқтата ала ма?! Оған менің күмәнім бар. Олай болса, мемлекет бұл саланы реттеуді қолға алуы қажет, ал біз оған көмектесуіміз керек. Егер мұндай қашықтан оқыту плат­формасының қажеттігіне келіссек, оны қалай ұйымдастыру керек деген сұрақ төңірегіндегі ақылдасуға, кеңесуге, күш біріктіруге біз дайынбыз.  – Қазақстандық білім беру жүйе­сінде реформа көп. Министрлік «пә­лен елдің моделі», «түген елдің үлгісі» деп талай жоба ұсынды, алайда орта жол­да қалып қойғаны көп. Көр­сет­кіштердің көбі көзбояушылыққа ұласып кетеді. Бұл еліктегіштіктің кері әсері емес пе? – Меніңше, бұл жай еліктегіштіктен әл­деқайда кең құбылыс. Дүниедегі өзге­ріс­тер жылдамдығы артып келеді. Қазақ­ша айтқанда, кешегі алған білім бүгін іске жарамай қалып жатыр. Өзгерістер жылдамдығы одан бетер күшейе береді. Адамға тұлға және маман ретінде қалып­тасуға, заманға бейімделуге көмектесу үшін білім беру саласы уақытпен бірге жылдам өзгеріп, икемделуі қажет. Сон­дықтан білім берудегі ұдайы өзгерістер мен тоқтаусыз реформаларға бой үйре­туден басқа амал жоқ. Меніңше, оларды реформа деп атаудың енді мәні де жоқ. Ол – даму. Кез келген даму өзгерісті талап етеді. Одан қорқудың қажеті жоқ. Оған үйрену қажет. Жолы болғыш, табысты жеке адам да, компания да, мемлекет те тез арада икемге келгіш, бейімделгіш болуы тиіс. Әрине, ол «өзіңді ұмыт, ұстанымың болмасын» деген сөз емес. Біздің мақсатымыз тәуелсіз ел ретінде даму, әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылу болса, сол мақсатқа жету жолындағы өзгерістерге бейімделуге дайын болу қажет. Осы жерде ескерілуі тиіс бір мәселе бар. БҰҰ-ның тұрақты даму мақсат­тары­нан бастап, түрлі халықаралық білім сапасын тексеретін тесттер, рейтингтер мен стандарттардың барлығы ұлттық білім беру жүйелерін «әлем азаматын» тәр­биелеуге мәжбүрлейді. Ұлттық білім беру жүйелері барын салып, сондай ха­лықаралық талаптарға сай азамат және маман тәрбиелейді. Солардың арасында­ғы ең қабілетті, дарындылары дамыған елдерден шақырту алып, шын мәнінде әлем азаматына айналады. Ал дамушы елдерде ондай шақырту алмаған, орта және төмен дәрежелі мамандар қалады. Бұл әлемде жүріп жатқан таланттар үшін бәсекенің қатал ережесі. Оған қарсы тұру өте қиын. Шекараны жабу немесе адамдарды еркінен тыс ұстау мүмкін емес. Дарынды, аса қабілетті жастарға дамыған елдердегі алпауыт компаниялардан артық ұсыныс жасап, оларды алып қалуға бізде қауқар жоқ. Сондықтан да білім беру жүйесі әлемдегі озық талаптарды ескере отырып, әлем емес, қазақ азаматын қалай тәрбиелейміз деген сұраққа жауап іздеуі керек. Ол анық жауабы жоқ, өте күрделі сұрақ. – Заманауи көзқарас тұрғысынан алғанда білімді адам деген кім? – Білімге, ақпарат пен мәліметке қол жеткізу қазір қиын емес. Интернет пен технологиялар бұл тұрғыдан барлық адамның мүмкіндігін теңестірді. Ниет пен ынта ғана қажет. Бар гәп сол білімді пайдалана алу, жұмсай білуге келіп тіреледі. Білімді дұрыс жұмсап, тиімді пайдалану үшін ұстаным қажет. Анық мақсат болуы керек. Заманауи көзқарас тұр­ғысынан қазіргі ең үлкен қиындық – өмірден мағына таппай, ұстанымсыз, мақсатсыз жүрген адамдар. Алдыңғы сұрақпен сабақтастырар болсақ, қазіргі білім берудің бірінші міндеті – білім беру емес, мағыналы өмір сүре алатын, мақсаты мен мұраты айқын, ұстанымы берік азамат тәрбиелеу. – «Зиялы қауым өкілі» деген анық­тауышты жиі қолданатын болдық. Сіз өзіңізді сол санатқа қосасыз ба? – Егер ол тіркес жай оқыған-тоқы­ғаны бар немесе шығармашылықпен айна­лысатын адамдар туралы болса, өзім­ді ол санатқа қосқым келмейді. Ал егер ұлт пен қоғам алдында жауапкершілік алуға дайын, тәуелсіз мемлекет үшін еңбек етіп, нақты нәтиже көрсетуге дайын орта туралы болса, ондай ортаға қуана қосыламын. – Сұхбатыңызға рақмет!  

Сұхбаттасқан

Анар ЛЕПЕСОВА